Қазақстан • 28 Сәуір, 2017

Инвестиция тартуға ілкімділік қажет

200 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлiгiнде «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеп, бекітуді тапсырған Ұлттық инвестициялық стратегия жобасының таныстырылымы өтті. Жиынды ашып сөз сөйлеген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бұл жұмыстарға халықаралық сарапшылар да тартылып отырғанын жеткізді.

Инвестиция тартуға ілкімділік қажет

«Біз, инвестициялық саясатты өзгертудің қажеттілігін жақсы түсінеміз. Сол себепті саладағы жұмыстың аймақтар­да тұралап қалғанын қаламаймыз. Сондықтан, облыс әкімдерінің инвестициялар жөніндегі орынбасарларымен қосымша кеңестер өткіздік. Кейбір басшылардың осы салада жұмыс істеуге әлі де дайын емес екенін байқадық. Тілді тиісті деңгейде білмейтіндері де көп нәрсені аңғартады. Иә, олардың басқа жұмыстары да жетіп-артылатынын білеміз. Осыған байланысты біз Президент Әкімшілігіне тиісті xат әзірлеудеміз. Инвестиция тарту жұмысын ретке келтіру керек», деді Б.Сағынтаев. Оның айтуынша, шет ел инвестицияларын тартудың бұрынғы жүйесі толығымен өзгертілді. Осы салада арнайы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы құрылды. Ал компанияның директорлар кеңесі Үкімет басшысы деңгейіне дейін көтерілді. Соның өзі инвестициялық саясаттың басымдығын, Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.  

Премьер-Министр жақында АҚШ-та өткен «Шевронның» басшысы Уотсон мырзамен кездесуіне тоқталды. «Ол соңғы жиырма бес жыл ішінде Қазақстан қалай өссе, «Шеврон» да солай дамығанын айтты. Алдағы уақытта компания өз өндірістерін кеңейту аясында 39 млрд доллар көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл – әлем бойынша мұнай-газ саласындағы ең ірі инвестиция», деді Үкімет басшысы.

Басқосуда баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек соңғы бес жылда түбегейлі өзгерген еліміздегі инвестициялар саласындағы заңнама халықаралық талаптарға сай келетіндігін тілге тиек етті. Инвесторлар үшін визалық жеңілдік қана емес, салық, кеден мен рұқсат беру бойынша ыңғайлы жағдайлар жасалған. «Осының арқасында Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing Вusiness» рейтингінде 41-орыннан 35-орынға көтерілді. Ал өткен жылдың қорытындысында елімізге тартылған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 20,6 млрд долларға дейін өскен. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Ол ақшаның басым бөлігі тау-кен, өңдеу кәсібі, электр энергиясымен қамтамасыз ету мен ақпараттық технологияларға салынады», дейді Ж.Қасымбек. Министрдің мәліметінше, Қазақстан экономикасына инвестиция салу жағынан Нидерланд көш бастап тұр. Одан кейін АҚШ, Швейцария, Франция, Қытай мен Ұлыбритания келеді.

Министр шет ел инвестицияларын тартып қана қоймай, оны ұстап қалу қажеттігіне де тоқтады. Реинвестициялар үшін барлық жағдайларды жасау маңызды. Сол үшін биыл маусым айының аяғына дейін Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, инвестицияларды тартудың ұлттық стратегия әзірленбек. Стратегия инвестицияны қайдан, қалай және қай салаға тарту қажет екенін айқындайды. Оның айтуынша,  – «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының бүгінде шет елде және жергілікті жерлерде арнайы бөлімшелері жұмыс істейді. Компания Үкіметтің атынан барлық келіссөздерді жүргізетін болады. Ал компанияның өңірлердегі өкілдері облыс әкімдерінің кеңесшісі қызметін қоса атқарады.

Жиын барысында Дүниежүзілік банктің инвестициялық ахуал мәселелері бойынша кеңсе басшысы Иван Нимак табыс іздеген инвесторлардың Қазақстанға назар аудар­ғаны жөн екенін айтты. «Kazakh Invest» ұлттық ком­паниясы» АҚ басқарма төрағасы Мақсат Қабашев ком­па­ния инвесторларының мемлекеттiк органдармен өзара қатынасы, мiндетi мен мақсаты туралы әңгімеледі.

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар