Осы күнге дейін Президент әлеуметтік-экономикалық саланың дамуын, жаңғыруын талап етіп, бағдарламалық құжаттардың бәрінде олар орнын тапты. Ал бүгін рухани саланың жаңғыру таңы атқаны көрініп тұр. Өз тарапымнан мен рухани жаңғыруды халқымыздың санасында сілкініс тудырып, патриоттық сезімге шоқ тастау деп білемін. Тек саналы адамдар ғана азаттықты бағалап, тәуелсіздіктің туын бекем ұстай алады.
Президенттің бағдарламалық мақаласы әркімге де ой салып, біз тек өз Отанымыз, өз Қазақстанымыз үшін барлық игілікті жасауымыз керек деген пікір тудыратыны күмәнсіз. Әрине, ол үшін ішкі саясат қызметтері белсенді жұмыс істеп, Елбасының мақаласын түсіндіруге талмай кірісуі керек және бұл жұмыс бір реттік, науқаншылықпен шектелмей, үнемі жүргізіліп тұрғаны жөн.
Өз тарапыңнан не істер едіңіз деген сұрақ қойылса, мен өз мүмкіншіліктерімді, өзімнің медиа-құралдарымды пайдаланып, мақаланың маңызын жерлестеріме түсіндіруге тырысып жүрмін. Сондай-ақ, мен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты ретінде біздің Ордабасы ауданы мен Қарағанды облысының Ұлытау аудандарының арасында бауырластық қатынас орнату туралы ұсыныс жасайтын боламын. Өйткені, бұл екі аудан да Қазақ хандығының тарихында өшпес орны бар жерлер. Сөйтіп, мақаладағы туған жердің қадірін ұрпақтарға таратуда бір сүйекті шара жасаған болар едік.
Дулат ӘБІШ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты
ШЫМКЕНТ