Еліміздің барлық өңірінде 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған іс-шаралар өтті. Көктемнің шуақты күні алдыңғы толқын аға мен кейінгі толқын ініні дидарластырып, бірі өткен күндерден естелік айтса, екіншілері ұйып тыңдады. Сондай бір әдемі жүздесу Сөгеті ауылында да болды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлміш Қошақаев соғыстың сұрапыл жылдарындағы батыр ұлдар мен батыл қыздар туралы айтып, солардың күн санап азайып бара жатқанынан, қазір кей ауылдарда мүлде қалмағанынан, тылдағы еңбек те майданнан кем болмағанынан дәлел-дәйектер келтірді. Ауыл әкімі А.Қашағанов соғыс және еңбек ардагерлеріне арнайы аллея жасалатынын, оның жоба-жоспары әзір тұрғанын, бұл өткен ұрпақты мәңгілік естен шығармау үшін атқарылатынын жеткізді. О.Жандосов атындағы мектеп оқушылары алуан түрлі өнерлерін ортаға салып, спорттық ойындарын көрсетті.
Санаулы қалған соғыс және еңбек ардагерлеріне ауылдан түлеп ұшқан қазақ спортының айтулы өкілі Ермұрат Қайыпжанов, кәсіпкер Сәкен Әбдіқалиев, өзге де азаматтар сый-сияпат жасады. Ұлттық ат спортын жаңғыртып, 5 командадан тұратын көкпаршылар арасында сайыс өткізіп, бағалы сыйлықтар тапсырды. Алматыдан арнайы келген «Бауыржан-шоудың» әртістері өнер көрсетіп, жиылған жұртты бір серпілтіп тастады. Сол секілді еркін күрестен Қазақстан чемпионы, 10-сынып оқушысы Ұлболсын Қожабердінің таяуда Түркияда өтетін әлемдік жарысқа алған жолдамасының жол шығынын ауылдан шыққан, еліміздің әр өңірінде тұрып жатқан сан түрлі сала мамандары көтеріп, қомақты қаржыны ақжол тілеп оның қолына тапсырды.
Сүлеймен МӘМЕТ.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.