Арындаған тұлпардай аппақ автокөліктер Қостанайдың орталық алаңында қаздай тізілді. Сымдай тартылып сапқа тұрған полицейлер салтанатты түрде аймақ басшысының қолынан көліктердің кілтін алды. Соңғы жылдары облыс әкімі Сергей Кулагин тәртіп сақшыларының материалдық жағдайының жақсаруына айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Бірнеше жылдың ішінде олардың формасы түгел жаңартылды, барлық учаскелік пункттер компьютермен жабдықталды, көше тәртібін бақылайтын видеокамералар орнатылды. Облыс әкімшілігінің көмегімен Ішкі істер департаментінің автопаркі де жыл сайын толықтырылып отыр. Осы жолы облыс басшысы 124 машинаның 51-ін учаскелік полицейлерге, ішінде видеобақылағышы, компьютері бар автомашинаны жол полициясына, 27 көлік қылмыстық жедел тергеу бөлімшелерінің, 16 машинаны кезекші бөлім, қалғанын басқа да қызмет бөлімдер қызметкерлеріне табыс етті.
Техникалық инновацияның енгізілуі полиция жұмысындағы тиімділікті еселеп арттыратынын осы салтанатты шарада облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Болат Байжасаров та айтып өтті. Қазір тұрғындар облыстық ішкі істер департаментіне өздерінің өтініші мен арыз-шағымын электронды түрде жібере бастады. Жол қозғалысының автоматты басқару жүйесін және қозғалыс күшейген мезгілдерде алыстан басқарылатын видеобақылау камералары бар бағдаршамдардың қосылуы облыс орталығында жүріс-тұрысты реттеді. Апат жиі орын алатын, қозғалысы көп көшелерге 10 стационарлық фотокамера орнатылған. Материалдық-техникалық базаның нығаюы сөз жоқ, қылмыстыларды ұстауға, оның алдын алуға оң ықпал жасайды. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ауыр қылмыстардың ашылуы 15,4 пайызға өскен. Ал жасөспірімдер жасаған қылмыс 42,9 пайызға дейін азайған.
Машина мінген полицейлердің арасында Қостанай қалалық ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы Бауыржан Илияс та бар. Ол қаланың шетіне таман орналасқан «2-Қостанай» деп аталатын ең «мазасыз» тұрғын ауданның тәртібін күзетеді.
– Тұрғын ауданның ұзын-ырғасы 10 километрді құрайды. Машина жоқ кезде оны аралап шығудың қиындығы көп болатын. Енді машинамен оқиға орнына бұрынғыдан тезірек жетеміз, – дейді Бауыржан. Бұл тек Бауыржанның ғана емес, оның көлік мінген барлық әріптестерінің лебізі дер едік. Ал Бауыржанның өзі басқа да қызмет өкілдерімен бірлесіп, жылдың басынан бері он қылмыстың бетін ашты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.