«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен жарияланған «Нұр Сұңқар» журналистер байқауы басталды. Биылғы байқау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған.
Бұл туралы «Нұр Медиа» холдингі құрамына кіретін «Астана қаласының теледидары» бағдарламасының жаңа студиясына келген «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин хабарлады.
«Биыл дәстүрге айналған «Нұр Сұңқар» республикалық партиялық журналистер байқауы еліміздің басты мерекесі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады. Сондықтан, еліміз үшін аса маңызды осы мерекелік оқиға біздің журналистердің үлкен шығармашылық жұмыстарына мүмкіндік береді деп сенеміз», – деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.
Әдеттегідей байқауға барлық бұқаралақ ақпарат құралдарының қаламгерлері, операторлары, фототілшілері – орталық БАҚ-тардан бастап аудандық шағын ақпарат құралдарына дейін қатыса алады. Байқау 18 номинация бойынша жүреді, олардың 9-ы – қазақ, 9-ы орыс тілдерінде. Атап айтқанда, жеңімпаздар таңдаулы талдау материалдар үшін, ақпарат берудегі ерекше шығармашылық көзқарас үшін, ең таңдаулы операторлық жұмыс және де фотоматериал үшін анықталатын болады. Жас журналистердің жұмыстары да жүлделерге ие болады.
Кең көлемді қоғамдық-саяси бағдарламалар, ток-шоу, дөңгелек үстелдер, жаңалық бағдарламаларды жазуға арналған және де заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа студиялық павильон бүгінгі таңда телевизиялық бағдарламалардың жоғары сапалылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Егемен-ақпарат».