28 Сәуір, 2017

Жол салсаң, мол сал

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден кейін әлемдік деңгейдегі айтулы шаралардың бірі – ЭКСПО-2017 Халықаралық көр­ме­сінің де жалауы желбіремек. Яғ­ни, бас қала ел айнасы болса, жол-кө­лік инфрақұрылымы оның беделін арт­тыратын бренді болып табылады. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қа­ла­ның базалық инфрақұрылымын, оның ішінде қала жолдары мен жол ай­рықтарын барынша дамытуға үнемі ба­сымдық беріп келе жатқандығы да сон­дықтан.

Жол салсаң, мол сал

Бұл ретте бас қаламызда соңғы жылдары көше жолдарын күрделі жөндеуден өткізу және жаңа автокөлік жолдарын салу мәселесі біршама оңтайлы шешім тауып келе жатқанын атап айтқан жөн. Соңғы бес-алты жыл көлемінде қала аумағында жол құрылысын жетілдіру бойынша аса ірі жұмыстар атқарылды. Астана қаласының автокөлік жолдары басқармасының хабарлауынша, бүгінгі күні қаланың көше және жол-көлік жүйесі 953 көшеден тұрады, оның жалпы ұзындығы 1049 шақырымды құрайды. Оның ішінде, асфальт-бетон жабуы бар жолдар – 803 шақырым (76,5 пайыз), қатты жабуы жоқ жолдар 246 шақырым (23,5 пайыз). Инженерлік инфрақұрылым нысандарына 8 жолайрық, 17 автокөлік көпірі, 4 жаяу жүргінші көпірі, 9 жол өткелі кіреді. 

Қаланың шеткі аудандарын дамыту аясында тек 2011-2017 жылдар аралығында ғана 101 шақырым жол және 275 шақырым инженерлік желі салынып, пайдалануға берілді. Күйгенжар, Қазақауыл, Пригородный, Қараөткел, Заречный және Промышленный тұрғын алаптарында жол салу жұмыстары аяқталды. Өткен жылы ұзындығы 41 шақырымды құрайтын 57 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 275 көшеде ағымдағы жөндеу жұ­мыс­тары, атап айтқанда, 68 көшеде ба­ғ­дар­лық әдіспен жөндеу, 207 көшеде шұ­ң­қыр­ларды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үс­тіміздегі жылы 6 шақырым жаңа жол құрылысын, 32 шақырым инженерлік желілердің құрылысын салу жұмысы аяқталмақ.

Соңғы уақытта елордамыздың жол-кө­лік инфрақұрылымын жаңғырту мақ­сатында бірқатар маңызды жобалар іс­ке асырылды. Атап айтқанда, «Астана LRT» ЖШС 2014 жылы ITS жобасын пайдалануға ұсынды. ITS жобасы бірнеше кіші жобалық жүйеден тұрады. Олар: бағдаршам нысандарын бейімдеп басқару; жүргізушілерді хабардар ету жүйесі; қоғамдық көлікті диспетчерлік қызметпен қамтамасыз ету жүйесі; жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесі; қаланың автотұрақ кеңістігін ба­қылау жобасы; жол қиылыстарын бейнебақылау жүйесі. ITS жобасы бас қаламыздағы 6 көшедегі 42 реттелетін жол қиылысын автоматты басқаруды жүзеге асырды. Осы жобаны пайдалану нәтижесінде бұл көшелер қиылысының өт­кізу қабілеті мен көлік ағымдарының қоз­ғалыс жылдамдығын орта есеппен 21 пай­ызға дейін арттыруға қол жеткізілді.

«Астана қаласының автотұрақ кеңіс­ті­гін бақылау» жобасының басты мақсаты қаламызда көліктерді тұраққа қоюдың өскелең мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Жасыратыны жоқ, қала көшелерінде қалай болса, солай тұраққа қойылған автокөліктерден аяқ алып жүре алмайсыз. Бұл келеңсіздіктер кө­шеде автокөліктердің жүріп-тұруын қи­ын­датып, жол қауіпсіздігі ережесінің өрес­кел бұзылуына әкеліп соғады. «Ас­тана қаласының автотұрақ кеңістігін ба­қылау» жобасы екі кезеңмен жүзеге асы­рылуда. Бірінші, кезеңде Нұрлы жол бульварында 910 автотұрақ орны қал­ып­тастырылса, өткен жылдың соңына дей­ін қаламызда 9 мың ақылы автотұрақ орны іске қосылды. Түйіндей айтсақ, бұл заманауи жобалардың басты мақсаты – көшелердегі көлік кептелістерін жойып, қала аумағында кедергісіз көлік қа­тынасын қалыптастырып, жол-кө­лік қыз­метінің сапасын арттыруда аста­на­лық­тардың жоғары мәдениетін қалып­тас­тыру болып отыр.

Қазіргі таңда А. Байтұрсынов атын­да­ғы және Ж. Нәжімеденов атындағы кө­шелерде Тәуелсіздік даңғылынан жаңа вокзалға дейін ұзындығы 4,7 шақырымға созылған 6 жолақты жол салынып жатыр. Бұл жаңа жолдың есептік өткізу қабілеті 5,5 мың автокөлікті құрайды. Жаңа вокзалдың алдындағы А82 көшесінде және вокзалдың артындағы А62 көшесінде жолаушыларға барынша ыңғайлы абаттан­дыру жұмыстары жүргізілуде. Көлік стратегиясының тиімділігі тек жол-көлік инфрақұрылымын дамытумен ғана шектелмесе керек. Бұл орайда, қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасының және жолаушыларға көр­сетілетін қызмет сапасының да айрықша маңызы бар екендігі даусыз. Осыған орай, қаламыздағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жолаушыларға барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету жайы барған сайын жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. ЭКСПО-2017 Халықаралық ма­ман­­дандырылған көрмесін өткізу кезінде елі­міздің барлық өңірлерінен келетін жо­лаушылар автобусының тасқыны арта­ды деп күтілуде. Алдын ала жасалған ке­с­те бойынша, бұл кезеңде қаламызға күн сайын 118 жолаушылар автобусы келмек. Жолаушыларға қолайлы жа­ғдай жасау және олардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін қалааралық тасымал жүйесіне төрт көліктік хаб арқылы қыз­мет көрсетілетін болады. Бұл хабтарда (са­пар­жайларда) жолаушыларға жоғары дә­режедегі қызмет көрсетіліп, барынша қо­лайлы жағдай жасалмақ.