Астана экономикалық форумы осыны дәлелдеп берді
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында басталған IV Астана экономикалық форумы кешегі күні одан әрі жалғасты. Бұл күні негізінен панелдік сессиялар және олардың қорытындыларын жариялаған баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылды. Қаралып отырған мәселелердің бәрі өте ауқымды, олар адамзаттың жалпыға ортақ проблемаларын талқылауға арналды.
Солардың бірі жаһандық энергоэкологиялық стратегияны қалыптастыру мәселелерін талқылаған сессия болды. Бұл сессияға Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Нұртай Әбіқаев модераторлық жасады.
ХХІ ғасыр басынан бастау алған жаһандық энергоэкологиялық дағдарыс адамзат қоғамы мен оның экономикасының алдына өткір мәселелерді қойып отыр. Осы проблеманың шешімін жан-жақты талқылау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында «Жаһандық энергоэкологиялық стратегияны» әзірлеп, оны 2012 жылы Бразилияда өтетін үлкен жиырмалықтың саммитінде талқылауды ұсынған болатын.
Осы жағдайға байланысты адамзат өркениетінің болашағын болжау мәселесімен шұғылданып жүрген қазақстандық және шетелдік ғалымдарды тарта отырып, аталған стратегияның тұжырымдамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Стратегияның тұжырымдамаларын талқылау мақсатында 2007 жылы Мәскеуде, 2008 жылы Астанада, 2009 жылы Алматыда, 2010 жылы Шанхай қаласында өркениеттік форумдар өткізілді. Стратегия тұжырымдамаларын жасақтауға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Постиндустриялық қоғам қалыптастырудың стратегиясы және өркениетті әріптестік» (Мәскеу, 2008), «Жаһандық қоғамдастықты түбегейлі жаңартудың стратегиясы және өркениетті әріптестік» (Астана, 2009) атты екі монографиясын қамтыған «Жаһандық энергоэкологиялық стратегиялар» атты еңбегі негіз етіп алынды.
Сессиядан кейінгі журналистермен өткен баспасөз мәслихатына қатысқан Қазақстан Ұлттық жаратылыстану академиясының президенті Нұртай Әбіқаев, «Парасат» ұлттық ғылыми-технология холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасы Нұралы Бектұрғанов, Парламент Сенатының депутаты Хусаин Валиев, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Олег Кузнецов, ЕурАзЭҚ интеграциялық мәселелерін стратегиялық зерттеу институтының директоры Анатолий Спицын, Ресейдің П.Сорокин- Н.Кондратьев атындағы Халықаралық институтының президенті Юрий Яковец сессияда қамтылған мәселелерді баяндап берді.
– Сессияға қатысушы халықаралық деңгейдегі ғалымдар, сарапшылар, бизнес өкілдері «Жаһандық энергоэкологиялық стратегияны» құру жөніндегі Қазақстан Республикасының ұсынысына толықтай қолдау білдірді және оны 2012 жылы өтетін үлкен жиырмалықтың саммитін күн тәртібіне енгізу жөнінде ұсыныс жасады, – деп мәлімдеді Нұртай Әбіқаев.
Осы күні талқыланған маңызды мәселелердің бірі өңірлік даму проблемасы болды. Аталған тақырыпқа арналып өткізген панелдік сессияға Еуропа Одағының Қазақстан Республикасындағы өкілдігіне техникалық жәрдемдесу жөніндегі білікті маман Рене Малли, Орталық Азия жөніндегі Кембридж форумының төрағасы Сидхард Саксена, Оңтүстік Корея аймақтық даму институтының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі топ жетекшісі Джин Чеол Джо, Австралия сауда комиссиясы министрінің уәкілетті кеңесшісі Дэниел Тибатт, GIZ Халықаралық ынтымақтастықтың Германия қоғамының басқарушы директоры Том Пэтц, OSEO тобының өкілі Жан-луи Лелуа және басқа да халықаралық танымал сарапшылар мен ірі бизнес қауымдастықтардың өкілдері, даму институттарының мамандары қатысты.
Осы сессияда Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыста жүзеге асырылатын іргелі инвестициялық жобалардың таныстыру рәсімін жасады.
Маңғыстау – еліміздегі жедел қарқынмен дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Бұл облыста жан басына шаққанда ІЖӨ көлемі қазірдің өзінде 17 мың долларды құрайды. Еліміздің өнеркәсіп өнімдеріндегі үлесі 16 пайыздан астам. Алдағы уақытта бұл өңірде мұнай өндірудің жылдық көлемін 110-115 миллион тоннаға дейін жеткізуге болады. Сонда осы өңірдің шикізаттық ресурстық байлығының өзі мұнайға бай саналатын көптеген араб елдерінен де алдыңғы қатарда тұр.
Осы байлықты еселеп қана қоймай, өңірдің индустрияландыру деңгейін еселеп көтеру – облыс басшылығының алдыға қойған асқаралы мақсаттарының бірі. Осыған сай жапонның мамандандырылған агенттігімен бірлесе отырып, өңірге инвестиция тартудың аса ауқымды жобалары әзірленген. Солардың бірі – Елбасының шешімімен құрылған Ақтау теңіз порты арнаулы экономикалық аймағы. Оның бір ерекшелігі жобаны іске асыруға қатысушы инвесторларға салық салынбайды және басқа да жеңілдіктер ұсынылады. Қазірдің өзінде онда төрт кәсіпорын жұмыс істеп тұр. 8 кәсіпорын салыну үстінде. Олардың жалпы құны 3,2 миллиард долларды құрайды. Осы кәсіпорындар толық іске қосылған кезде облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі екі есе ұлғаятын болады. Мұнда орналастырылатын кәсіпорындардың бәрі жоғары технологиямен жұмыс істеуге негізделген.
Бизнес жақсы жүру үшін оған логистикалық инфрақұрылымдар қажет. Қазір осы мәселе де облыста белсенді түрде шешілуде. Биыл қазан айында Өзен-Түркіменстан шекарасы темір жолы салынады. Мұнда жылына 10 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға болады. Себебі, бұл жол Елбасының Иран және Түркіменстан басшыларымен жасаған келісімдеріне сәйкес Парсы шығанағына шыға алатын болады, екінші жағынан, мұндағы жүк тасымалына алып Қытай, көршілес Орталық Азия және Кеден одағы арқылы Ресей, Беларусь елдері де қатыса алады. Сонымен қатар, өңірде қазіргі күні Каспий арнаулы экономикалық аймағын құру жөнінде де жұмыстар белсенді түрде қолға алынуда. Осының негізінде туризм дамитын болады.
Сессияға қатысушылар аталған жобаларға үлкен ықылас танытты. Бұл жобалар өңір үшін үлкен рөл ойнай алады деген пікірлерін жеткізді. Осындай еліміз үшін пайдалы тақырыптар басқа да сессияларда талқыланды.
Кеше ІV Астана экономикалық форумы аясында «АstanaInvest-2011» ІІ халықаралық инвестициялық форумы өтті. Бұл форум елорданың инвестициялық ахуалын жақсарту және аймақтың инвестициялық белсенділігін ынталандыру мақсатында дербес өткізілді.
Форумға қатысушылар Астана қаласында бизнесті жүргізудің экономикалық, құқықтық және өзге де шарттарымен, сонымен қатар елордалық кәсіпорындар мен ұйымдардың инвестициялық жобаларын таныстыру барысында инвестициялық әлеуетпен жете танысуға мүмкіндік алумен қатар, өңірлік инвестициялық ынтымақтастық перспективалары мен проблемалы мәселелерді де кеңінен талқылай алды. Алдымен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов инвесторларды Астана экономикалық аймағындағы және бүтіндей елімізде жасалып жатқан инвестициялық ортаны жақсарту бағытындағы жұмыстармен таныстырды.
Астана Қазақстанның алға қойған үлкен мақсаттарының символы болып табылады. Қала кемелденіп, халықтың өмір сүру деңгейі жоғарылап келеді. Еліміз индустриялы тұрғыда дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылуды көздейді. Инвестициялық ахуалды жақсартуға күш салудамыз, бұл орайда нормативтік құжаттарды реформалап, меншік құқығын күшейте отырып, бюрократтық кедергілерді жоюдамыз. Дүниежүзілік банк мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан өткен 2010 жылы бизнес жүргізуді реттеу жұмыстарын жақсы жолға қойғандығын ескерткім келеді. Қазақстанның дамуындағы Астана рөлі ерекше маңызды. Астана – білім берудің, зерттеулер саласындағы жетістіктердің орталығы. Өткен жылы біз «Назарбаев Университетін» аштық. Бұл әлемдік деңгейдегі оқу орнын ашу мақсатындағы жаңа бастамамыз, деді К.Мәсімов. Қала инфрақұрылым саласында стандарттарды анықтап үлгеріп, инвестиция тартудың екі экономикалық аймағы құрылды. Астананың өзінде ІЖӨ жан басына 18 мың долларды құрайды. Ал алдағы 5 жылда қалада құны 5 млрд. долларды құрайтын 11 маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Астана Қазақстанның инновациялық болашағының заманауи түрдегі символы. Мен сіздерді серпінді даму үстіндегі қаламызға оның әрі қарай дамуы үшін қаржы салуға шақырамын, деді Үкімет басшысы.
Ал қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қаланың жетістіктері мен қазіргі ахуалына тоқтала келіп, өткен он жыл ішінде ЖҚӨ-нің көлемі 50 есе өскендігін жеткізді. ІЖӨ-дегі Астана үлесі 1,5 пайыздан 10 пайызға ұлғайып, өнеркәсіп өндірісінің 7 есеге өскені елімізге тартылған инвестицияға тікелей байланысты. Соңғы 10 жыл ішінде ол 30 есеге өскен. Бұдан біздің қаламыздың тұрақты бәсекеге қабілетті ресурсы және құнды активі барлығын көруге болады. Астана әлемдік дағдарыстан аман-сау өтіп, өзінің экономикалық тұрақтылығын дәлелдеп берді. Оған 2010 жылдың қорытындысы куә. Жалпы өнім 10 млрд. долларды құрады. Өңдеу өндірісі 18,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2,7 млрд.долларды құрады.
Иманғали Тасмағамбетов қала әкімдігі инвесторлар үшін тәуекелділікті барынша төмендетіп, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға дайын екендігін жеткізді. Тәуекел кез келген экономикалық қызметте болады, алайда біз оларды жүйелі түрде азайтамыз. Ал «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы арқылы мүмкіндік аясы кеңейе түспек. Астана экономикасы мен айтып өткен бағыттарды ғана ұстанбайды, біз кез келген екіжақты тиімді ұсыныстарды қарастыруға әрдайым әзірміз, деп түйді ойын қала әкімі.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы Асылхан Серіков Қазақстанның соңғы он жыл ішінде шетелден тікелей тартылған инвестициялар көлемінің көрсеткіші бойынша Орталық Азияда бірінші, ал ТМД аумағында екінші орынды иеленіп отырғандығын хабарлады. Атап айтсақ, 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіпке 2 млрд. доллар тартылған. Дүниежүзілік банктің бизнесті жүргізуге қатысты заңнаманы бағалайтын рейтингі бойынша Қазақстан 183 елдің арасында 59-орында тұр. Бұл ТМД елдері арасындағы жоғары көрсеткіш. Ал бүгінгі күні Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен 8 мыңнан астам компания жұмыс істеуде, деді ол.
Бұдан соң пленарлық отырыста WAIPA(тікелей инвестицияларды тарту бойынша агенттіктердің халықаралық ассоциациясы) бас директоры Карлос Бронзатто сөз алып, инвестиция тарихы және оны мемлекет экономикасына тартудың алғышарттары туралы баяндады.
Ал тек тікелей инвестициялық тартуларға маманданған FDI «Финаншл Таймс» журналы бас редакторының орынбасары Спенсер Андерсон Қазақстанды осы тұрғыда 8 жыл бойы зерттегендерін, жуырда журнал Қазақстанның инвестиция саласы бойынша 2010 жылға шолу есебін дайындағанын жеткізді.
«АstanaInvest-2011» инвестициялық форумы аясында Астана әкімдігі мен шетелдік компаниялар арасында 12 құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдердің жалпы құны 2,5 млрд. АҚШ долларынан асады.
Сондай-ақ, бұл күні Астана экономикалық форумының қорытындысы ретінде «Көшбасшылар сұхбаты және Нобель сыйлығы лауреаттарының кеңестері» брифингі болып өтті. Модератор ретінде шыққан CNN телеарнасының жүргізушісі Джон Дефтериос Қазақстан және шетелдік қонақтар сұхбатын сауатты жүргізіп отырды. Қазақстанның Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова, «Атамекен» ҰЭП төрағасы Азат Перуашев және басқалар қатысты. Жанар Айтжанова экономикамыздың экспорттық шикізат пен минералды ресурстарға тәуелділігін азайту Үкіметіміздің басты міндеті екенін тағы бір мәрте айтып өтті. Өз кезегінде Қайрат Келімбетов Қазақстан дамуының әлеуметтік өлшемдеріне тоқталды. Ал Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев еліміздің мұнай өндіру саласындағы көрсеткіштерін баяндады. Сонымен қатар Нобель сыйлығының иегерлері әлемдік экономика сахнасында қалыптасып отырған жағдайларға баға берумен қатар, кейбір мәселелерге қатысты пікір білдірді.
Екі күнге созылған Астана экономикалық форумы осымен өз жұмысын аяқтады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
-----------------------------------------
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.