– Наталья Павловна, күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. Еліміз енді 1 Мамыр − Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін тойлағалы жатыр. Айтулы осы іс-шаралардың түпкі мақсаты бірдей сияқты. Осыған келісесіз бе?
– Әрине, келісемін. Қазақстан халқының бірлігі күні 1996 жылдан бері мереке ретінде аталып келеді. Ал кешегі өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХV сессиясының тақырыбы «Жаңғыру негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» болды. Ассамблеяның сессиясында да, өткен жылдар ішінде мерекеленген Қазақстан халқының бірлігі күнінде де еліміздегі этностар арасындағы өзара ынтымақ, салтанат құрған бейбітшілік, жарасым тапқан достық барынша сөз етілді. Соның арқасында қол жеткізілген табыстарымыз, бағындырған белестеріміз мысалға келтірілді, болашақта атқарылатын өміршең істер тағы бір сараланып, мақсат-міндеттеріміз нақтыланды.
Бұл мәселелерде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының орны ерекше екенін баса айтқым келеді. Онымен жақынырақ танысқан адамның бойында еліміздің келешегі кемел, бүгінгіден ертеңіміз жарқын болады деген сенімділік орнығатыны анық. Мысалы, мақалада атап көрсетілген алдағы уақытта қазақстандық құндылықтарды қалыптастыру және оны нығайту, ұлттық идеологияны жетілдіру, қоғамдық сананы трансформациялау, тағы басқа да мәселелер қазақстандықтар үшін аса маңызды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа тұрпатты жаңғыртудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу. Міне, осылар қоғамның интеллектуалды дамуына рухани септесуші жаңа бастамалардың тақырыбы болады. Сондай-ақ, ол қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтушы қазақстандық патриотизмге тәрбиелейді.
– Еліміздің халқы Алғыс айту күнін де атап өтіп жүр...
– Мемлекет басшысының Жарлығымен 1 наурыз Алғыс айту күні деп белгіленді. Қазақстан халқы Ассамблеясы да 1 наурызда (1995 жылы) құрылған еді. Ассамблеяның ХХIII сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасымыз 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялау жөнінде ұсыныс білдірген болатын. «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», − деген еді сонда Елбасы.
Бірінші кезекте, бұл күндердегі салтанат ел Президентінің бірлік пен жасампаздықты нығайтуға деген саясатының дұрыстығын көрсетіп тұр. Әуел бастан ұстанған ынтымақ пен береке-бірліктің жемісті нәтижесіне бүгінде барша қазақстандық куә болып отыр. Ал Алғыс айту күнін, бұл қазақ халқына немесе барлық этностардың бір-біріне алғыс айтуы ғана емес, сондай-ақ, оны әр азаматтың өз еліне, өз отбасына және өз туған жеріне алғыс айтуы деп қабылдаған жөн. Алғыс айту күнін атап өту «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыруға және қазақстандық бірегейлікті дамытуға ықпал етеді. Сол себептен де, бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық рухани сананы толықтыруға бағытталған негізгі жобаларының бірі болмақ.
– Бүгінде тіл саясатын жетілдіру және үштілділікті дамыту мәселелері қойылып отыр. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Қоғамды жұдырықтай жұмылдыратын жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім негізіндегі қазақстандық модельдің аталған мәселелерге байланысты өзіндік тәжірибесі бар. Олар ретіне қарай іске асырылып жатыр. Алғашқы кезде мемлекеттік тілді білуге басымдық берілген болса, соңғы жылдары мемлекеттік тіл – қазақ тілімен бірге, орыс және ағылшын тілдерін де меңгеру қажеттігі күн тәртібіне қойылып отыр. Ағылшын тілі мен орыс тілінің неге қажет екенін Мемлекет басшысы талай рет айтқан болатын. Бұлардан бөлек, елімізде өзбек, ұйғыр, татар және басқа бірқатар этностардың өз ана тілдерінде білім алуларына мүмкіндіктері бар. Корей, неміс, ұйғыр театрлары жұмыс істеуде. Бұдан артық қандай қамқорлық, қандай жанашырлық керек?!
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ағылшын тіліне қатысты мынадай ой айтылады: «Жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапа-тармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей». Енді қазақ жазуын біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары қолға алынады. Бұл Қазақстанның әлем мәдениетімен және ғылымымен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді. Екінші жағынан, әлемдік қоғамдастықтың Қазақстан қоғамымен, Қазақ елінің тарихи-мәдени құндылықтарымен, түрлі өнер туындыларымен танысып, болашақта байланыстар жасауына жол ашады.
– Қазақстан қоғамында бейбітшілік пен келісімнің институттық жүйесі нық орнықты деп айта аламыз ба?
– Елімізде бейбітшілік пен келісімді нығайтудың институттық жүйесі жасалған және ол саяси-құқықтық негізде жұмыс істеп келеді. Бүгінде олар өз міндетін тиімді атқаруда деп айтуымызға болады. Мысалы, Ұлт жоспары шеңберінде Ассамблея қоғамдық-саяси үдерістерді тиімділікпен жаңғыртуда және ол реформаларды жүзеге асыруда тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі ресурс болып табылады. Сондай-ақ, қазіргі кезде Ассамблея қызметіне жаңа бағыттар да қосылып отыр. Олар – қоғамдық келісім мен қоғамдық бақылау институттарын дамыту, медитация мен қайрымдылық қызметтерін үйлестіру. Қызметтердің көпшілігі заңнамалық модельдің саяси-құқықтық аспектілерін кеңейтеді. Яғни, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға байланысты кешенді іс-шараларға қатысуға міндеттейді. Қорыта айтқанда, бақ бағалай білгеннің басына қонатынын ұмытпайық, яғни бірлігімізді бағалай білейік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».