Қазақстан • 01 Мамыр, 2017

​Қазақстан халқының бірлігі күні Алматыда тойланып жатыр

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мереке қарсаңында үш күн, үш түн үздіксіз жауған жаңбыр халықты мезі етіп, тіпті, таулы аймақ тұрғындарын үрейлендіргені де рас. Көңілі күпті алматылықтар 1 мамыр таңының алтын күн нұрымен арайланып атқанына қуанып, бірден шат-шадымен күйге енді.

​Қазақстан халқының бірлігі күні Алматыда тойланып жатыр

Әдеттегідей Абай алаңынан ақтарыла төгілген сазды музыка халықтың көңіл қошын одан бетер көтеріп жіберді. Достық пен Абай даңғылдараның бұрышындағы Республика сарайының алды – Халық бірлігінің мерекесін атап өту үшін тектен-тек таңдалмаса керек. Алматыдағы барлық этномәдени бірлестік бүгін осында бас қосып, арнайы отау тікті. Ұлық мереке дәл осы жерден бастау алды. Алып Абай ескерткішінің түбінде бізге берген сұхбатында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Қазақбай Қасимов ағамыз былай деді: 

«Байқайсыз ба, биылғы Халық бірлігінің мерекесі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен тұспа-тұс келді. Мақалада алдағы уақытта да қазақстандық құндылықтарды нығайту мен ұлттық идеологияны жетілдіре беруге, жалпы ұлттық бірлікті нығайтатын қазақстандық патриотизмге айрықша мән берілді. Жылдар жылжыған сайын түрлене түсіп, жаңа нышанда өтетін мынау – бір тудың астындағы ұлттар достығының мерекесі, міне, сол талаптарға нағыз жауап қой деп білемін».

Алматының барлығы сегіз ауданында бір мезетте басталған Халықтар бірлігінің мерекесі алып шаһардың бар бұрышын думандатып жіберді. Домбыраның үніне ұйғыр дойрасының, корей дауылпазының, әзербайжан сыбызғысының үні қосылып көк күмбезге ерекше саз әуеледі. Қазақстанның аса танымал өнер шеберлері мен эстрада жұлдыздары сахна сәнін келтірді. «Шаңырақтағы» мерекелік кросс, «Fаmіlу» саябағындағы ұлт тағамдарының байқауы, «Мега Алматыдағы» балалар үйінде тәрбиеленушілердің концерті, «Мега Парктегі» әр ұлт өнерпаздарының сайысы Халықтар бірлігі мерекесіне ерекше шырай берді. Жұлдыздар жамырағанда Алматының үстіне әр тұстан отшашу төгілді.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Суретті түсірген: Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар