Аймақтар • 28 Сәуір, 2017

Алматыда жас пианистер концерті өтті

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

​Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының концерт залында Ахмет Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернаты оқушыларының қатысуымен «Қазақстанның болашақ жұлдыздары» атты жас пианистер концерті өтті.

Алматыда жас пианистер концерті өтті

Қай-қайсысы да республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, еліміздегі жас пианистер арасында танымал болып қалған дарындылар: V республикалық жас орындаушылар байқауының ІІ орын иегері Дияр Муксимов, «Astana Piano Passion» халықаралық жас пианистер байқауының І орын иегері, V Республикалық жас орындаушылар байқауының Гран-при иегері Санжарәлі Көпбаев, «Astana Piano Passion» халықаралық жас пианистер байқауының ІІ орын иегері, V республикалық жас орындаушылар байқауының І орын иегері Бекзат Рақымов, «Yamaha music gulf fze» Халықаралық пианистер фестивалінің жеңімпазы Абдахмет Оразбақов өз өнерлерімен жұрттың ыстық ықыласына бөленді. 

Йосеф Гайдн, Фредерик Шопен, Джузеппе Верди, Ференц Лист, Феликс Мендельсон, Морис Равель, Джоаккино Россини, Григорий Гинзбург, Сергей Рахманинов, Аида Исакова сияқты аты әлемге әйгілі сазгер-пианистердің ғажайып туындылары, құйқылжи тербелген әуезді әуендері қазақ өрендерінің өнерлі саусақтарынан төгіліп, көрерменді бір сәтке музыканың сыйқырлы әлеміне жетелегендей.

Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген әртісі, профессор Алтай Қарпықұлы Құсайынов, сондай-ақ, Шолпан Душанова, Ботакөз Айғалқаева сынды ұстаздардан тәлім алып жүрген дарынды жеткіншектерге кеш қонақтары ақ жол тілеп, сый-сияпаттарын табыс етті.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ




Соңғы жаңалықтар