Медицина • 02 Мамыр, 2017

Көк аспанның күзетінде

331 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлы­ғына сай, ширек ғасыр бұрын құрылған Қарулы Күштеріміздің айбынды да айбатты, қау­қар­лы да қуатты кәсіби ар­мия­­ға айналғаны әр­бір қазақ­стандықтың кеу­десі­не мақтаныш сезімін ұяла­татындығы анық.

Көк аспанның күзетінде

Ресми түрде 550 жылдығын атап өткен Қазақ хандығының тарихы қаншалықты тереңде болса, оның төл әскерінің де тамыры сол кезеңдерден тел өрілуі тиіс. Қазақтың ұлан-ғайыр даласының қойнауында қазақтың азаттығын, жері мен тілін, діні мен тілін сақтап қалу жолында аяусыз қан төккен батыр бабаларымыздың өшпес іздері бар. Қазақ тарихындағы ұлы қолбасшылардың өнегелі өмірлерін зерттеу жолында қалам тербеген ғалымдарымыз да аз емес. Алайда алдағы уақыттың еншісінде әлі де орасан зор жұмыс жатқаны белгілі жай. Олай болса, кешегі күннің көмескі тұстары тазартылып, тарихымыздың беттерін халқымыздың жаужүректігі мен жауынгерлік қасиеттерін айғақ­тайтын ата-бабаларымыз туралы тың деректермен толықтыру – бас­ты мақсаттарымыздың бірі болуы тиіс. Иә, тәуелсіздік ешқашан оңай жолмен келген емес. Ел болып қалыптасу тарихымыздағы шешуші рөл атқарған тұлғалардың және ең басты байлығымыз болып саналатын тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, байыбына барғанда ғана біз баянды болашақ құра алмақпыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы он­жыл­­­дығы еліміз үшін ерекше сынақ жылдары болғаны бар­ша­мызға аян. Әскеріміз қалыптасу мен дамудың күрделі жолынан өтті. Тарихи тұр­ғыдан түкке де тұрмайтын 25 жыл­дың ішінде Қарулы Күш­тері­міздің қанаты қатайды, бұғанасы бекіді.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз кәсіби ар ­мия қа­лыптастырды, ел мүддесі­не то­лық сай келетін әскери доктри­на түзілді. Біздің қасиет­ті топы­­рағымыз әуеде де, жерде де және суда да қорғаныс аясын­да. Біз барлық көршілес елдер­мен достық қарым-қатынастамыз. Қазіргі уақытта армия кез келген жағдайға тастүйін дайын болуға тиіс. Бұл – әскери қызметшілер ал­дына мемлекет қойып отырған мін­дет», – деп атап көрсеткенін­дей, Қарулы Күштеріміздің бұл мін­дет­ті орындауға күш-қуаты жетерлік.

Алаңы көп алмағайып заманда жер бетіндегі әр мемлекет қор­ғаныс қабілетін арттыруға әре­кет етіп жатқанда, қатардан қал­­мау бас­ты міндет екендігі анық. Дегенмен, байыбына бара білген адамға әскеріміздің қуаты мен қор­ғаныстық қабілетін халық­ара­лық дәре­жеге теңгеру оңай шаруа емес еді. Қазіргі күнде жоға­ры кәсі­би, ұтқыр, заманауи қару-жарақ­пен және техникамен жарақ­тан­ды­рылған әскері бар мемлекетке айналуымыз жолында Елбасының сіңірген еңбегі зор.

Сан жағынан ауқымды әскер құруды мақсат тұт­пай, бар­лық күш­ті қа­­зақстандық әскердің ық­шам әрі ұтқыр болуына жұ­мыл­­дырып отырғандығы Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының жемісі. Бүгінде әс­керіміз қазіргі заманғы ең озық тех­никалармен, небір мықты қа­ру-жарақтармен қамтамасыз етілуде.

Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайту мақ­сатында 1998 жылдың 1 маусы­мын­да Әуе шабуылына қарсы қорғаныс және Әскери-әуе күш­тері біріктіріліп, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әуе қорғаны­сы күш­тері құрылды. Көк кеңістігі­міз­ді қорғауға, басқа әскерлері­міз­ді аспан әлемінен қолдау­ға ба­ғыт­­талған Әуе қорғаны­сы күш­тері­міздің тех­ни­калық құрам­дас бө­лігі мен жауын­герлік дайын­ды­ғы қарқынды түрде дами бастады.

Ресей мен Қазақстанның Қор­ғаныс министрлерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірыңғай өңірлік жүйесін құру туралы келісімінің нәтижесінде Еуразия кеңіс­тігіндегі ортақ қауіпсіздікті дамытуға мол мүмкіндіктер туды. Сонымен қатар, тәулік сайын тапсырмаларды мақсаты бойынша дереу орындауға дайын жауынгерлік кезекшіліктегі жеке құрамға үлкен жауапкершілік жүктеді.

Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуы­лына қарсы қорғаныс жүйесі Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің әуе шабуылына қарсы қорғанысының біріккен жүйе­сіне кіреді, бұл еліміздің Әуе қор­ғанысы күштеріне үлкен жауап­кершілік артады.

Әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс әскерлерінің бөлімдері мен бөлімшелерінің негізгі мін­дет­тері еліміздің әкімшілік-саяси, өнді­­рістік-экономика­лық орта­лық­­т­арын әуеде қорғау, әуе­дегі қар­сыласпен күресу, құр­лық әс­керлерінің топтарын орна­лас­қан орындарында және қоз­ғалу бағыттарында, маңызы зор басқа да әскери нысандарды авиа­цияның соққысынан және қарсыластың әуедегі ұшқышсыз құралдарынан қорғау болып табылады. Әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс әскер­лері бейбіт күндері де тәу­лік бойы жауынгерлік кезек­шілік өт­керу арқылы әуе кеңіс­тігін пай­далану тәртібінің сақталуын үздік­сіз бақылайды. Әуе шабуылы­на қарсы қорғаныс әскерлері­нің бөлім­дері мен бөлімшелері­нің жұмыс күндері қашанда толассыз оқулар мен оқу атыстары­на, сондай-ақ мемлекетіміздің әуе шеңберін қорғауға бағытталған жауын­гер­лік кезекшілік өткеру бойын­ша жауынгерлік міндетті орындау жұмыс­тарына толы болады.

Әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс әскерлерінің бүгінгі жағ­дайы ауыз толтырып мақтаныш­­пен айтарлықтай деңгейде. Елбасы­­н­ың тікелей қамқорлығының ар­қа­сын­да Қазақстанның көк кеңіс­тік­тегі қорғаныс қабілеті артты, атап айтсақ, әскери бөлімдер мен бөлімшелерді басқару тиімді жолға қойылып, жауынгерлік қабілеті күшейді. Мәселен, 2015 жылғы әскерімізді қайта жарақтандыруға бағытталған ірі келісімшарттың жүзеге асуы нәтижесінде Ресейден сатып алынған 4++ үлгідегі Су-30СМ жауынгерлік ұшақтары өздерінің жоғары маневрлілігімен және көп функциялылығымен танымал төрт жойғыш ұрыс машинасымен толықты. Ұшу және тактика-техникалық сипаттамалары бойынша олардың ұшақ жасау саласындағы әлемдік ғылыми-техникалық дамудың жаңалығы болып табылатын 5-үлгідегі ұрыс ұшақтарымен ұқсастығы көп. Оған қоса, бұдан бұрын алынған Ми-171Ш көліктік-жауынгер­лік тікұшағын, С-290 С-295 әскери-көлік ұшақтарын былай қойған­да, көптеген елдерде аза­мат­тық және әскери мақсаттар­да жаппай қолданылатын Ми-8, Ми-17В5, ЕС-145 қос қозғалтқышты тікұшақтарын, МИГ-29, СУ-27 жойғыш ұшақтарын өз елімізде жаңғырту және жөндеу жұмыстары жолға қойылды.

АҚШ-тың дипломатиялық миссия шеңберінде еліміздің Қорғаныс министрлігіне табыстаған Huey II (Хьюи) тікұшағы Әуе қорғаны­сы күштерімізді аса қуатты және икемді, заманауи авиациялық электроникамен және апаттық-құтқару қондырғыларымен жабдықталған жаңа техникамен толықтырды. Бұл тікұшақ халықаралық оқу-жаттығуларда, медициналық эвакуациялау кезінде және басқа да қорғаныстық миссияларда пайдаланыла алады.

Тағы бір мақтанышымыз – әлемдегі ең ірі көліктік ұшақтар­дың бірі болып саналатын МИ-26Т тікұшағы. Ол 20 тоннаға дейінгі жүктер мен техникаларды та­сымалдауға арналған. Оның көлік­тік-десанттық нұсқасында сақа­дай сай қаруланған 82 адам орналаса алады. МИ-26Т төтенше жағдай­лардың алдын алу және жою ісінде тамаша құрал ретінде өзін талай рет дәлелдеген техника.

Әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс саласындағы жақын, орта және алыс қашықтықтағы зениттік-зымырандық кешендер сабы заманауи қарулармен толығып, көне элементтік базадан сандық базаға қадам басты.

Ұшу қашықтығынан да, соққы беретін нысаны жағынан да, қуаты жағынан да шектеулері жоқ дерлік әуеден шабуылдау құралдары анағұрлым көбірек қауіп тудыра бастаған заманда Әуе қорғанысы күштерін озық үлгілердегі қару-жарақтармен жарақтандыру өте оңтайлы шешім дер едім.

2015 жылдан бері «НУР» (GM 403) үш координаталы радио­ло­ка­циялық кешені жауын­герлік пай­даланудан өтіп, радио­тех­ни­калық бөлімшелердің қару­лануы­на қабылданды. Бұл – заманауи элементтік базада жоба­ланған, фазаларға бөлінген антен­налық торлары бар және радио­элект­рондық әсер жағдайларында тиімді жұмыс істеуге қабілетті қару.

Әскерлер топтары жоспарлы түрде қару-жарақтың қазір­гі за­манғы үлгілерімен толықты­рылу­да, бүгінгі таңда Ресей Феде­ра­ция­сынан С-300 зениттік-зымы­ран­дық қондырғылар алын­ды. Қазақстан кәсіпорындарында тех­ни­каны жаң­ғырту мен жөндеу жұмыс­тары жүр­гізілуде және олар Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерімен табыс­ты пайдаланылуда.

Сонымен қатар, Әуе қорғанысы күштері жыл сайын халықара­лық деңгейдегі көптеген жауынге­р­лік оқу жаттығуларына қатыса­ды. Олар­дың ішінде «Айбалта», «Қара­тау», «Дала қыраны», «Ашық аспан», «Өзара іс-қимыл», «Мыз­ғымас бауырластық» және басқа­лары бар. Мысалы, екі жылда бір рет Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына кіретін елдер­дің ӘШҚ-ның біртұтас жүйесі­нің шең­берінде «Сарышаған» полигонын­да «Жауынгерлік достас­тық» так­тикалық оқу-жаттығулары өткізіледі. Бұл жаттығулар бары­сын­да Әуе шабуылына қар­сы қор­ғаныс әскерлерінің құра­ма­­лары­ның, бөлімдері мен бөлім­шелерінің ара­сында өзара іс-қимылдарды ұйымдастыру мәсе­лелері пысық­талып, сонымен қатар жеке құрам­ның бойында тапсырылған міндет­терді табысты орындауға қажетті жоғары мораль­дық-психологиялық, жауын­герлік және дене дайындығы қасиет­терін қалыптастыру жұмыс­тары көзделеді.

2010 жылы бастау алған «KAZAK­HSTAN DEFENCE EXPO-2010» халықаралық қару-жа­рақ, әскери техника және әскери-тех­ни­калық мүлік көрмесі арқылы да Қазақстан Қарулы Күштері жаңа ха­лық­аралық аренаға қару-жарағымен, әс­кери техника мен байланыс және әскери мүл­кі­мен танылды. Еліміздің аумағындағы ең ауқымды оқиғалардың бірі IV халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің өткізілуі болды. Төрт күн ішінде қазақстандық және шетелдік қорғаныс-өнеркәсібі кешенінің барлық күші мен қуаты көрсетілген «KADEX-2016» халық­­­аралық көрмесі мемлекет­ара­­­­лық серік­тес­тікті нығайтып, зият­­­кер­лікті, әскери өндірісті, тех­ни­каны және технологияны танытқан маңызы зор шара болды.

Бүгінгі күні қолбасшы­лық кәсіби дайындық пен жауынгер­лік әзірлік деңгейлерін көтеру және оқу-материалдық базасыз жетілдіру мәселелеріне үлкен назар аударылып жатқан Әуе қор­ғанысы күштерінің жеке құрамы жауынгерлік еңбегімен қазақ батыр­ларының, аталары мен әкелерінің тамаша дәс­түрлерін көбейтіп жүр, қойыл­ған міндеттерді жасампаз тәсілдермен шешуге қабілетті, зияткерлік әлеуеті жоғары әскери қызметкерлермен жасақталған деп мақтанышпен айта аламыз.

Қорғаныс министрінің жеке баст­а­масының арқасында, ел Пре­зи­­дентінің қолдауымен, оның мем­лекеттік деңгейде ойлау, Қарулы Күштер мен Әуе қорғанысы күш­терінің даму келешегін алдын ала болжай алу қабілеттерінің арқа­сында жос­парлы түрде ашылған екі әскери жо­ғары оқу орны қазір жемісті жұ­мыс істеп тұр. Олар – жас офи­церлік кадрлар – ұш­қыш­тарды оқы­татын және тәрбие­лейтін Әуе қор­ғанысы күштері­нің Әскери инс­титуты мен ӘШҚ және байланыс әскерлеріне мамандарды даярлайтын Алматы қаласында орналасқан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженер­лік институты. Аталған оқу орын­дарының түлектері бүгінде Әуе қорғанысы күштері бөлімдерінің қатарын толықтырып қана қой­май, бірқа­тар­лары аса жауапты лауазым­дарда міндеттерін өтеп жүр. Пай­да­лануға берілген жаңа те­хни­каға сай әскери маман­дар­­дың соғыс жағдайына жуық жағ­дай­­ларда кәсіби шеберлігін жетіл­­діру мүмкіндіктері де жолға қойыл­­ған. Қысқасы, Елбасы мен еліміз сеніп тапсырып отырған көк кеңіс­­ті­­гіміздің қорғанысы сенімді қол­дар­­да деп ауыз толтырып айта аламыз.

Қазір Қазақстанның қуатты Қарулы Күштерінің мәртебесі биіктеді, әрбір қазақстандық төл әскеріміздің айбынын мақтан тұтып, әрбір жасөспірім әскери қызметші атты қаһарман маман­дық иесі болуға ынтық. Өз еліміз ғана емес, әлем елдері тәнті болып отырған Қарулы Күштеріміздің даңқты күндері әлі де алда екендігіне кәміл сенемін.

Нұрлан ОРМАНБЕТОВ,

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты