...Тастөбе мен Әулиеатаның арасындағы айдау жолмен таңнан салып, тоқтамай жүрген ат арба бұларды күн батпай шаһар шетіне іліктірді. Көлқайнар ауылдық кеңесінен шақырту алып, майданға аттанып бара жатқан колхозшы жігіт Алпысбайды арбакеш шал әскери комиссариат үйінің алдына әкеліп түсірді.
– Ал шырағым, ел-жұртыңды қорғауға аттанып барасың, жортқанда жолың болсын, аман-сау қайт. Әлдеқалай көріп жатсаң, Тастөбеден, осы Аса өңірінен аттанған өзіміздің ауылдың туыс ер-азаматтарына дұғай-дұғай сәлем айтарсың!.. Алаңдама, елдегі шаруаға ие болар қайратымыз әлі қайта қойған жоқ, бірдеме қылып ілдәлалармыз сендер қайтып оралғанша.
– Бопты, ата... Сәлем айтам ғой, Алла жазып кездесіп жатсам?!.
Жүрегі аяныштан шым еткен ол көзі жасаурап тұрған тұмашадай арық қара шалдың желтоқсанның қара суығынан бозарып өңі қашқан жүдеу жүзіне жабырқай қараған еді.
...Соғыс сұрапылы басталған 1941 жылғы желтоқсанның басындағы осы бір көрініс қарт майдангер Алпысбай Жақсыбаевтың маған бұдан отыз жылдай бұрын айтқан әңгімесінен ойыма оралып отыр.
Кемпірі дүние салғасын Алматыдағы қызы Кәмшат пен күйеу баласы – математикаға шексіз берілген, орасан талантты ғалым Өтелбаев Мұқтарбайдың қолына келіп тұрып жатқан ол қала өмірін кәдімгідей өгейсіп жүрді. Осы үйге жиі келіп тұратын Мұқаңның достарына, шәкірт-аспирант, докторанттарына ауылын, Тастөбесін есіне түсіріп, сонда колхоздың алғашқы ХТЗ тракторын жүргізгенін, қой пермесінің біргәдірі, басқарма болып, еңбекпен тырбанып өткізген өмірін ауық-ауық айта беруден жалықпайтын еді жарықтық.
Алпысбай қарт әр жолы келгенімде «соғыстың әңгімесінен» аз-аздап, суыртпақтап айтып жүрді. Қазақтың ұлан-ғайыр жерінің бір түкпіріндегі кішкентай ауылдың қарапайым ғана адамының өмір жолындағы алыс-алыс жылдарда қалған, жүрегінің қалтарысында жатқан бұл әңгімелер мені өзінің шыншылдығымен баураған болатын сол кездері...
– Майдандағы алғашқы жорығым 4-ші гвардиялық Кубань казактары атты әскерінің 105-полкінде барлаушылықтан басталды. Бұл 1941 жылдың басы – соғыс өртінің бет қаратпай өршіп, шарпып тұрған кезі болатын.
Румыния, Венгрия, Чехословакия сияқты Шығыс Еуропа елдерін неміс фашистері басқыншыларынан азат ету жолындағы ұрыстар кім-кімге де оңай болған жоқ еді. 1942-1943 жылдары күйрей жеңіліп, совет елі жерінен шегініп бара жатқан дұшпан майдан шебін батысқа қарай ығыстырып, тықсырып келе жатқан Қызыл Армияның екпінін басып, қарсы соққы беру мақсатымен қатты қарсыласты. Немістер румындардан, венгрлерден құралған дивизияларды алғы шепке шығарып, бізге қарсы қойды да, өздері тыл жағынан негізгі күштерін тартумен болды.
...Содан не керек, майданға кірдік. Көк пен жердің арасы жарылған бомба, ауыр зеңбіректер снарядтарының дүмпуінен астан-кестеңі шығып жатқанда ат мініп, қылыш асынып қалай соғысамыз деген күмән да, қорқыныш та болды. Адам баласымыз ғой, соғыста ешбір қорықпадым деу асылық болар, иә, шынымен-ақ қорықтық. Ал немістің болат құрсанған техникасы мен әскеріне атпен қарсы тұру мүмкін еместей көрінгені рас. Бақсам, мұным қателік екен. Қасиетіңнен айналайын, жылқы деген жануарды қазақ атам бағзы заманнан бері жорықтарда өзіне бекер серік етпеген ғой. Кубань казактары да бізге тартқан білем, атпен соғысуды анасының құрсағынан үйреніп туғандай екен сабаздарың. Ерсілі-қарсылы оқ жаудырып, зеңбірек атысып, бірін-бірі ала алмаған екі жақтың қарсы шабуылға көтерілген кезінде жер-дүниені көшірген жүздеген ат тұяғы дүрсілінің өзі-ақ дұшпанның зәресін ұшырады. Әсіресе жау шебін тастап қашқан кездегі ат пен қылыштың жойқын құдіретін көрсең. Бірақ атты әскердің күшін орнымен пайдаланбаса, әрине, мұндай соғыста турадан тура салып алға атойлау қатерлі.
Міне, сол атты әскер полкінің барлаушылар взводында қатардағы сарбаз болдым. Біздің міндетіміз – дұшпанның қай жерде қалай бекінгені, шабуылға дайындығы туралы мәліметті алдын-ала қолға түсіру. Есімде ерекше қалғаны – Румыния жеріндегі 1944 жылғы Орадеа-Маре қаласы үшін болған жан алысып, жан беріскен шайқас. Немістер құрсауланып, қатты бекінген. Олардың стратегиялық мақсаты – қалайда бізге осы жерден тойтарыс беріп, ілгері аттатпау. Барлаушыларға берілген тапсырма – жаудың бекіністерін, ондағы шоғырланған күшін нақтылап анықтау. Онсыз шабуылдап қаланы алу мүмкін емес. Шегіне-шегіне аузы күйген жаралы дұшпан өте сақ. Әсіресе түн баласында сыбдыр еткен әр дыбысты қалт жібермейді. Шешуші айқас – 12 қазанда. Сол күні Орадеа-Маре шабуылының тағдыры шешілмек. Осы ұрыстан ұпайымыздың түгел болуы әрбір шептен жіберілетін барлау әрекеттерінің сәттілігіне тікелей байланысты еді.
Басымызды қатерге байлап, жау шебін айналып, бірнеше мәрте жау тылына өтуге әрекет жасадық. Алғы шепте румындардан жасақталған құрамалар бекінген екен. Олардың тыл жағында нешеме түрлі қарумен құрсанған немістердің өздері. Координаттары, орналасу тәртібі, қай тұста танкісі, қай жерде қандай артиллериясы, жіпке тізгендей анықтап шығу оңай болмады. Ал жау тылынан тілді қолға түсіріп алу мүмкін емес, уақыт болса тығыз. Не керек, жау тылына өткесін әйтеуір күндіз орман ішін, түнде сай-жыраны жағалап жүріп, немістердің байланысшылар отряды орналасқан бір деревняны ұңғыл-шұңғылына дейін әбден торуылдадық. Үш барлаушыдан құралған жедел топ, ішінде Алексей Ващенко деген қарулас досым және мен бармын, кәмәндіріміздің тапсырмасымен неміс байланысшыларының паналап жүрген үйлерінің бірін шамамен жобалап, түн жамылып барып сырттағы қарауылды тасадан дымын шығармай тұншықтыра салып, ішке кірсек, мұнда анау-мынау емес, қолында дерегі, әскери-топографиялық картасы бар орта шенді обер-офицер қалың ұйқыда жатыр екен. Ес жиғызған жоқпыз. Аузын шүберекпен тас қып тығындап, қол-аяғын байлап тастадық да, бас жағына жастанып жатқан планшетінен керегімізді алып, ылдым-жылдым жөней бердік. Тапсырма орындалды. Қатерге бас тігілген тәуекеліміз бекерге кетпеді. 1944 жылдың қазан айының сол күндері әр-әр шептен шыққан басқа да барлаушылардың да мәліметтері сияқты, біздің дерегіміздің де осы маңызды бекіністің күл-талқанын шығарған 2-Украина майданының жаяу әскер, танк әскері құрамаларының, оның ішінде біздің атты әскерлер корпусының шешуші жеңісіне жол ашқаны сөзсіз.
Одан соң Венгрия жеріндегі Дебрецен, Ньиредьхаза қалаларын, Будапешті азат ету шайқастары 44-жылдың желтоқсанына дейін жалғасты да, 45-жылдың наурыз-сәуір айларында Братислава бағытындағы ірі-ірі ұрыстарға ұласты.
Гитлер әскері біздің әскерлердің Шығыс Еуропадағы бірінен соң бірі толассыз жалғасқан жеңісті жорығының бетін қайткенмен де қайтаруға тырысып бақты. Будапештің жан-жағынан 1-ші венгр және 1-ші неміс танк дивизиялары, механикаландырылған «Фельдхернхале» көксауыт, мұздай қаруланған дивизиясы қоршай бекініп, бет қаратпай қойды. Осылайша бұл қаланың айналасындағы ауқымы жағынан шағын қорғаныста неміс әскерлерінің үлкен тобы, барлау деректеріне қарағанда, үш жүз мыңға жуық солдаттары мен офицерлері шоғырланған болатын. Будапешті қарқынмен келіп бірден алу мақсаты орындалмады, оның үстіне шабуылдан-шабуыл, 4-5 айдан бері үздіксіз соғыс жорығы, әбден титықтағанбыз. Барлаушылардың да халі осындай, әр сәтіміз қанжардың өткір жүзінде тұрған өмір мен өлім.
...Жау бекінісін жарып өтіп, Будапешт қаласының ішіне кірген біздерге жаралы жау әрбір көшенің тасасынан пулемет пен зеңбіректен атқылап қатты қарсылық көрсетті. Әдемі, әр махалласы сәулетті ескерткіштей қала екен, немістер зеңбіректен үсті-үстіне атқылап әбден қиратып-бүлдіріп жатты. Біздің ауыр артиллерия мен танктерімізге снарядпен атқылауға тыйым салынған, ал жаяу әскер, мына біздердің қолымызда винтовка мен автомат бар, гранат лақтыруға да болмайды. Осыны сезген гитлершілер қаланың «Қаһармандар алаңы» деген үлкен алаңына келіп кірген біздерді дәлдеп төпелеген оқтың астына алды. Алаңда ХVIII ғасыр ескерткіші – көне Вайдхуняд замогы, көркемөнер музейі сияқты сәулет ескерткіштері орналасқан. Ауыр снарядтармен жау бекінген нүктелерді атқылай алмаймыз, амалымыз құрып, бір қадам ілгері жылжу мүмкін болмай қалды.
Ващенко екеумізге взвод кәмәндірі жаудың алаңның қай тұсынан бақылау-нысана пунктін орнатқанын анықтауға шұғыл тапсырма берді. Соны жоймайынша қырылып қалатынымыз анық еді. Дереу айналма көшелердің бұрылыс-қалтарыстарымен, тасалармен жүгіре басып, жау бекінген алаңның тыл жағынан шықтық. Бұл маңдағы үйлердің көпшілігінің сыртқы есіктері тарс бекітілген, айнала тым-тырс. Жан-жағымызға абайлай қарап, тағы бірер үйді төңіректеп көрдік. Бір кезде көшенің оң жақ бетіндегі жалғыз оңаша қабатты үйге көзіміз түсті. Есігі жартылай ашық. Ауланың түкпір жағынан шошқаның қорс-қорс еткені естіледі. Астауға салынған жуынды-қойыртпаққа бас қойған екі мегежіннің бізбен ісі болмады. Алексей маған қарап ым қақты. «Шошқаларын жемдеген, яғни бұл үйде адам бар деген сөз», деді ол. Ішке кірсек, жан баласы жоқ. Бөлменің бәрі бос, қаңырап тұр. Кенет бұрыштағы үлкен әбдіре сандықтың ішінен әлдененің тырс еткеніндей дыбыс естілді. Сандық құлыптаулы екен, әрлі-берлі әуреледік те, аша алмағасын қоя салдық. Кенет ауызғы бөлменің еденінде, кереуетке жақын жерде жатқан құс жастыққа көзім түсіп, көтеріп қалсам, астынан погребке түсетін есіктің қақпағы көрінді. Екеуміз ішіне түстік. Үйдің асты қуыс-қуыс дәліз, барлаушы болғасын қалтамызда үнемі қол фонарымыз жүреді, тас қараңғы дәліздің түкпіріне таман тағы есік көрінді. Арғы жағынан күбір-күбір сөйлеген дауыс құлағымызға шалынды. Қаруымызды оқтап, есіктің қос қапталына тұра қалып, «ашыңдар» деп дауыстадық. Қарсыласқан ешкім болмады, қаба сақал шал екі қолын жоғары көтеріп шыға келді. Артынан кемпірі мен бойжеткен екі қызы ере шықты. Топырлатып жоғарыға шығардық үй иелерін. Мен шалға сандықты аш деп белгі бердім. Алексей автоматын кезеніп, атуға даярланып тұра қалды. Шал сандықты ашқан кезде ішінен немістің екі офицері солбырайып шыға келді. Екеуін дедектетіп алдымызға салып, көшпелі штабқа алып келдік. Қашып бара жатып, жанталаса қарсыласқан немістердің біз іздеген бақылау нүктесін осы екеуінен анықтап, шабуылға шыққан жауынгерлерімізді алаңдағы соғыстың қырғынынан аман алып қалғанбыз.
Мен бұл кезде танкке қарсы артиллерия полкіне барлаушы болып ауысқанмын, әскери шенім – қатардағы сарбаздан гвардия ефрейторына өскен, барлауда екі-үш сарбазға кәдімгідей басшымын дегендей. Жауынгерлік тапсырма берерде взвод кәмәндірі: «Гвардия ефрейторы Жақсыбаев!» деп әуелі ресми түрде шенімді, аты-жөнімді айтып бұйыратын болды. Ал полк командирінің сап алдында: «Барлаушы, гвардия ефрейторы Жақсыбаев Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады деген Бас қолбасшының бұйрығын оқыған сәтте көкірегімді айрықша мақтаныш сезімі кернегені әлі күнге дейін есімде. Ефрейтор деген кішкентай шенімді айтқаны үшін емес, Жақсыбай деген әкемнің аты аталып, соның ұлы болғаным үшін мақтандым...
45-жылдың наурыз айында Дунай өзеніне қарай бет түзедік, бірақ осыған дейінгі аралықта немістердің Грон өзенінің батыс жағасындағы бекінісін алу міндеті тұрды. Барлау жорығына Грон ештеңе емес-ау, Дунайдан өту оңай болмады. Дұшпанның пулеметтен жаудырған оғы, минометінің снаряды өзеннің үстінде мезгіл-мезгіл нөсерлеп бүркіп тұрды. Өзен бетін сызып, айқыш-ұйқыш жарқылдаған прожектордың сәулесінен көз қарыққандай. Осындай жағдайда арғы бетке өтіп, неміс бекінісінің осал тұсын анықтауымыз керек. Арадағы толастарда, бұл әсіресе түн ортасы ауған уақтарда болады, Дунайдан өту әрекетіне кірісеміз. Осы отты өткелде қатарымыз әжептәуір сиреп те қалды. Бірақ алға қойған мақсатымызды орындап шықтық. Өзеннің тастай суық суына малшынсақ та, тоңып қалтырауды түйсініп-сезінерліктей жағдайымыз болмады. Бар ынтамыз, арғы бетке тірі жету. Сол түні өзен үстін тұтас қымтап қалған қалың тұман бізге әжептәуір қорған болды. Ал тірі жетсек, тапсырманың орындалары хақ. Қазір ойлап отырсам, құдай бізді сақтап, ата-баба аруағы қолдаған екен, арғы бетке құрамалы ағаш салмен аман-есен өтіп, тірі қалдық. Ең бастысы, тапсырма орындалды – жау бекінісінің ашық тұстарын тауып, штабқа рациямен хабарлап та үлгердік.
Сәуір айы туа Трнава, Глаговец, Сенец қалаларын азат етіп, Братиславаға бағыт алдық. Бірге соғысқан сол сарбаз жігіттердің көпшілігі майдан даласында қалды. Снарядтың жарықшағы сол аяғымды жанап өткені болмаса, мені жаудың оғы ала алмады. Бірақ соғыста барлаушы жау қолына тірі түспеуі керек деген жазылмаған, бірақ орындалуға тиісті қағида болды. Ал алда-жалда жау тырнағына іліну қатері туындаса өзіңе-өзің қару жұмсаудан басқа амал қалмауға тиіс еді. Сол қиямет соғыстың небір қиын күндерінде де мұндай қайғылы сәтті таңдау үлесі менің пешенеме жазылмапты әйтеуір. Туған елге – Тастөбеге аман-есен оралдым...
Тастөбесіне аман-есен оралған Алпысбай Жақсыбаев соғыс жылдарында күйзеліп, жүдеп қалған ауылының шаруасын түзеуге белсене кірісіп кетті, колхоздың малын өсіріп, егінін салу жұмыстарына ел азаматтарымен тізе қоса отырып басшылық жасады. Жыл сайын мерекеленетін Жеңіс күндерін ел-жұртымен бірге тойлады, әрбір мерейтойлық естелік медальдарын ардагер барлаушы мақтанышпен өңіріне қадап, тағып жүрді. Алайда гвардия ефрейторы Жақсыбаевқа Жеңістің биылғы 66 жылдығын көруге тағдыр жазбады. Тастөбеден Берлинге дейін жеткен қатардағы барлаушының майдангерлік тағдыры ұрпағының жадында сақталады.
Мәди АЙЫМБЕТОВ.
Астана.