Алғашқы матчта Қазақстан құрамасы Австрия командасымен күш сынасып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Матчтың бірінші кезеңі жерлестеріміз үшін ойдағыдай өтті. 9-минутта Найджел Доус есеп ашса, араға алты минут салып дубль жасады. Екінші кезеңде австриялықтар қарқындарын күшейтіп, таразы басын теңестіріп кетті. Алдымен, Константин Комарек 25-минутта есеп айырмасын қысқартса, 38-минутта Томас Раффль таблодағы көрсеткішті 2:2-ге жеткізді. Дегенмен, соңғы бөлікте Эдуард Занковец шәкірттері намысқа басып, жеңісті еншіледі. 44-минутта Владимир Маркелов жеңісті шайбаның авторы атанды.
Осыдан кейін отандастарымыз Оңтүстік Кореямен кездесті. Бірақ бұл кездесу сәтті аяқтала қоймады. Қорытынды есеп 2:5.
Кездесудің 8-минутында Қазақстан құрамасы сапынан Брэндон Боченски есеп ашса, 16-минутта Ан Йин Ху таразы басын теңестіріп кетті. Матчтың келесі бөлігінде Найджел Доус мергендігімен танылып, команданы алға шығарған еді. Алайда, соңғы кезеңде оңтүстіккореялықтардың шабуылына қарсылық таныта алмай, айналасы алты минуттың ішінде төрт бірдей гол жіберіп алды. Оларды Алекс Плант (46, 50-минуттар), Шин Сан Хун (47-минут), Ким Кисун (52-минут) салды.
Жерлестеріміз Оңтүстік Кореяда кеткен есені Польшадан қайтару үшін барын салды. Бұл ойында гол соғылатын мүмкіндіктер болғанмен, жалғыз әрі жеңісті гол овертайм кезінде ғана соғылды. Оны 62-минутта Кевин Даллмэн салды. Есеп 1:0, ұлттық құрамамыз жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасы осыдан кейін Украинамен сынға түсті. Төрешінің «ә» дегенінен алға ұмтылған Эдуар Занковец шәкірттері 4-минутта есеп ашып үлгерді. Оны Найджел Доус еншісіне жазды. Кезеңнің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Мартен Сен-Пьер басымдықты арттыра түсті.
Отандастарымыз алғашында тегеурінді көрінгенмен, екінші кезеңде осалдық танытты. Бар-жоғы екі минутта екі бірдей шайба жіберіп алды. 35-минутта Дмитрий Нименко есеп айырмасын қысқартса, бірер минуттан кейін Сергей Бабинец есепті 2:2-ге жеткізді.
Үшінші кезеңде жанкүйерлер жан алысып, жан беріскен ойынның куәсі болды. Қос команда жеңіске жету үшін аянып қалмады. Дегенмен, бұл тұста жерлестеріміз үстем болып, екі шайба соғып кетті. 42-минутта Никита Михайлис Украина қақпасын дәл көздесе, 57-минутта Брэндон Боченски соңғы нүктені қойды. Қорытынды есеп 4:2.
Украина құрамасы осы жеңілісінен кейін дивизиондағы орнын сақтап қала алмады. Олардың еншісінде нөл ұпай. Осы себепті келесі жылы олар 1В дивизионына түседі.
Қазіргі уақытта Австрия 9 ұпаймен топта көш бастап тұрса, дәл осындай ұпаймен Оңтүстік Корея екінші келеді. Үшінші орында – Қазақстан құрамасы, еншісінде 8 ұпай бар. Төртінші – Польша (7 ұпай), бесінші – Венгрия (3 ұпай), алтыншы – Украина (0 ұпай)
Мұндай ірі жарыста әрбір ойынның маңызы жоғары. Әлем чемпионатының элиталық кезеңіне топта бірінші және екінші орын алған командалар ғана шығады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы осыған дейін әлем біріншілігіне сегіз рет қатысқан (1998, 2004, 2005, 2006, 2010, 2012, 2014, 2016).
Биыл әлем чемпионаты Франция (Париж) мен Германия (Кельн) елдерінде 5-21 мамыр күндері өтеді. Бүгінге дейін мұндай ірі жарысты Франция төрт рет өткізсе, Германияда жеті мәрте ұйымдастырылған.