Мен елу жылдық мерейтойды адамның өміріндегі ең керемет жасы деп ойлаймын. Оны алтын жас деп тегін айтпаса керек-ті. Жарты ғасырлық ғұмыр артта қалады. Өткен өміріңе қарап, не істелді, неге қол жеткізілді, ең асыл арман-ниеттерің қалай іске асырылды, міне осының бәрі-бәрі тайға таңба басқандай болып көз алдыңнан өтеді. Кейбір жағдайларды қорытындылап, келешекте алдыңа жаңа мақсаттар қоя бастайсың. 50 жыл – жолдың ортасы. Адамның өмірден жинаған тәжірибесі мен білімінің кемелденген шағы, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін белестерді бағындыра алуға, қол жеткізілмеген армандарды іске асыруға, уақыт ағымы мен өмір өзенінде одан әрмен қарай жүзуге әлі де болса күш-қуаттың жететін кезі. Леонардо да Винчи «табандылық кез келген қиындықты жеңеді» деп өте дұрыс айқан.
Менің 50 жылдық мерейтойым әлдеқашан өтіп кеткен, одан кейін де өмірімде жауапты әрі маңызды күндерді өткеріп жатырмын, алайда сол мәнді де жарқын кезең есте ерекше сақталады. Көріп отырсыздар, бүгін менің ең жақын досым Александр Тараков өміріндегі айрықша күнге орайластыра, көлемі жағынан бір томдық таңдамалы шығармалар жинағын шығарып, өзінің мерейлі мерекесіне табан тіреп отыр.
Автор оның ішіне бұдан бұрынғы кітаптарында жарық көрген «Век журавля», «Затмение под солнцем», «Тера террариум», «Притяжение целины», «До и после миллениума», «О земле, земном и земляках», «Зарубки ирокеза» әңгімелерін, сондай-ақ өзі сол басылымдардың қызметкері бола жүріп, әр жылдарда газет-журналдарда жариялаған материалдардың біразын енгізді. Дәл сол еңбектер ҚазМУ-дың кешегі жас әрі бастамашыл түлегі Александр Тараковтың журналистикада шығармашылық жолын бастауына, өзіндік стилінің қалыптасуына, шеберлігінің шыңдалуына, тәжірибесінің артуына, қаламының ұшталуына, әртүрлі жанрда өз күшін сынап көруіне, әр сөзді орнымен қолдануына, оқырманға өз ойын толық та түсінікті, мәнерлі жеткізуіне үлкен жол ашты. Бұл үлкен мектеп болды. Александр Тараков өзін терең ойлы очеркші, өткір тілді фельетоншы, нағыз публицист, мағынасы терең сараптама материалдар мен жағдаяттарға толы сұхбаттардың, көңілді марқайтатын тосын шығармалар мен эпиграммалардың авторы және ақындық жолына да бет бұрған (өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында «Нива» журналында оның лирикалық өлеңдері топтамасының жарық көргенін айта кету керек) тұлға ретінде таныта білді. Жалпы, Александр Тараковтың шығармашылық дарынының диапазоны өте кең және барлық кезеңде таңданарлық жетістіктерге жете отырып, ол өзінің сирек кездесетін дарынын көрсете білді. Осы жерде Ф.Ларошфуконың айтқан нақылы еске түседі: «Ерекше қабілеттің болуы аз, оны пайдалана білу де өнер». Дегенмен, бұл А.Тараковтың қолынан келді, ол өзінің көпқырлы талантын аша білді, көпшілікке таныта білді.
Александар Юрьевичтің өмірінің ең бір жемісті кезеңі «Казахстанская правдамен» байланысты болды, бұл үлкен ұжымға ол әбден қалыптасқан, яғни өзінің қатал сенімімен, көзқарасымен, айқын ұстанымымен, құштарлық, ұнату-ұнатпау сезімдерімен қаламы ұшталған мықты журналист кезінде келді.
Бұл оның шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеттері зор бағаланып, мансабының өсуіне септігін тигізді – Александр Юрьевичтің «Казахстанская правда» РГ» акционерлік қоғамын басқарып отырғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Меніңше, А.Тараков басшы ретінде, өз қызметі барысында Конфуцийдің мынадай бір: «Өзіңе қаталдық, өзгеге жұмсақтық танытқан орынды. Осылайша, өзіңді өзгелердің жек көрушілігінен қорғай аласың» деген өсиетіне ден қоюға тырысатын сияқты.
Бірақ, мансаптық өсу Александар Юрьевичке тән нәрсе емес деп ойлаймын, ол үшін мансап маңызды емес. Бастысы – бұл шығармашылық табыстар, жетістіктер. Ол «Казахстанская правда» да еліміздің алдыңғы қатарлы журналистерінің бірі ғана болып қоймай, жазушы-документалист болып та мойындалды. Бұған дәлел ретінде шығармашылығының дамуында өзіндік орны бар, от ауызды, орақ тілді, көркем де ұшқыр ойлы оның кітаптарын айтуға әбден болады.
Александр Тараковтың жеке қасиетіне тоқталар болсам, ол ауылшаруашылық еңбеккерлеріне, аграрлық жұмыстарға жан-тәнімен берілген адамдарға, ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастырушыларға, тың игеруді жалғастырушыларға ерекше ықыласпен, аса бір құрметпен, қызығушылықпен, жылышыраймен қарайды. Бүгінгі таңда дала еңбеккерлері мен фермалар жайында, яғни «жер, жер беті мен жерлестер туралы» жазатындар жоқтың қасы. Мәселен, сансыз газет-журналдарды ақтарып көріңізші – ол беттерден ауылшаруашылық еңбеккерлері, диқандар мен мал шаруашылығын дамытып жүрген жандар жөнінде жазылған мақалаларды аз кездестіресіз.
Ал А. Тараковқа келсек, ол үнемі ауылшаруашылық мәселелерін назардан тыс қалдырмайтын, өткен ғасырдың Валентин Овечкин, Ефим Дороша, Георгий Радов, Юрий Черниченко, қазақстандық Вениамин Ларин, Владимир Чирков сынды кеңестік «деревенщик» жазушылардың ұмытыла бастаған дәстүрлерін жалғастыру арқылы, өзінің очерктерінде де, оның басшылығымен «Казахстанская правдада» да тұрақты түрде аграрлық тақырыптарды жиі көтеріп отырады. Ауылшаруашылық еңбеккерлерінің көпшілігі Александр Юрьевичке және газетке олардың істері мен шаруаларына көңіл бөліп, көпшілікке таныстырып отырғандарына алғыстарын білдіріп жатады.
Біз Александр Тараков екеуміз 12 жылдан бері, «Казахстанская правда» редакциясының Алматыдан Астанаға қоныс аударған кезінен доспыз. Бұл достықты мен аса қадірлеймін. Оны адамгершілігі мол, рухани бай адам және шығармашылық санаттағы әріптесім ретінде бес саусағымдай білемін. Оның абыройы мен адамгершілік құндылығын бағалаймын, сондықтан да оның бойынан кемшіліктерді көрмейтін шығармын.
Александрдың, оның екі інісі Лев пен Андрейдің де әкелерінің шығармашылық жолын абыроймен жалғастырып келе жатқандығын айтпай кетуге болмас. Әкесі – Қазақстанның журналистік цехының ақсақалы Юрий Андреевич Тараков республикада журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосқан адам және де осыдан қырық жыл бұрын менің ол тұлғамен танысу бақытына ие болғанымды да мақтана айтқым келеді. Барлық балалары елге танымал жандардың қатарынан орын алды. Дей тұрғанмен, меніңше, үш батырдың ішінен Александар бәрін де басып озған сияқты. Олай дейтінім, Александр – еліміздің рухани-мәдени саласында үлкен беделге ие тұлға, екі шығармашылық – Журналистер мен жазушылар одақтарының мүшесі, ҚР Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласында 2002 жылы Президенттік сыйлықтың және Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанды, «Құрмет» орденімен, сонымен қатар түрлі медальдармен марапатталған.
Александр Юрьевич өзінің алғашқы мерейтойын айтарлықтай шығармашылық байлықпен әрі дарынының кемеліне толған кезінде қарсы алып отыр. Бұл жолда оның едәуір биіктерді бағындырғаны белгілі, себебіне бойлар болсақ, Марк Аврелийдің «Әрбір істі өміріңдегі соңғы жұмыс сияқты атқар» дейтін, ежелден келе жатқан кеңесіне сүйенетіндігін аңғартады. Міне, сондықтан да ол шығармашылыққа жан аямай беріледі, жұмысын бар ынта-ықыласымен атқарады.
Мен тамаша журналист, очеркші, публицист, дарынды жазушы әрі аудармашы Александр Тараковты абыройлы жартығасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Оған қаламың мұқалмасын, шабытың шарықтасын, шығармашылығың бұдан да зор шыңдалып, тағы осынша жасты артқа тастап, талмай еңбектене бер, денсаулығың мықты болып, бақытты ғұмыр кеш және отандық әдебиет пен журналистиканың игілігі үшін барлық ісіңе сәттілік тілеймін дегім келеді.
Жаңа белестер мен дәуірлер – алдымызда.
Владимир ГУНДАРЕВ.
___________________
«Егеменқазақстандықтар» туыстас басылым – «Казахстанская правда» газетінің тізгінін абыроймен ұстап келе жатқан майталман журналист, жанашыр дос – Александр Юрьевичті мерейлі мерекесімен құттықтап, өзіне және ол басқаратын ұжымға абырой биігінен көріне беруге тілектестік білдіреді.