«Жаман ұлт болмайды, нашар адамдар болады. Әр ұлттың өз ерекшелігі бар. Әлдебір адамдарға қарап тұтастай ұлт туралы кері пікір қалыптастыру дұрыс емес. Мектепте бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп келе жатқаныма 32 жыл болды. Әрдайым балаларға мемлекеттің қамқорлығы туралы, барлық ұлт пен ұлыстың құқы бір екенін, ешкімді бөле-жара қарамайтынын айтып келемін. Айта да беремін».
Тілші екенімізді білген орыс келіншек кеңқолтық қазақ жұртының жақсылығы туралы үлкен әңгіменің тиегін ағытты да жіберді. Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің мұғалімі Татьяна Косыгина еді бұл. Әкесі Борис Косыгин Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген. Өткен ғасырдың 50-жылдарында Қазақстанға қоныс аударыпты. Сырдың жағасына келіп жайланыпты. Содан бері Ақмешіт атырабында тамырын жайып, үйлі-баранды болып, бала өсіріп, қоңырқай тірлік кешкен екен. Татьяна да, оның әпке-сіңлілері де Қызылордада кіндік кескен. Білім алған. Тұрмыс құрған. Қысқасы, олардың өмірі қазақ жерімен біте қайнасып кеткен.
Мына қытайда «қоғам ауысып жатқанда өмір сүр» деген қарғыс бар екен. Бала болсақ та, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары есімізде. Дүкен сөрелері бос қалып, зауыт-фабрикалар жабылып, жұмыссыздық жаппай жайлап, коммунистік режімнен капитализмге көп адам бейімделе алмай, «өкімет өлтірмейді» психологиясынан «өз күніңді өзің көр» қағидатына көше алмай сең соққан балықтай болып адамдар сансырап қалып еді. Сондай аласапыран уақытта «ит тойған, ер туған жеріне» сөзі расқа айналып, өзге ұлттың өкілдері тарихи мекендеріне көше бастады. Көшті тоқтату мүмкін емес еді. Себебі, кетемін деген адамды күшпен ұстап тұра алмайсың. Ол үшін орнықты жағдай, жайлы жұмыс, тойымды тамақ, кешікпей алатын айлық керек. Ал азаттықтың алғашқы жылдарындағы формация барысында ондай жұмақ-жағдайды жасау мүмкін емес-тін. Сонымен, өзге ұлттың өкілдері үй-жайын тастап сыртқа ағылды. Косыгиндер де сол көп көшке ілескен. Ресей асып, Тверь облысына барып қоныстанған. Атамекендеріне оралып, оңды жұмыс тауып, баспаналарын жайлап, жағдайларын сайлапты.
Елизавета, Татьяна, Наталия Косыгиналар сөйтіп бір күннің ішінде көшіп кетеді. Дегенмен, аңсарлары Ақмешітке ауады да тұрады. Балалар демалысқа шыққанда бұлар сөмкелерін көтеріп Қызылордаға қарай тартады. «Ұшақ Қызылорданың әуежайына қонған сәтте ерекше сезімде болатын едім. Жүрегім өрекпіп, соғысы жиілеп, бір барақат күй кешетінмін», дейді Татьяна Борисовна. Сол аңсау оларды Ресейде тұрғызбайды. Ағайынды Косыгиналардың сабақ беру тәсіліне ондағылар таңғалыпты. Білім-біліктерін бағалап, жайлы орын да берген екен. Тіпті, Татьяна Косыгинаға мектеп директорлығы қызметін де ұсыныпты. Бірақ Татьяна бір жылдан кейін туған жеріне қайта оралады. Араға жыл салып екі бауыры да Қызылордаға қайтады.
– Өзіңіз де білесіз, бізде «Ата-ана күні» деген дәстүр бар. Біз сол күні ата-аналарымыздың зиратына барамыз. Зират басын тазалап, құрмет көрсетеміз. Бұл – біз үшін ерекше күн. Ал ит арқасы қиянда ата-анаңа қалай құрмет көрсетесің?! Олардың қабірі Қызылордада жатыр. Біз Тверьде жүрміз. Оның үстіне өзің туған, балалық шағың өткен, есейген, етек жапқан, азамат ретінде қалыптасқан жерге деген қимастық күн санап арта береді екен. Ел жаққа қарап елеңдей беретін болдық. Содан көшуге бел будым,– дейді Татьяна Косыгина.
Осы арада әңгімеге Елизавета Косыгина араласты. «Біз Мәскеуге үнемі барып тұрамыз. Қашан барсаң да, нөсерлетіп жаңбыр жауып тұрғанын көресіз. Әсілі, ауа райы адамдардың мінез-құлқына да үлкен әсер ететін болса керек. Өйткені, мәскеуліктердің қабағы бір ашылмайды. Түнеріп тұрған бұлт сияқты. Жадырап күлгендерін сирек көресің. Ал біздің елдің адамдарды ақжарқын, кеңқолтық, қонақжай, үнемі күліп жүреді. Себебі, бізде күн тас төбеде тұрады. Мәскеудегі ағайындарымыз «50 градус ыстықты қалай көтересіңдер?» деп сұрайды бізден. Ал сол ыстық біздің жүрегімізге жылылық сыйлайды», – дейді ол.
Олар Қазақстанды басқа жұмақ мекенге айырбастамайды. Тіпті, атамекен ұғымын да өздерінше түсінеді. «Этностық отан деген ұғымды түсіне бермейміз. Біз осы жерде тудық. Ата-аналарымыздың да қабірі осында жатыр. Ал енді Ресейге көшкеннен не пайда? Рас, ол – біздің атамекеніміз. Мәселен, немістер Германияға көшті. Ал Германияда оларды кім күтіп отыр? Мәселеге былай қарайықшы: Қазақстандағы барлық ұлт тағдырдың жазуымен осы жерге көшіп келді. Тұрақтап қалды. Сол ұлттар бүгінде жинақталып келіп Қазақстан деген мемлекетті құруға үлес қосып отыр. Елімізде ұлттар достығы бар. Алауыздық жоқ. Күнделікті теледидардан көріп, газеттерден оқып отырмыз: әлемнің әр жерінде қақтығыстар болып жатыр. Ал Қазақстандағы барлық ұлт өкілі бір үйдің баласындай өмір сүруде. Мұның бәрі мемлекет жүргізіп отырған саясаттың жемісі. Сондай-ақ, сол саясаттың дұрыс екенінің көрінісі. Халыққа ең бірінші тыныштық керек. Қазақстан – тыныштықтың талбесігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында 130 ұлттың баласы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Халыққа одан басқа не керек?», – дейді Косыгиналар.
Қазақ мемлекетінің темірқазығы – бірлік. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген аталар даналығын басты ұраны еткен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бағыты айқын, бағдары анық. Бақыттың өзі бірлікке баратынын ежелгі аңыздардан білеміз. Сондықтан бірлігі жарасқан, татулығы артқан елге ырыс қонады. Бір кездері тағдырдың жазуымен Қазақстаннан көшкен сан ұлттың өкілі кейіннен қайта оралды. Оның ішінде біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де бар. Біз ағайынды Косыгиналардан Қазақстаннан көшу себебін сұрадық.
– Шындығында, бізге ешкім кет деген жоқ. 90-жылдардың басында заманның өзі құбылып кетті ғой. Болашағымыз бұлыңғыр болды. Жұрт жаппай көшіп жатты. Көңіл алабұртып тұрды. Біз сол нөпір көшке ілесіп кеттік. Дегенмен, әрекетіміздің қате екенін кейіннен түсіндік. Сосын қайта оралдық. Енді Қазақстаннан көшпейміз. Ондай ойдан арылғанбыз. Құдай қаласа, Қазақстан біздің мәңгілік мекеніміз болады деп ойлаймын,– дейді Татьяна Борисовна.
Бүгінде апалы-сіңлілі Косыгиналар «Мұрагер» мектебінде бала тәрбиелеп жатыр. Әр сабақ сайын олар Қазақстандағы ұлттар достығы мен бірлігі жайында айтудан жалыққан емес. Жалықпайды да. Себебі, олар болашақта да қазақ жерінде бірлік пен мызғымас достықтың болуын қалайды. Ал бүгінгі жас бала ертеңгі мемлекеттің тізгінұстары. Сондықтан ағайынды Косыгиналар жас санаға ізгілік нұрын себуді басты міндеті санайды.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.