Медицина • 28 Сәуір, 2017

​Ракты ерте анықтаудың тиімді жолы табылды (ғылым жаңалықтары)

392 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі шолуда: Қан талдауы арқылы ракты ерте анықтауға болады. Енді полиэтилендерден құтылудың амалы бар. Газды сусын есте сақтау қабілетін төмендетеді. Таңертең шаршап оянудың себебі неде? Ұлыбританияда АҚШ-тың тәуелсіздігі туралы декларацияның екінші көшірмесі табылды. Энергетикалық сусындар жүрек ауруына ұшыратады. Жүргізуші көңілі екі секундқа басқа жаққа ауса, жол апаты қаупі 20 есе артады.

​Ракты ерте анықтаудың тиімді жолы табылды (ғылым жаңалықтары)

Рак клеткаларының көбеюін тоқтататын құлпынай коктейлі жасалмақ 

Британ ғалымдары ракты кішкентай клетка кезінде анықтауға болатынын айтты. Бір айта кетерлігі, ол рентген немесе компьютерлік томография арқылы байқалмайды. Зерттеу нәтижелері Nature журналында жарияланды. Мамандардың айтуынша, бұл жол ракты ерте анықтап, емдеу тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Ғалымдар бұл қан талдауы арқылы мүмкін екенін айтты. Cancer Research UK қаржыландырған зерттеу барысында ісікті операция арқылы алып тастаған кезде оның қанына ДНҚ талдауы жасалды. Ал ота жасалған адамдар әрбір үш ай сайын қан тапсырған. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, осылайша рак белгілерін бір жыл бұрын анықтауға болады. Тіпті, қан тапсыру нәтижесінде өлшемі 0,3 шаршы метр болатын рак ісігі де анықталады.

UCL рак институты маманының айтуынша, бұл жол ракты емдеу тиімділігін арттырады. Әрине, оны операциямен алып тастау мүмкін болмағандықтан, мамандар емдеуді ерте бастау үшін қажетті клиникалық зерттеулер жүргізбек.

Ракқа қатысты тағы бір зерттеуді Карл Бо атындағы Урбин университетінің мамандары жүргізген. Оның нәтижелері Scientific Reports журналында жарияланды. Олардың айтуынша, күніне 500 гр құлпынай жеу рак клеткаларының көбеюін тежейді. Мақала авторлары құлпынай 20 түрлі генге әсер етіп, клеткалардың бөлінуін тежегенін айтты. Оған құлпынай құрамындағы полифенол әсер етуі мүмкін. Енді ғалымдар ракқа қарсы тиімділігі бұдан да жоғары болатын құлпынай коктейлін жасамақ.

Күйе көбелектің (моль) жұлдызқұрты пластикті жоя алады

Ғалымдар пластик қоқыстарды қою үшін жұлдызқұрт қолдануға болатынын айтты. Кембридж университеті зерттеушілерінің айтуынша, ара ұясынан тамақтанатын күйе көбелектер пластикті жоя алады.

Зерттеу барысында жүздеген жұлдызқұрт супермаркеттен алынған полиэтилен пакетіне орналастырған. 40 минуттан кейін онда тесіктер байқалса, 12 сағат өткен соң жұлдызқұрттар полиэтиленнің 92 миллиграмын жеген. Одан кейінгі зерттеулерде жұлдызқұрттардың полиэтиленді толығымен қорыта алатыны анықталды.

Естеріңізге сала кетсек, қазір пластиктермен ластану әлемдік экологиялық ірі проблема саналады. Жыл сайын әлемде пакеттер мен басқа да өнімдер шығару үшін 80 млн тонна полиэтилен өндіріледі. Оның толығымен ыдырауына жүз жылдан астам уақыт керек.

Газды сусын есте сақтау қабілетін төмендетеді

Газды сусынды көп ішетін адамдардың есте сақтау қабілеті нашарлайды. Бұл турады Stroke журналы жазды.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, газды сусын ішетін адамдарда басқаларға қарағанда инсульт мен деменция үш есе жиі болады. Аталған зерттеуге 45 жастан асқан 4300 адам қатысқан. Зерттеу жеті жылға созылған. Ғалымдардың айтуынша, сонымен қатар күніне бір рет газды сусын ішу ми көлемін кішірейтеді. Зерттеушілер мұны газды сусынның қан айналымына кері әсер ететінімен түсіндіреді және су ішуге кеңес береді.

Таңертеңгі шаршау сезімінің себебі белгілі болды

Көп жағдайда таңертең ұйқыдан тұрғанда бірден өзін сергек сезінетін адам аз. Тіпті, бұл жеткілікті ұйықтаған жағдайда да болуы мүмкін. Америкалық ғалымдар оған жасанды жарық әсер ететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері oane.ws.со порталында жарияланды.

Мақалада айтылғандай, жасанды жарықтандыру табиғи биоритмді бұзады. Сондықтан адамда шаршау сезімі пайда болады. Яғни, адам күнмен бірге тұрып, бірге ұйықтауы керек. Ал жасанды жарықтардың әсерінен адам күннің батқанын сезбей, сергек жүретіндіктен, ұйқыдан оянғанда млеатонин гормонының (күн ритмін бақылайтын гормон) мөлшері көп болады. Сондықтан шаршау сезімі бірнеше сағат бойы сақталады.

Мамандардың айтуынша, адам таңертеңгі шаршау сезімінен арылғысы келсе, биологиялық сағатпен жүруі керек. Мақалада таңертең тұрған кезде жаттығу жасаудың, күн сәулесінде жүрудің маңызы атап өтілген.

Ұлыбританияда АҚШ-тың тәуелсіздігі туралы декларацияның көшірмесі табылды

Гарвард университетінің ғалымдары Ұлыбританияда АҚШ-тың тәуелсіздігі туралы декларацияның екінші пергамент көшірмесін тапты, деп жазады The Guardian.

Даниэлль Аллен мен Эмили Снефф аталған құжатты Чичистер қаласындағы мемлекеттік архивтен тапқан. Ғалымдардың айтуынша, бұл қолжазба декларация 1780 жылдары Нью Йорк немесе Филадельфияда жазылған. Ал оның иесі – британ әскери қайраткері әрі саясаткері Чарльз Леннокс. Бұл құжат архивке 1956 жылы тапсырылған.

Ғалымдар пергамент алдымен АҚШ-тың тәуелсіздік туралы декларациясына қол қойғандардың бірі - шотландиялық заңгер Джеймс Уилсонға тиесілі болғанын айтады. Ол АҚШ жоғары сотының алғашқы 6 судьясының бірі болған.

Бұл декларацияның көлемі де АҚШ ұлттық архивінде сақталған түпнұсқамен бірдей. Сонымен қатар онда құжатқа қол қоюы керек барлық адамдардың аты-жөндері жазылған. Ал бірінші көшірмеде мәлімет тек штаттар бойынша берілген.

Естеріңізге сала кетсек, АҚШ-тың тәуелсіздігі туралы декларация 1776 жылы 4 шілдеде қабылданған. Бұл күні АҚШ-та тәуелсіздік күні тойланады.

Энергетикалық сусындар жүрек соғысын жиілетеді

АҚШ ғалымдары энергетикалық сусындардың құрамында кофеин бар басқа сусындардан да қауіпті екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Journal of the American Heart Association басылымында жарияланды.

Мамандардың айтуынша, энергетикалық сусындар екі сағаттың ішінде QT интервалын орташа есеппен 10 милисекундқа артырады. «Бұл миллисекундтар аралығында жүрек өте қатты соға бастайды», дейді мақала авторы Эмили Флетчер.

Зерттеуге қатысушылар екі топқа бөлініп, барлығы 6 күн бойы 0,95 л энергетикалық сусын ішкен. Бірақ, бірінші топтың сусынында 108 гр қант, 350 млгр кофеин болған. Екінші топқа 40 мл лайм шырыны, 140 милилитр шие сиропы мен газды су қосылған сусын берілген. Зерттеу барысында мамандар электрокардиография арқылы жүректі бақылап, нәтижесінде энергетикалық сусындарды ішпеуге шақырды.

Жүргізушілердің 88%-ы көлік жүргізгенде телефон қолданады

Zendrive компания сарапшылары жасаған зерттеу нәтижесінде жүргізушілердің 88%-ы көлік жүргізгенде телефон қолданатыны анықталды. Компания сайтында жарияланған мәліметтерге сенсек, олар үш айда 3 млн жүргізушіні бақылаған.

Зерттеу барысында қатысушылар 570 млн рет көлікке мініп, 9 млн км жол жүрген. Мамандардың айтуынша, зерттеуге қатысқан жүргізушілердің 88%-ы көлік жүргізу барысында орташа есеппен 3,5 минут телефон арқылы сөйлескен.

Компания сарапшыларының айтуынша, жүргізуші көңілі екі секундқа басқа жаққа ауса, жол апатының қаупі 20 есе артады.

Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар

Хандарды қашап сомдаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:40