11 Мамыр, 2011

Апта айшықтары

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
АССАМБЛЕЯНЫҢ АҚЖАЙЫҚҚА ҚОЛДАУЫ Өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоқжанов бастаған Ассамблея кеңесінің мүшелері Ақжайықта болды. Олар биылғы көктемде тасқын судан зардап шеккен Зеленов, Тасқала аудандары мен Орал қаласы тұрғындарымен кездесті. – Ел халқының бірлігі тасқын су кезінде де айқын  көрінді. Батысқазақстандықтарға бүкіл республика жұртшылығы көмек қолдарын созды. Еңбек ұжымдары арнайы ашылған есеп-шотқа бір күндік жалақыларын аударды. Бұл тұрғыда Ассамблеяның үлесі –20 миллион теңге, – деді кездесу кезінде Ералы Лұқпанұлы. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы. * * * БІЛІКТІ МАМАН ЕЛДІ ӨРКЕНДЕТЕДІ Елімізде индустриялық бағыттағы жобаларды іске асыру алдымен кадр дайындау мәселесімен сабақтаса өрбиді. Бұл мәселе өткен аптада Атырау мұнай және газ институтында «Мұнай және газ кешені инфрақұрылымының индустриялануы және дамуы» тақырыбындағы аймақтық конференцияның негізгі өзегіне айналды. Конференцияда институт ректоры Т.Серіков мұнай-газ өнеркәсібіне отандық мамандар дайындаудың маңыздылығына тоқтала келіп, «Қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген жастарымыз біліктілігін ұдайы көтеруі қажет. Өйткені, бәсекеге қабілетті ел болу үшін мамандарымыз да бәсекеге төтеп берерліктей біліктілік танытуы тиіс», деген пікірін білдірді.  Экономиканың әр саласын өркендету, әсіресе білікті мамандар даярлаумен байланысты болатынына тоқтам жасалды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * «АНА МЕН БАЛА» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығында дүниеге келген көкшетаулық сәбилер енді бір оншақты жылда ата-аналары отырғызған ақ қайыңдар желегіне бөленген «Ана мен бала» аллеясында думандатып серуендейтін болады. Жуырда пайдалануға берілген 170 төсек-орындық перзентхана маңында орналасқан отбасы саябағының ашылуы қалалықтардың жарқын мерекесі ретінде өзінің дәстүрлі сабақтастығын жалғастырмақ. Салтанатқа жаңа босанған он ана қатысып, облыс әкімі Сергей Дьяченконың қолынан өздері отырғызған талшыбықтардың атаулы сертификатын алды. Сондай-ақ, бұл ерекше шараға қаланың құрметті азаматтары, «Жасыл ел» тобының мүшелері қатысты. Бақберген  АМАЛБЕК. Ақмола облысы. * * * ОТТЫ ЖЫЛДАР ТАҒЫЛЫМЫ Ұлы Отан соғысына Оңтүстіктен 140 мыңнан астам ер-азамат аттанып, соның жартысына жуығының сүйегі майдан даласында қалды. Сұрапыл соғыс салған жараның орны мыңдаған жүректерден өшпек емес. Ер есімі ел есінде. Жеңіс күні майдангерлер “Даңқ” мемориалындағы “Мәңгілік алауға” гүл шоқтарын қойды. Салтанатты митинг өтті.  Кешқұрым мереке “Шәмші аллеясында” мерекелік концерт пен отшашуға ұласты. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент. * * * ЕШКІМ ДЕ, ЕШ НӘРСЕ ДЕ  ҰМЫТЫЛМАЙДЫ Қызылорда қаласының «Тағзым» алаңында Ұлы Жеңістің 66 жылдығына орай салтанатты шеру өтті. «Ерлік көктемі» атты сахналық көрініспен шымылдығын ашқан шеруге аймақтағы ардагерлер, тыл еңбеккерлері, ауған соғысының ардагерлері қатысты. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық әңгімелер айтылып, сұм соғыстың қасіреті туралы көріністер көрсетілді. Адамның сай-сүйегін сырқыратар әуенмен әрленген көріністер көзге жас үйірді. Аға буынның Отан үшін от кешкен жылдары шынайы түрде бедерленді. Онан соң, жеті сарбаз «Тағзым» монументіне даңқ гриляндиясын әкеліп қойды. Облыстағы барлық мекемелер аталар аруағына мінәжат етіп, алаңды гүл шоқтарымен көмкерді. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы. * * * ТІС ДӘРІГЕРЛЕРІ АУЫЛДАРҒА БАРАДЫ Облыс аудандарын аралауға шыққан жылжымалы стоматоло­гиялық кабинет алдымен Қостанай қаласының іргесіндегі Затобол кентіне тоқтады. Көліктің  ішіне медицинаның осы саласындағы  заманауи құрал-жабдықтар орналастырылған. Стоматологтардың мәліметінше, облыстағы 18 жасқа дейінгі балалардың 60-80 пайызы түрлі деңгейдегі тіс ауруына шалдыққан. Жылжымалы клиниканың ауылға келуі тұрғындарға  өте тиімді екенін көрсетті. Өйткені, ауылды жерлердің барлығында бірдей стоматологиялық кабинет жоқ. Аудан орталықтарында болғанмен, оларда маман да, құрал-жабдықтар да жетісе бермейді. Ал бір Қостанай ауданының өзінде  400-ден астам бала тіс ауруымен  тіркеуде тұр. Тіс дәрігерлері әр елді мекенде 20 күн тұрақтап, ауыл балаларына  стоматологиялық қызмет көрсететін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. * * * ЖЕТІ ОҚУШЫ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ Өскемен қаласының жеті бірдей оқушысы Чех Республи­ка­сының астанасы – Прага қаласында өткен халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша олардың барлығы Еуропа мемлекеттеріндегі оқушылармен тең дәрежеде бақ сынасып, терең білім алғандарын дәлелдеді. №38 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушылары Тоғжан Тойбағарова, Дарина Яковлева, қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушысы Талғат Уатханов бірінші  орынды, №39 орта мектептің жоғары сынып оқушылары Диас Қамбарханов екінші орынды иеленді. Аты аталған шәкірттердің барлығы «Алтын белгіге» үміткерлер. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.