Адал еңбек, ынтымақ пен бірліктің алмайтын асуы, жеңбейтін қиындығы жоқ. Осы құндылықтар өмірдің өзегіне айналғанда ғана еліміздің өркендеуіндегі белестер биіктей бермек. Ал, отбасы шағын мемлекет десек, осындай мамыражай түсіністік қажеттігі басы ашық әңгіме. Отбасындағы шаңырақты шалқытып, өмірлерін ізгілікпен өріп, ұлтына қарамастан, сыйластықтың жібек жібін жалғағандар қатары қаншама десеңізші!
Ораз Жандосов көшесіндегі № 8 үйдің шаңырағына келгенде ауласын реттестіріп, бір сәт дамылдаған азамат қауызын ашуға «талпынған» қызғалдаққа көз тіге қалыпты. Айнала мұнтаздай. Реттіліктің лебі еседі. Бізді жадырай қарсы алды. Амандықтан соң, келген мақсатымызды түсіндірдік.
– Бәрекелді! Бұл үй Қазақстандағы көп ұлттың басын біріктірген қасиетті шаңырақтар қатарынан. Тіпті, қанша ұлт екенімізді санамаппыз да. Бірақ мәселе сонда ма екен. Жеңгелерің Райхан өзбек, келіндерім Наталья орыс, Елена ұйғыр қыздары. Құда-жекжаттар да өзге ұлттардың өкілдері, деді отағасы Марат көңілдене сөйлеп.
Марқұм Жұмабай атамыз Мүкәрам атты өзбек қызымен отасып, үбірлі-шүбірлі болыпты. Шаңырақтағы Маратқа да өзбек қызымен тағдырын қосу бұйырған. Мұны ұрпақ жалғастығы, тағдыр сыйы деуге келеді.
Шаңырақтың киесі саналған Райхан ана тіліміздің майын тамызып, Мараттан гөрі әңгімені қыздырып әкетті. Отбасы мүшелері түгелімен Ұзынағаштағы «Ринат» фотосалонында жұмыс істейді екен. Марат сонау жылдары Ақтөбе қаласындағы фотоучилищені бітіріп, көп жыл аудандық тұрмыс қажетін өтейтін мекемеде жұмысын жалғастырған.
– Кеңес одағы ыдыраған кезде адамдардың абдырап қалғаны жасырын емес. Жан бағу керек. Бәзбіреулер ала қабын арқалап, базар жағалады. Енді біреулер жұмыс іздеп қалаға тартты. Осындай өліара сәтте мен де көп ойға қалдым. Не істеу керек, неден бастаған жөн? Туған ауылыңды, от жаққан ордаңды тастап қайда бармақсың. Сонымен, тәуекелге бел буып, 1999 жылы кәсібімді аштым. Оны тұңғыш немеремнің есімімен «Ринат» деп атадым. Бар мүмкіндікті жұмылдырып, бар қаражатымды салып, арнайы орын алдым. Сөйтіп, маған жұмыс табылды. Балаларым Тайырды, Руфатты да үйретіп, оқыттым. Нарық есептен тұратын болса керек. Шығын мен пайданы шотқа салдым. Тұтынушының талғамын зерттесек, таза табыс едәуір екеніне көз жетті. Еңбектің жанғаны деген осы. Сөйтіп, отбасымдағы әйелімнен бастап, баршаның қызығушылығы арта түсті. Мұнымен қоймай, ауыл-ауылды аралауға, қызмет көрсетуге кірістік, дейді отағасы.
Ер жігітке жеті өнер де аз деген. Олар мемлекеттік тапсырыстарға да қатысқан. Мәселен, азаматтарды төлқұжатқа суретке түсіру, фототауарлар сату, деген секілді. Мектеп оқушыларының рефераттарын көркемдеу, үйлену тойлары мен мерейтойларды суретпен қамтамасыз ету, айта берсек жұмыс жетеді екен. Жалпы, қол қусырып, бос отыратын кездері жоқ көрінеді. Осылайша ауылда тұрып жатыр. Ешкімге алақан жаймайды. Ерінбей еңбек етсең, еңбектің жанатынына көздері жеткен. Міне, ерлі-зайыпты Бараковтар осылай дейді бір-бірінің әңгімесін толықтырып.
Бала-шағаларымен үлкен шаңырақтың астында берекелі ғұмыр кешкендердің тірлігіне риза боласың. Тайыр мен Руфат әке-шешелерін құрмет тұтып, алдынан қия өтпейді. Келіндері Наталья мен Елена енелерінің қолын ұзартып, ізеттіліктерін танытқан. Еленаның әкесі ұйғыр, шешесі Людмила Михайловна орыс. Биыл Әлем тілдері институтын бітіретін Карина татар жігітімен көңіл қосып, мамыр мерекесінен кейін ұзатылатын болыпты.
Фотосалонда Бараковтардан басқа сегіз адам жұмыспен қамтылған. Аудан бюджетіне қосатын үлестері де қомақты. Әйтеуір олар қатыспайтын мәдени шара кемде-кем.
Осынау еңселі үйдегі ынтымақ көршілерге де жұғысты. Болат пен Гүлнәр, Нұрлан көршілері мерекеде бас қосып, бір-бірінің қуаныштарын бөліседі. Ал, Уәлиханов атындағы орта мектеп директоры Зоя Қырғызбаева көп ұлтты отбасындағы балалардың тәрбиесі жайлы ойын жеткізді:
– Карина зерек, әрі тәрбиелі. Енді, міне, ағылшын тілінің маманы болды. Диана 3-сыныпта оқиды. Қазақ, орыс, өзбек тілдерін жақсы меңгерген. Бараковтар ата-аналар комитетінің белсенді мүшелері. Бала тәрбиесіне арналған іс-шараларға қатысып, әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылғандарға қамқорлық көрсетеді. Жалпы, тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір осы бір жандардың өмірлері ізгілікпен нұрлана түскен, деді.
«Тірліктің күші – бірлікте, бірліксіз істе – береке жоқ». Қазақтың осы бір даналық сөзін жүректеріне мықтап түйген отбасы дәулетке қол жеткізіп, тұрмыстарын сәулеттендіре түсіпті. Бақыты мен бағын адал еңбекпен өрген шаңырақтағы шаттыққа куә болып марқайдық.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
_______________
Суретте: ұлттар достығы жарасым тапқан Бараковтар шаңырағында.