Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев облыс активін жинап, кеңес өткізді. Жиын Елбасының 17 сәуір күнгі кеңесте Үкіметтің алдына қойған міндеттерін өңір бойынша жүзеге асыру барысына арналды. Соған орай, облыс басшысы өңірдің индустриялық-инновациялық даму бағытында қол жеткен табыстары мен алдағы міндеттер туралы баяндап, өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында алда атқарылуға тиіс мәселелерді атады, оны орындауда жергілікті билік өкілдеріне арнайы тапсырмалар берді.
Өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асуда. Ішкі өнім өндіру көлемі 7 пайызға өссе, сыртқы сауда айналымының 2 есеге жуық ұлғайғаны байқалуда. Жыл басынан бері өңірге 25 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылыпты.
Бұл күндері облыстағы барлық аудандар науқанға сай көктемгі егіс жұмыстарын да бастап кетті. Шаруаларға 15 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Биыл аграрлық саланы қолдауға 6,5 млрд. теңге жұмсалмақшы. Железинка ауданының шаруалары 260 миллион теңгенің техникаларына қол жеткізді. Қазірде 29 арнайы кешенді техника тұқым себуге сақадай сай тұр. Осылайша, бұл жылы астықты алқапты өткен жылғыға қарағанда 16 мың гектарға ұлғайту мүмкін болып отыр.
Ауданның мал шаруашылықтары ет өндірісін дамытуға мән беруде. Мысалы, «Пахарь» серіктестігі 7 мың гектар жерді суармалы жүйемен игеруге кіріскен, сондай-ақ алда мал бордақылау орталығы мен көкөніс қоймасын салуды жоспарлап қойған. Азық-түлік бағасына тәртіп нарық жолымен іске асырылады. Ал, облыс өзін-өзі қажетті азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады. Павлодар ауданына қарасты Чернояр ауылдық аумағында суармалы алқаптық жүйе қайта қалпына келтірілді. Бұрын онда 2,5 мың гектар жер суарылса, биылдан бастап тағы да 5 гектар алқапқа су жіберіледі. Бұл көкөніс өнімі көлемін 63 мың тоннадан 100 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Олай болса, енді барлық басқа аудандар осы жүйе бойынша суармалы алқаптарды көбейтуге кірісулері қажет. Азық-түлік қауіпсіздігі дегендегі тағы бір мәселе, жалпы облыс бойынша көкөніс қоймаларының аздығы. Былтыр жалпы сыйымдылығы 3700 тонна болатын үш қойма ашылды.
Өз аудандарында көкөніс қоймаларын жасау туралы аудан әкімдері нақты ұсыныстар білдіре алмай отырғандары өкінішті. Биыл облысқа 3 млрд. теңге көлемінде субсидия беріледі. Қайтарымсыз қаржыны алған өнім өндірушілер өз кезегінде баға тұрақтылығын сақтауға да көмектеседі деген үміт бар.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңірдегі ауыл шаруашылығының жер қорын тексеру жұмысы жүргізіледі. Әлі 380 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған жоқ. Бұл «мақсатқа сай пайдаланылмайды», «мүлдем қолданылмайды» деген желеумен тұрғындардан жерін дөрекі түрде тартып алу деген сөз емес. Барлық заң талаптары сақталуға тиіс. Сонымен қатар, соңғы жылдары шағын және орта кәсіпкерліктің, соның ішінде ауылдағы кәсіпкерліктің дами түскені көңіл қуантады. Облыс әкімі осы бағытта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру жалғасын тауып жатқанын атап өтті. Биыл бұл бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге қаржы бөлінді. Ал алдағы жылы «Өнімділік-2020» бағдарламасы іске қосылады. Биылғы жыл басынан бері бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылыпты. Өңірде қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да табысты орындалуда. Биыл 122 инвестициялық жоба осы бағдарламаға енгізілді. Оның жалпы құны 1 триллион 121 млрд. теңге тұрады. Өткен жылы өңірде 30 жоба сәтті іске қосылғаны белгілі, биыл тағы да осындай 40 жобаның тұсауы кесіледі деп күтілуде. Жаңа өндірістер ашылуымен қатар, өнімділікті арттыруға бағытталған жаңа бастамалар ұсынылып отыр. Өндірістер қазірден бастап технологиялық жаңғыруға батыл кіріспесе кәсіпорынның өнімдері бәсекеге қабілетті бола алмайды, сұранысқа жауап бере алмайды. Жобаларды қаржыландыру мәселесіне келгенде, екінші деңгейлі банктердің де мүдделестігі ауадай қажет. «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында облыс ішіндегі өндірісті жаңғыртуға және өнімділікті көтеруге негізделген 49 жоба ұсынып отыр. Ел Президентінің ұстанған саясаты бойынша алғаш рет бизнес саласына жеңілдетілген несиеден бастап, кадр даярлауға дейінгі қолдаудың 100 түрі көрсетіле бастайды. Елбасы шағын және орта бизнестің жолында кездесетін әкімшілік кедергілерді жою үшін барлық заңнамаларға тексеру жасауды тапсырды. Бизнеске бөгет жасаушылар орталық аппараттарда ғана емес, қалалық кеңселерден де табылады. Сол себепті бизнес өкілдері арыздарының қаралу барысын қадағалауға мүмкіндік беретін интернет-сервис қызметін әзірлеу тапсырылды. Онлайн тәртібіндегі бұл жаңа қызмет түрі 1 шілдеге дейін дайын болуға тиіс.
Тағы бір мәселе, Ресеймен көршілес орналасқан облыс үшін Кеден одағының маңызы зор. Яғни, кәсіпкерлер Ресей және Беларусь елдерінің рыногын зерттеп біліп алулары қажет. Ал жергілікті кәсіпкерлер шетелдің технологиясын алып келуді ғана біледі. Облыс орталығындағы екі университет ғалымдары инновациялық жаңалықтар ойлап тапқанымен, әзірге оларды тәжірибеге алып, танысып жатқан ешкім жоқ. Өндірісті өңір үшін кәсіби мамандар даярлауды жаңа деңгейге жеткізу мақсатында облыс орталығындағы №7 кәсіптік лицей енді металлургия саласына мамандар дайындайтын орталыққа айналады. Сонымен бірге, Екібастұзда да отын-энергетика саласының жұмысшыларын даярлайтын оқу орнының ғимараты салынуда. Биыл облыс орталығында жаңа үлгіде білім беретін интеллектуалды мектеп салына бастайды. Яғни, 2016 жылға қарай үш тіл меңгертіледі, соның ішінде ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап енгізіледі. Өкінішке қарай, біздің облыста да «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерден білім алып келген түлектер жұмыс таппай жүр. Әкім осындай біраз жайлардың өңірде нақты жүзеге асуын билік орындарына жүктеді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.