Үкімет • 28 Сәуір, 2017

Премьер-Министр жұмыс сапарымен Алматы облысына барды

105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

​Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттердің жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Алматы облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды primeminister.kz

Премьер-Министр жұмыс сапарымен Алматы облысына барды

Үкімет басшысы АӨК дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуымен және инновациялық технологияларды қолданатын шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. 

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров облыстағы АӨК дамыту және қант қызылшасын, суармалы егіншілікті дамыту бойынша, сонымен қатар сервистік-дайындау цехтарын құру бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы баяндады.

Атап айтқанда, Бақытжан Сағынтаевқа «Нам Г. Н.» шаруа қожалығының үлгісінде суармалы егіншілікте жаңа технологиялардың қолданылуы туралы әңгімелеп берді. Бұл шаруашылықтағы суармалы жер көлемі – 75 га, оның ішінде 25 га жерде қант қызылшасы, 30 га жерге картоп өсіріледі, қалған жерлерге соя және күздік бидай егіледі.

Алматы облысында қант қызылшасын өңдейтін Жетісудағы аса ірі Ақсу зауыты іске қосылған. 2017 жылы аймақта қант қызылшасы егілетін аумақты 9 мың га дейін арттырып, 30 мың тонна қант алу жоспарланып отыр. Бұл облыс халқын 84%-ға өз қантымен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді, бұл 2017-2020 жылдарға арналған АӨК дамытудың мемлектетік бағдарламасының міндеттеріне сай келеді.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Премьер-Министр «Талдықорған» автоматтандырылған газ бөлу стансасына барып, ондағы технологиялық жабдықтармен және магистральді газ құбырын автоматтандырылған басқару жүйесімен танысты, сондай-ақ аймақ пен Талдықорған қаласын газдандыру барысы туралы баяндаманы тыңдады.  

Бақытжан Сағынтаевқа ұзындығы шамамен 265 шақырым болатын «Алматы-Талдықорған» магистральді газ құбыры құрылысының аяқталуы туралы баяндалды. Бұл жаңа газ бөлу стансасын іске қосумен бірге орталықтандырылған газ құбырына Талдықорғанның бірқатар ықшам аудандарын қосуға мүмкіндік берді.

Бақытжан Сағынтаев алғаш рет газ құбыры желісіне қосылған аудандардың бірінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

«Алматы-Талдықорған» магистральді газ құбырының құрылысы – аймақ үшін аса ірі әрі әлеуметтік маңызға ие жобалардың бірі. Оны жүзеге асыру үшін бюджет қаражатынан 21,4 млрд теңге бөлінді.

ҚР Үкіметінің алдында аймақтарды газдандыру деңгейін 2030 жылға қарай 56% дейін жеткізу міндеті тұр. Осыған байланысты қазіргі кезде аталған мақсаттарға қол жеткізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Биылғы жылдың ІІ тоқсанында бюджет қаражаты есебінен «Талдықорған-Текелі» жобасы бойынша жүргізілетін газ құбырының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның құны 1,5 млрд теңге. Бұл 35 мың адам тұратын Текелі қаласы мен 23,5 мың адам тұрып жатқан Ескелді ауданының 9 елді мекенін газдандыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев жаңа өндіріс орындары ашылып жатқан «Талдықорған» индустриалды аймағының жұмысымен танысты, аймақ тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша шаралар туралы есеп тыңдады.

Үкімет басшысына «Талдықорған», «Береке» индустриалды аймақтарының ағымдағы қызметі, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА жұмысы туралы мәлімет берілді, сондай-ақ Панфилов ауданындағы жаңа Нұркент қаласының құрылыс барысы және Gate Sity серіктес қаласын дамыту туралы баяндалды.

Қазіргі кезде индустриалды аймақ аумағында барлығы 11 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның ішінде металл бұйымдарын, жылытатын базальтті плиталарды, асфальт, бетон мен басқаларын өндіретін зауыттар мен цехтер бар. Сонымен қатар алдағы уақытта тағы 9 кәсіпорын осы жерге өз өндірістерін орналастыруды жоспарлауда.

Жаңа өндірістерді білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін өңірде тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Премьер-Министр «Жастар» саябағында өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне барды, мұнда 100-ге жуық кәсіпорын 1500-ден астам жұмыс орнын ұсынды.


Соңғы жаңалықтар