Әрине, бас лаңкес дейтін қызмет жоқ, бірақ Усама бен Ладенді солай атау қабылданған және бұл атау оның мазмұнына сай келеді. Сөйтіп, осы аптаның алғашқы күні Пәкстандағы Абботтабад қаласында әлемдік лаңкестіктің көсемі бен Ладеннің көзі жойылды.
Газетіміздің өткен нөмірінде бұл жайында хабар жарияланған. Бірақ осынау оқиға туралы аз-кем ой тұжырымдау қажет сияқты. Тарихта жақсы да, жаман да қалады. Жақсылығымен аты өшпейтін ұлылар бар. Біреулер жамандығымен де ұмытылмайды. Қатыгездігімен, жауыздығымен аты шыққан патшалар, қарақшылар өткен. Усама бен Ладен солардың сұрпынан. Қазіргі заманның жауызы, техниканың соңғы жетістігімен мұздай қаруланған, қолы ұзын, мүмкіндігі мол жауыз.
Жалпы, өлімді мақұлдап, біреудің көзі жойылғанын жөн санап сөйлеу қиын. Мұндайда сол жауыздардың қолынан қаза тапқан жазықсыз құрбандардың аруағын көз алдыңа елестете отырып сөз айтасың ғой. Осыдан он жыл бұрын Нью-Йорктегі лаңкестік әрекеттен бір мезетте үш мың адамның қаза тапқаны тарихтағы қара таңба болып қалары анық. Сол зұлымдық бен Ладеннің басшылығымен жасалды. Қаза болғандар кәпір еді ғой деп, жүрегі таза бір мұсылман сол әрекетті ақтамасы да анық.
Бен Ладеннің көзін жоюды ойластырғанға да он жылдан асты. Бүгінге дейін қолға түспей келді. Ақыры АҚШ-тың арнаулы қызметі оны сонау Пәкстан жерінен тауып, көзін жойды.
Осыларға байланысты айтатын әңгіме көп. Тірі қалдырса, лаңкестер оны құтқару үшін адамдарды аманатқа алуы мүмкін екен. Оның денесін ешбір ел қабылдамапты дейді. Ол бір жерге жерленсе, оны радикалды исламистер тағзым ететін қасиетті орынға айналдыруы айдан анық. Сірә, АҚШ басшылығы осыны ескерсе керек.
Ең бастысы – әлемді тітіренткен қаныпезердің көзі жойылды. Бұл жайында пікір білдірген әлемдік тұлғалар мен мемлекет басшыларының барлығы да бұл өзі лаңкестер қолынан таза тапқандардың аруағы риза болғандай сауапты іс болғанын, лаңкестікпен күрестегі ортақ істің жеңісі екенін айтады. Біраз жерде жұрт шеруге де шығып, қолдағандықтарын білдірді.
Әрине, бұл жерде екінші бір пікірді де аттап кете алмайсың. Біреулер мұны АҚШ-қа ғана керек істей бағалады. Палестинадағы ХАМАС ұйымының көсемі Хания мұны америкалықтардың мұсылмандар мен арабтарды тұқырту саясатының жалғасы санаса, ресейлік белгілі саясатшы Е.Сатановский оны Барак Обаманың сайлау алдындағы науқанына қызмет ететін шарадай көреді.
Бас лаңкестің көзі жойылды. Бірақ оның ісі әлі жойылмағаны да анық. Орнын басар адам да бар. Сол орнын басады деген екінші бас лаңкес саналатын Айман әл-Зауахири қайда екенін көрсеткенге 25 миллион доллар сыйлық та белгіленіп отыр. Сонан соң Әбу Яхия әл-Либидің аты аталады.
Енді лаңкестер күш біріктіріп, кек қайтарады деген де пікір бар. Ол негізсіз де емес. Сондықтан да олармен күресте де күш біріктіру қажет-ақ.
ОБАМАМЕН КҮРЕСПЕКШІЛЕР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Үлкен саясат үлкен тұлғалардың төңірегінде жасалады. Жұрт кейбір елдер басшыларының ауысқанын да білмей қалады. Ал АҚШ президентінің сайлауына бір жарым жылдай уақыт болса да, Барак Обамаға қарсы республикашылар арасынан кім шығады деген әңгіме қызып тұр.
Демократтардың қалауы – Обама. Адамдары билікте болса, партиялар жаңа адам іздеп жатпайды. Ал республикашылар алдымен өз араларынан біреуді анықтағанша, біраз айтысып-тартысады. Кейін біреуге тоқтағаннан кейін бәрі де соған дауыс береді.
Әрине, қазір олардың әңгімесіндегі басты арқау – Обаманы сынау, қазіргі президенттің ақсап жатқан тұсын айту. Бұл ретте олардың мүмкіндігі көптеу. Биліктегі президенттің жұмысы жұрттың көз алдында, іздегенге кемшілік табылады, сонымен бірге, оның атқарған жұмысы да көрініп тұр. Оған америкалықтар ғана емес, әлем куә.
Әдетте биліктегілер көбіне жеңіп жатады. Олардың танымалдылығы жоғары. Оларды қарсылас партияда жаңа күшті тұлға пайда болғанда ғана жеңеді. Саясатшылардың пайымдауынша, республикашылар қатарында соңғы кезде ондай «жарық жұлдыздар» пайда бола қоймаған сыңайлы. Сөйтсе де күреске білек сыбанып шыққандар бар және олардың қатары көбейетіні де даусыз. Алда әлі уақыт баршылық.
Жұрттың айтуынша, әзірге Барак Обамаға бәсекелес болатын адам – Мит Ромни. Өткен сайлауға да қатысқан. Онда ол Массачусетс штатының губернаторы еді. Одан бұрынырақ Юта штатын басқарған. Сондай-ақ Солт-Лейк-Ситидегі Қысқы олимпиаданың ұйымдастыру комитетін басқарып, көзге түскен. Тіпті Обамамен бедел жарыстырып та жүр. Биылғы қаңтарда Обаманың рейтингі 51 пайыз, ал оныкі 38 пайыз болса, дәл бүгін тиісінше 47 және 45 пайызды құрап отыр. Бұл оның беделі өсіп келе жатқанын аңғартады.
Республикашылар үміткерлерінің арасында екінші орында – Майк Хаккаби. Арканзас штатының бұрынғы губернаторы. Кезінде Билл Клинтон да сол штаттан президенттікке көтерілген. Хаккабиді де жергілікті халық барынша қолдайды екен. Бірақ бұл ұлттық ауқымда қолдау болады деген сөз емес. «Ескілерден» Алясканың бұрынғы губернаторы Сара Пэйлинді айтуға болар. Рас, ол өткен жолы вице-президенттікке түскен, енді өзі болғысы келеді. Қазір әкімшілікте емес, телевидениенің маңында жүр, жай емес, қазіргі президентті сынауды кәсіпке айналдырған.
Жұрттың пікірінше, Рон Пол мен Мишель Бахман «президенттікке де таласқан» деген атақты қанағат етумен шектелетін сыңайлы. Оның есесіне жұрттың аузында кәсіпкер Рональд Трамптың аты жүр. Ол өзінің насихатын Барак Обаманы қаралауға негіздеген. Бұрын да айтылған Барак Обама АҚШ-та тумаған деген (демек, президент болып сайлануға қақы жоқ) әңгімені қайта қоздырып, оны қалай да дәлелдемек. «Дұрыс емес президент жойылсын, Американы сүйетін кәсіпкерге дауыс беріңдер» деген ұран насихат қазір жиі естіледі. Одан қазіргі президент те сескенетіндей.
Мамадияр ЖАҚЫП.