– Зарина Ғұсманқызы, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының құрылғанына тура екі жыл болды. Бұл көп уақыт емес, бірақ біраз істің басын қайырып тастадыңыздар. Мұны көпшілік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған еншілес ұйым болар деп қабылдап жүрді. Расында клуб тапсырмамен құрылды ма?
– Иә, кейбір білмеген кісілердің осылай ойлап қалатыны бар. Бірақ клубтың кәсіпкерлер палатасына үш қайнаса сорпасы қосылмайды, бұл менің өзімнің жеке бастамаммен, өзіммен пікірлес тағы төрт жас кәсіпкер бірлесіп құрған ұйым. Мүмкін Қазақстанның өзге өңірлерінде жастарды бизнеске тарту үшін жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар бар шығар, одан аса хабарым жоқ, бірақ дәл біз ашқандай, жастарға бизнестің қыр-сырын тегін үйрететін клубтың баламасы әлі жоқ. Облыс әкімдігі немесе бизнес саласындағы қуатты ұйымдардың ешқайсысынан тапсырма, ұсыныс түскен емес. Бірде достық сыйластығымыз бар жас кәсіпкерлер отырып, жастарды кәсіпке тарту жөнінде ойластық. Ойласа келе осы клубты таза қоғамдық негізде, энтузиазммен құруды жөн санадық. Ісіміз тиянақты, заңды болуы үшін оны «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубы» жекеменшік қоры деп тіркеттік. Қордың жалғыз құрылтайшысы өзіммін. Біздің жастарға көрсететін көмегіміздің барлығы тегін, әр аптаның бейсенбісінде жиналып, тренингтер өткіземіз. Келгендерді тіркейміз, олар клубтың мүшесі болып саналады. Қазір олардың қатары 800-ге жетіп қалды.
– Қанша жерден кәсіпкер болсаң да, тегін жұмыс істеу оңай емес қой, белгілі бір мақсаттарың бар ма?
– Мақсат емес-ау, арманымыз да бар. Мақсатымыз – жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау ғана емес, тарату. Ең бастысы, жастар екі қолын қалтасына салып, не істерін білмей бос жүрмесін, кәсіпкерлікке көзі ашылсын деген ой біздікі. Елбасы айтқандай, шағын және орта бизнес экономиканы жандандырудың, халықтың әл-ауқатын көтерудің жолы. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жолдауларында, мақалаларында шағын және орта бизнесті дамыту салалық, өңірлік монополияны жоюдың, нарықта тауарлар мен қызметтерді көбейтудің, жаңа жұмыс орындарын ашу және қоғам тұрақтылығының кепілі болатынын айтып келеді. Тіпті, ол кісінің Германия, Жапония, Бельгия, Италия секілді дамыған елдерде шағын және орта бизнес барлық кәсіпорындардың 90 пайызын құрайтынын да айтқаны жұрттың есінде болар. Енді сол шағын және орта кәсіпкерлікті жастар дамытпаса кім дамытады? Ал біздің жастардың көбінде масылдық психология әлі де жоғары екенін жасырып керегі жоқ. Жастар бүгін кәсіпкерлік ісін ашпаса, сол істі ертең шетелдік келіп ашады. Қазір мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдайды жасап қойды. Тек іздену керек, білу керек.
– Жастармен жұмыс жасайтын мемлекеттік, үкіметтік емес ұйымдар да бар ғой? Сонымен қатар, бизнесті бастауға қаржылай көмек беретін қаржы институттары да бар. Олардан сіздер бастаған жұмыстың айырмашылығы неде?
– Әдетте, олардың көбі «дайын» жастармен жұмыс істейді. Мысалы, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, Жастар саясаты мәселелері басқармасы, кейбір үкіметтік емес ұйымдар студенттерді, онсыз да жастар арасындағы үздік, көшбасшы жастарды тартады. Ал бізге келетін жұмыссыз, өмірден өз орнын таппадым деп жүрген жастар. Оларға біз өзінің нанын табуға, ақша жасауға «ағарту жұмыстарын» жүргіземіз. Қазір аудан, қалалардан таңдаулы жастарды жинап алып, айқайлатып форум, тағы басқа да шуылдатқан шаралар өткізу соншалықты нәтиже береді деп ойламаймын. Онда айтылған мәселелер сол жерде қалады. Ал бізге кәсіпкерлікке қызыққан жастар өздеріне керектіні іздеп келеді. Қазір әр бейсенбіде 30 адамға дейін сабақ өткізуге мүмкіндік таптық. Ең бастысы, біз жастарды шақырмаймыз. Бір-бірінен құлақтанып немесе әлеуметтік желілердегі екі парақшамыздан қарап, өздері келеді.
– «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубы әзір қаладағы жастармен жұмыс істеп отыр екен. Ауыл жастары қамтыла ма?
– Ауыл жастарын қамту жоспарымызда бар. 90-жылдары ата-аналарымыздың көрген қиындығы бүгінгі жастардың, менің құрдастарымның есінде жоқ. Біз ол кезде өмірге енді келдік, бала болдық. Сонымен қатар, бүгінгі ауыл жағдайына байланысты болар, ауылдағы жастарда әлеуметтік қиыншылықтар жоқ емес. Дегенмен, тығырықтан жол табуға болады. Ол үшін ауыл жастарын бизнес туралы жеткілікті ақпараттандыру керек. Оларға ақпарат жетіспегендіктен, істі қалай бастарын білмей салы суға кете береді немесе бастауын бастап, жарты жолдан тастап кетеді. Олардың жүрегіне сенім ұялату өте жақсы жұмыс болар еді. Олар өзіне сенбейді. Біз шалғай аудандардың барлығына баруды ойластырып отырмыз.
– Жақында сіздер өткізген «Бизнес-жәрмеңке» көрмесі ерекше шара болды. Осы жөнінде айтсаңыз.
– Елбасы шағын және орта бизнестің экономиканың қозғаушы күші екенін айтып келеді. Машина жасап, кен өндіріп жатқан ірі кәсіпорындардың орнын жоққа шығара алмаймын, онсыз экономика дамымайды. Бірақ олар көбіне экспортқа, сыртқы экономикалық сұранысқа тікелей тәуелді. Халықаралық қаржы дағдарысы жылдары алдымен ірі кәсіпорындардың қайығы қайырлағаны есімізде. Ал шағын және орта бизнес икемді, экономикалық қиындықтарға төзімділік көрсетеді. Өйткені, ол халық сұранысына жұмыс істейді. Сондықтан жәрмеңке-көрме арқылы жас кәсіпкерлер бірімен бірі таныссын, өндірген өнімдерін көрсін дедік. Тұрғындар біздің жастардың қолынан не келетінін байқасын деп, тұтынушы мен кәсіпкерді кездестіргіміз келген. Біздің жәрмеңке кәсіпкерлерге тегін жарнама да болды. Тағы бір мақсатымыз, бюрократияға «қарсылығымызды» да білдіру еді. Мысалы, біздің «Бизнес-жәрмеңкеде» меморандум, келісімшартқа отыру болған жоқ. Оны керек те еткен жоқпыз. Халықаралық дүркіреп өтетін жәрмеңкелерде жасалатын келісімшарттар, меморандумдардың барлығы бірдей орындалады дейсіз бе? Жоқ! Біздің көрмеге келгендер визит карточкаларын алмаса жетіп жатыр деп ойладық. Егер тауар ұнаса тұтынушы оны қайдан болсын тауып алады.
Сосын тағы бір мақсатымызды айтайын, бұл ең маңыздысы деп те білемін. Біз тұтынушыларды өз өлкемізде, өз елімізде жасалған тауарларды алуға тәрбиелеуіміз қажет. Қостанайлық кәсіпкерлер жасаған жиһаздың Ресейден, Украинадан әкелінгендерден несі кем? Тек импорттық тауардың бағасы қымбат. Мен жақында инновациялық сұлулық салонын ашу үшін ғимарат сатып алдым. Оның жөндеу жұмыстарына тек Қостанайда шығарылған құрылыс материалдарын пайдаланатын боламын. Бізде барлығы да бар. Терезе, есік, тұсқағаз, жиһаз дейсіз бе, осының барлығын да кәсіпкерлер «бизнес-жәрмеңкеге» әкеліп көрсетті. Мен мұнымен өзімнің Қостанайдың патриоты екендігімді көрсетемін әрі анағұрлым арзанға түседі.
– Айтпақшы, өзіңіз қандай бизнеспен айналысасыз? Мамандығыңыз қандай?
– Мен өзім құрған күзет агенттігінің жартылай иесімін. Қостанай қаласындағы сауда орындары, түрлі кеңселер, қоймалар, гараждар, тұрғын үйлер біздің агенттіктің қызметін пайдаланады. Қостанайда пәтер ұрлығы, қоймалардың, гараждардың тоналғаны жиі-
леп кеткенін білген соң осы бизнес түрін ашуға бел байлаған едім. Ойымды іске асырдым. Енді осы бизнестен түскен табысты жинап, әлгінде айтқанымдай инновациялық сұлулық салонын ашуға дайындықты бастап кеттім. Өзім шет ел филологиясы маманымын, ағылшын, неміс тілдерін жақсы білемін. Айтпақшы, біздің клубтағы менің әріптестерім де ағылшын тілін меңгерген. Заңгер мамандығын да игердім. Бизнес заң білуді талап етеді.
Сұхбаттасқан Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ