02 Мамыр, 2017

​Перзент туған топырағында түлейді

327 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құдіреті күшті тылсымның бей­мәлім сыры көп-ақ. Құдай-ау, адам баласы үшін туған жерге деген сүйіспеншіліктен асқан ыстық сезім бола ма, тәйірі? «Көк торғындай көк­темде, Сағым қуған ауылыңнан» қымбат дүниеде не бар, шіркін?

​Перзент туған топырағында түлейді

Ауыл – ата-анаңдай қадірлі асқақ ұғым ғой! Ол көркейіп гүлденсе, туған жердің тау-тасымен тамырлас мұндағы біздің де жанымыз бәйшешектей құлпырып, бүршік жарады. Кіндік қаның тамған жерге жыл құсындай сағынып оралғанда жүрек тулап қоя беретіні несі екен-ай! Анадайдан ағараңдап ауыл төбесі қылтиғаннан сезім селімен бірге аласұрып аға жөнелетін көкірегіңдегі бұл неткен құдіретті сұрапыл күй соншама. Әлемнің ешбір жұмағы дәл осы сұлулықтың, шынайы картинаның орнын баса алмайды... Шыңыраудағы шыдамның шырылы шымырлай шырқалады. Түйеөркеш жотаның майдатүк мамығы Сырдария көпіріне барып тірелген тұстан әсем әлем басталады. Айнадай айдынның бетінен көкала үйрек көлбей-көлбей ұшады. Қамыс-қоға ырғалып, сыбызғы сыңсиды. Қиқулап құстар ән салады. Бірақ олардың бірлі-жарымынан басқасының атын бала күнімізде мектепте оқытпапты. Қап, әттеген-ай! Толық білмегендіктен атай алмай күмілжиміз-ау. Жұбанатын жайт, Елбасы жақында «Егеменде» жарық көрген мақаласында әр өңірде мекендейтін аң-құстарды, өсімдік атаулының түрлерін, тарихи орындарды жас жеткіншектерге оқы­тыңдар деп өте орынды мәселені көтерді. Алтын бесік-ауылыңда өсетін шөп­терді білмей, бау-бақшаңа ұя салған құ­­стың атын атай алмай тұрсаң, сенің анау ай­даладағы Аустралияның аң-құ­сын, өсім­дігін жатқа айтқаныңнан не пайда? 

...Ауылың туралы жақсы хабарды құлағың шалса, қамықпай, қуанасың, суыт хабар естісең, суы кепкен арықтай қуарасың. Туған жерін сырттай ғайбат­тап, әлдекім орынсыз тіл тигізіп жатқанда қаны тулап қызбайтын адам қазақ емес шығар.

Ертеректе ұзатылған бір апамыз сағынып, сарғайып туып-өскен мекеніне оралғанда қағыңғыр, құрбылары жан-жақтан қаумалап одан сұрамай ма: «Ауылды сағындың ба?» деп. Сөйтсе баладай аңғал апамыз: «Ауыл мүлде адам танымастай өзгеріп кетіпті ғой», деген екен.

– Қой, ә, біз өзгерген дәнеме де көріп тұрған жоқпыз. Бәрі сол баяғы өзің бар кездегідей емес пе? – деп әлгілер әзілмен қағытып, жүрегін одан сайын елжіретіп сыр суыртпақтағысы келген ғой. Сөйтсе қулық, сұмдықтан жүдә жұрдай апамыз әңгімесін әрі қарай сабақтапты дейді:

– Өзгергенін қалай байқамай­сыңдар? Әне, анау піскен мәуесін көтере алмай басы жерге сәл-ақ тимей тұр­ған алма ағашы мен кетіп бара жатқанда майысқан балауса көк шыбық емес пе еді? – деп.

– Жо-о-қ, тек осы бір ғана нәрсеге бола ауылды өзгеріп кетіпті деп айтуға болмайды, – деп қыңыр құрбыларының қинағанына жаны әбден қысылған апамыз: «Өздерің ауылдан ешқайда ұзап шықпаған соң, түк те сезбейсіңдер. Ауыл өзгерген, өзгергенде де қатты өзгерген... Ауылда қазір балмұздақ сататын болыпты ғой» деп әңгімесін екілене әзер тоқтатқан екен. Біреуге әрине, бұл әңгіме күлкілі болып түйілуі мүмкін, бірақ осының өзінен жастығыңның куәсі – ұшқан ұяға деген кіршіксіз адал махаббатты аңғаруға болады. Сол айтқандай, балалықтың бал іздері сайраған біздің ауыл да (Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы Ш.Ділдәбеков атындағы елді мекен) соңғы бірер жылда адам танымас­тай жаңғырыпты. Халықтың қолы «көгілдір отынға» жетіп, мәре-сәре. Үй іші газбен жылы­тылған соң, баяғыдай көмір жаққан сайын ошақтан көк ала түтін ұшып, қолқаны күл қабатын тар тіршілік өткен күндерге сіңіп жоқ болған, әсіресе, әйелдердің жүзі қуаныштан раушан гүлдей ажарланыпты. Өмірдің осы рахатын қой қиының шоғына таба нан пісірген қайран, біздің аналарымыздың көрмей кеткені қандай өкінішті... Мұнда қазір баяғы кеңестік кезеңдегі ескі үйлердің іздері табылмайды, көбіне қазіргі заманға сай жаңа жобадағы үйлер бой көтерген. Ауыл тұрғындары әл-ауқатының әжептәуір өскендігі осыдан-ақ айқын аңғарылады. Қалада тұрасың ба, ауылда ма, енді қандай айырмашылық бар? «Өзгерген. Өзгергенді көз көрген» деген міне, осындайда айтылған болса керек-ті. Кейбір шаруаға епті, бейнетке бейім отбасылардың ыстық, суық суына дейін үйінің ішінде сыңғырлап, қаладағыдай жайлы тұрмысқа еттері үйрене бастағанмен бір әттеген-айы, жұрт тұщы суға зәру. Ауыз суды шамасы жеткені тасып, енді бірі сатып ішіп отыр. Бір литрі бір теңге дей ме-ау? Солай-ақ бола берсін мейлі, бірақ «Ауылдағы әр үйдің ауласында мөлдіреп сол таза су неге ағып тұрмайды?» деген жанайқай ғой айтпағымыз. Бір кем дүние-ай!

Қарашаш Тоқсанбай,

«Егемен Қазақстан»