Заң жобасымен еліміздің Бюджет кодексіне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) және «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, Ұлттық олимпиада комитетіне 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік тапсырманы алуға және оған қатысуға құқық беруді көздейді. Сондай-ақ, спорт түрлерін саралау жүйесін енгізу ұсынылды. Уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдарға қосымша міндеттер беріледі.
Заң жобасындағы бірқатар ережелер бойынша қызу пікірсайыс өрістеді. Сенаторлар Жабал Ерғалиев пен Әли Бектаев шетелдік легионерлерді тартуға кететін елеулі қаржының шығысына алаңдаушылық білдірді. Депутаттардың айтуынша, аймақтардағы спортты қаржыландыруға бөлінетін қаржының 40-50 пайызы кәсіби футбол топтарына беріледі. Дегенмен, дене шынықтыру және спорт саласындағы футбол мен спорттың кейбір басқа түрлерінің нәтижесі төмен деңгейде қалып отыр.
Біздің еліміздегі легионерлерге бөлінетін қаржының жалпы сомасы туралы депутат Владимир Редкокашиннің қойған сауалына Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбеков нақты жауап бере алмады. Министрдің орынбасары кәсіби футбол клубтары бюджетінің жабықтығын айта отырып, клубтардың мемлекет қаржысы есебінен қаржыландырылатынын жеткізді. Министрлік өкілі спорттың жекелеген түрлері бойынша легионерлерді тарту өзін өзі ақтап отырғанын айтты.
Сенаторлар Жабал Ерғалиев, Әли Бектаев және Серік Бектұрғанов ұлттық спорт түрлерін қолдауға шақырып, облыстардағы дарынды балаларға арналған спорттық мектеп-интернаттарға қалған қаржыны беру үдерістеріне назар аударды.
Пікірсайысты қорытындылай келіп, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова қабылданған ережелер осы саланың айқындығын қамтамасыз ететініне, олимпиадалық және паралимпиадалық қозғалыстарды, ұлттық спорт түрлерін дамытуға жағдай туғызатынына үміт артатынын жеткізді.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»