Соның бірі – «Қызғалдақтар» фестивалі. Орталық саябақта ұйымдастырылған «Көктем көркі – қызғалдақ» атты фестиваль аясында алматылықтар сан түрлі қызғалдақтарды тамашалады. Саябақ келушілерді атшаптырым аумаққа егілген қызғалдақ кілемімен қарсы алды. Қазақстанда қызғалдақтың 32 түрі өседі, оның ішінде 12 түрі тек біздің еліміздің топырағына тән. Отаны осы жер болып табылатын қырмызы гүлдің орта ғасырлардың өзінде-ақ қыр-бел емес, қыруар ел асып, Нидерланд арқылы өзімізге қайта оралғаны қызғалдақтарды түрі мен түсі жағынан анағұрлым жетілдіріп, бірін-бірі қайталамас сұлулығымен сұқтандыратын тұрпат сыйлаған.
Кілемді гүлзарларымен, арықтарымен, тау өзендерінің сыңғырлаған суымен танымал болған Алматы сияқты гүл қаланың әкімдігі жасыл желекпен көмкеруге, абаттандыруға, безендірудің жаңа технологиялары мен әдіс-тәсілдерінің енгізілуіне, экологияға үлес қосуға жыл сайын қомақты қаржы бөліп отырады. Дәл қазір шаһарды көгалдандыру, гүлмен безендіру науқаны басталып кетті, ал сұлулықпен сәулеттендіру ісінде көктеммен бірге келетін қызғалдақтың орны ерекше. Фестивальға аймақтардан арнайы келген бау-бақша ісінің мамандары көгалдандыру ісінің тәжірибесімен, қызғалдақтарды қолайлы, қатал климаттарда өсіру туралы ойларымен бөлісті. Ғұмыры қысқа болса да, әдемілігімен тамсандыратын қызғалдақ өсіруде бай тәжірибесі бар шетелдік мамандар, атап айтқанда, Түркияның Fsya Lale, Turkuaz Machinery компаниялары Алматы қаласына 50 мың қызғалдақ көшетін сыйға тартты. Нидерландтан, Түркиядан келген гүл өсіру ісінің шеберлері осы шараны ұйымдастырып отырған «Грин Ланд» компаниясының өнімі мен заманауи ландшафт кәсібін дамытуға үлес қосып келе жатқан компания жетекшісі Гүлзада Қалдыбаеваның еңбегіне жоғары баға берді.
Фестиваль аясында қызғалдақтан жасалған композициялар экскурсиясы, көркемөнерпаздар ұжымдары мен белгілі өнер шеберлерінің концерті, ашық аспан астында асфальтта сурет салу, ермексаздан, қағаздан, матадан, теріден қызғалдақтар жасауға үйрететін шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ