Ауыл жағдайы жайлы әдетте сырттан тон пішіліп айтылып жататын әңгіменің сан-сақтығы белгілі. Сондайда мүлдем мүшкілдендіретін топшылаулар да құлаққа аз шалынбайды. Көріп жүргендер болса бір сәрі, әрине, ал көрмесе де түймедейді түйедей етушілерге не дей аларсыз. Солар өңірдегі Изенді, Ескене, Маржанкөл, Бүркітті тәрізділі сәнді әрі әлді ауылдардың ондап емес жүздеп саналатындығын білер ме екен деп ойлайсыз. Олай болмаса мынадай дерек. Былтыр шаруашылығы өркендеу, тұрмысы жақсару үстіндегілер 114- ке жетсе, биыл бұған тағы 6-уы қосылғалы тұр.
Ел ішіндегі елеулі өзгерістер селолық жерлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы барысында өрістей түсіп келеді. Уақыт талабына жарасты бұл құбылыс облыстың әсіресе, Бұқар жырау, Осакаров, Абай және Нұра аудандарында айқын аңғарылады. Ұлы баба топырағындағы 35 ауыл гүлденудің қай жағынан да бірінен бірі асып түсуге айналған. Қалған үш ауданда жалпы алғанда 80-нен астамының ісі сүйсінерлік, көркі көз тартарлық. Алғаш көргеннің аузын аштыратын Изендідей ауылдар көбеюі қазір таңсық емес. Мәдениет үйінің, мектептің, мешіттің, байланыс бөлімшесінің, тойхананың, қымызхананың, спорт кешенінің, бүлдіршіндер ойын-сауығы алаңқайының, интернаттың жарқыраған бейнесі айналадағы мұнтаздай тазалықпен астасып тамсандырады. Боса-болмасын тұрғындарының ауқатты тұрмысы және жан-жаққа аян. Дәл іргесіндегі Щербаков та келбетімен бөлек. Осыдан тарихи отандарына қоныс аударып кеткендер өскен жерлерінде аунап-қунап қайтуға келіп тұратын кездерінде де қазақ ауылы үшін ертегідей бейненің енуіне таңданып жатады.
Жақында елді мекендер инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру және әлеуметтік нысандарын жаңарту бойынша алдағы үш жылға бағытталған кешенді іс-шаралар қабылдануы игілік нышандардың одан сайын ұлғаюына септік етпек. Осы мақсатқа республикалық, жергілікті бюджеттен 18,1 миллиард теңге бөлінуі ауылдағыларға қуанышты хабар болып отыр. Айта кету керек, бұл бастапқыда жобаланған қаражаттан 5,1 миллиард теңгеге артық. Аймақ қуатының нығаюына орай қолдау көлемі осыншалықты молықты.
Міне, бүгінде жер аяғы кеңісімен ауыл жақтағы тыныс-тіршілік серпіліп жатыр. Жаңадан салынатын, кеңейтілетін 6 мектеп құрылысы басталып кетті, денсаулық сақтаудың 36 нысаны күрделі жөндеуден өткізілуде, 14 монша мен 5 наубайхана, ауыз сумен қамтамасыз ететін 20 нысан салынады.
Жұрт көңіліне жаққан жағымды жайдың бірі – тұрғындар саны 100-ден аспайтын шағын ауылдар да қамқорлықтан сыртқары қалмайды. Оларды орталықтандырылған жарықпен және сумен жабдықтауға мүмкіндік шектеулілігіне байланысты су көзін ұңғыма, электр қуатын жел диірмендері арқылы алу жолдары қарастырылған. Мәселен, Ұлытау ауданының алыстағы Қызылүй, Талдықұдық, Боздай, Үңгірлі, Құлжанбай, Нарөлген ауылдары үшін аталған тәсіл пайдаланылады.
Жергілікті еңбеккерлерді кәсіпкерлік іске ынталдандыруға ықпал үлкен. Бұл ретте «АгроКонсалтинг» АҚ көмегіне сүйенушілер көбеюде. Айталық, жаңаарқалықтарға лизингке ағаш өңдейтін станок, 4 модульді монша, 2 шағын наубайхана берілді. Нақты бизнес-жоспармен белсене әрекеттенуге ұмтылушыларға көмек көрсетілуге жол ашық.
Сөзіміздің бастапқы тұсында тұспалдағанымыздай, ауыл жай-күйі туралы дүдәмал жорамалдар енді бүгінгі күнге жараспайтындығына аймақтағы ауылдар ажары айғақ. Өскен өңір өмірін елемеу мүмкін емес.
Айқын НЕСІПБАЙ.