Кеше Байланыс және ақпарат министрлігінде министр Асқар Жұмағалиев халыққа қызмет көрсету орталықтары басшыларымен жиналыс өткізді. Басқосуда көтерілген басты мәселенің бірі биылғы жылдың наурыз айында Байланыс және ақпарат министрлігінің қарамағына берілген ХҚКО-лардың жұмысын жаңғырту және жетілдіру болды.
«Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев біздің министрлікке халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жетілдіруді, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету ісін қадағалауды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелерін тездетуді тапсырды», – деді жиналысты аша отырып министр Асқар Жұмағалиев.
Қазіргі күні азаматтардың ХҚКО қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасына және қызметті ұсынушы мемлекеттік органдардың жұмысына көңілдері толмайды. Өйткені, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы тосқауылдар мен сыбайлас жемқорлық түпкілікті жойылмай отыр. Азаматтарды ақпараттандыру мен ұсынылған қызмет көрсетулердің сапасын бақылау жұмыстарына сараптама жүргізілмейді. Қызмет көрсетулердің бизнес-үдерістері оңтайландырылмаған. Осыған орай вице-министр Сәкен Сәрсенов өзінің баяндамасында аталған саланы жетілдірудің басты бағыттарын анықтап берді. Ағымдағы жылдың соңына дейін тұрғындарды тіркеу, жеке куәліктер мен төлқұжаттар беру қызметтері оңтайландырылмақ.
Министрліктің ХҚКО жұмысын үйлестіру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау жөніндегі комитеті халыққа қызмет көрсету орталықтарының персоналмен жұмысына басты назар аудармақ. Вице-министр С.Сәрсеновтің айтуынша, Mystery shoping («Құпия сатып алушы») акциясы тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Бұл акцияның мақсаты жергілікті жерлердегі ахуалды нақты бағалау үшін пікірлер жинау болып табылады. Бұған қоса азаматтар интернет желісі мен смс хабарлары арқылы қызмет көрсетулердің орындалуына бақылау жүргізе алады. Сондай-ақ 1414 Call-орталығының операторлары электронды үкімет жұмысымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы туралы да ақпараттық кеңестер береді және сенім телефондары орнатылатын болады.
ХҚКО-дағы ұзын-сонар кезектер азаматтардың ренішін туғызатыны белгілі. Осы ретте Байланыс және ақпарат министрлігі ХҚКО-дағы кезекке тұруға call-орталығы немесе интернет арқылы брондау жүйесін енгізуді көздеуде. Бұған қоса мемлекеттік өтемақыларды электронды үкіметтің төлем шлюзі немесе банк карточкасы арқылы төлеу мүмкіндіктерін ұсынады. Министрліктің аталған салаға енгізетін жаңалықтарының бірі мобильді ХҚКО болмақ. Бүгінгі күні алыс елді мекендерде тұратын тұрғындар үшін мемлекеттік қызмет түрін алу қиынға соғып отыр. Сондықтан мемлекеттік қызмет көрсетулерді қолжетімді ету үшін мобильді ХҚКО белгілі бір кесте бойынша аймақтарға барып, қызмет көрсетулері тиіс.
Жиналыста сөз болған маңызды мәселенің тағы бірі ХҚКО-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жайында болды. Комитет төрағасы Бақыт Әбішев ХҚКО-ның мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы орындауы бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы баяндама жасады. «Қазіргі таңда азаматтарды тіркеу, жер телімдеріне құқықтарын тіркеу, жеке куәлік пен төлқұжат алуда шешімін күткен мәселелер бар. Аталған мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуде сыбайлас жемқорлыққа жиі жол беріледі», деп атап өтті Бақыт Шалқарұлы. Сонымен бірге, ол ХҚКО қызметкерлерінің заңнаманы бұзу мен лауазымын асыра пайдалануы бойынша нақты дәлелдерді де назардан тыс қалдырмады.
Министр Асқар Жұмағалиев өз кезегінде аталған фактілер бойынша бір аптаның ішінде қызметтік тексерулер жүргізіп, басшылықтың жауапкершіліктері туралы ұсыныстар беруді тапсырды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.