13 Мамыр, 2011

Келешегі кемел Қапшағай

1178 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Айдыны шалқыған асау тол­қынды Іле өзенінің жағасына қо­ныс тепкен Қапшағай қаласы өт­к­ен жылы қырық жылдық белесті артқа тастады. Өткені мен бү­гі­ніне баға берген алыс-жа­қын­нан келгендер тартымды әң­гі­ме қозғап, мәре-сәре болды.Халқы­мыз «Елу жылда ел жа­ңа» деген сөздің риясыз шын­дығына осы­лай көз жеткізді. Сол кезде ай­мақ қазіргідей қай­наған тірші­ліктің ортасы емес, өмір-өзен өз ағы­ны­мен баяу өтіп жатқан-ды. Оның өзгеру себебі былай бас­талған. Ел экономикасының страте­гиялық бағдарында энергетика саласын дамыту кезек күттірмес міндеттердің біріне айналып, қа­ланың тарихи құрылысы санал­ған жасанды Қапшағай теңізі ға­на емес, Алматыға серіктес Қап­шағай шаһары шаңырақ кө­теріп, іргетасы қаланған. Бүгінгі ша­һар­лықтардың өмірі осы қа­ла­мен етене болғандықтан, оның қол жеткізген биігін көз алды­мыз­дан өткізсек, әрине көңіл толып, марқаяды. Жетісу арқылы созылған ұлы Жібек жолының бір бөлігі қа­зіргі Қапшағай аумағындағы Іле өзенін кесіп өткені белгілі. Жүз жылдан бері осы өткелдің жағ­дайы көп өзгермеген. Бұл т­у­ралы П.Семенов-Тяньшанский мен Ш.Уә­лихановтың күнделік­те­рін­дегі жазбалары куә болады. 1853 жылы топограф Сонин өзен арқылы өткел ретінде және әскери бекініс құрылысын салуда осы жерді таңдапты. Күзет және қызмет көрсету мақса­тын­да гарнизон құрылса, кейіннен кентке айналған. Тұрақты көпір салу туралы мәселе ертерек кө­терілген. Кент қызметкерлері өзен­нен өткізу қызметінен бө­лек, өзен бойымен кеме қаты­на­сын да жолға қояды. Бұл Іле өзенінің басы мен аяғы ара­лы­ғындағы елді мекендермен, тіпті көршілес Қытаймен де сауда­ның дамуына мүмкіндік туғыз­ға­нын содан бергі уақыт саралап отыр. Кеңес кезеңінде жаңа заман­ға бейімделген ілеліктер балық аулаумен, кеме қатынасымен, құ­рылыс жұмыстары үшін қа­мыс шабумен айналыса баста­ған. Қапшағай шатқалында су электр стансасын салу идеясы сонау 1942 жылы басталса, 60-жылдардың басында «Гидропроект» бүкілодақтық жобалау-іздеу және ғылыми-зерттеу инс­титутының қазақ филиалында Қап­шағай ГЭС-інің жобалау жұ­мыстары толық аяқталады. Құ­ры­лыстың бас мердігері «Ертіс ГЭС Құрылыс» тресі саналса, құрылысшылар 1963 жылы Шы­ғыс Қазақстаннан, Ертіс өзе­нін­дегі Бұқтырма ГЭС-інің құры­лы­сынан келген еді. Бүкілхалықтық сипат алған құ­рылысты салушылар көп ұлт­тың өкілдерін құрады. Қала мұ­рағатында сол кездегі ГЭС құ­ры­лыс­шыларының комсомолдық жол­­дамалары сақталған. Жұмыс өте ауыр болғанымен, жастардың те­ңіз жағасындағы қаланы көру, оған үлес қосу арманы бәрінен жо­ға­ры тұрғанын атап айтқан жөн. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде кешегі кемел тарихы, бү­гінгі көрікті келбетімен келешекке жарқын жол салған Қапшағай талай ұлттың, талай ұрпақтың өкі­лін құшағына алып, жыл­дар­мен бірге есейді. Осы жерде ГЭС бой көтергенде Қапшағай қаласы елдің стратегиялық маңызды ны­са­ны және республикада эконо­ми­калық-стратегиялық мән-маңызы бар құнды жобалардың қатарын құрады, әрі бірегейі екенін дәлелдеді. Елбасының жыл сайынғы жол­­дауларындағы тапсырма­лар­ды орындауда қапшағайлықтар ерекше қарқынмен еңбек етіп келеді. Қапшағайда өндіріс пен құ­рылыс-құрастыру жұмыс­тарының көлемі өсіп, жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Негізгі капиталға инвестиция тарту үшін Қапшағай шаһары, Заречный және Шеңгел­ді округтеріндегі өнеркәсіптік-индустриялық аймақты дамытуға арналған іс-шаралар жоспары мақ­сатты түрде жүзеге асырыл­ғаны осының айғағы. Инвестиция тарту жағынан да шаһар қолайлы аймақтар қатары­нан табылады. Жыл сайын негізгі капиталға жиырма миллиард тең­геге дейін қаржы тартылған. Қыс­қа мерзімде «Арна» өнеркәсіптік аймағында «IAG Trade» балық өң­деу кешені мен металл құры­лымдарын жасайтын «Ilno group» зауыты пайдалануға берілген. Кө­к­өністі өңдеп, тұтынушыға ұсы­на­тын кешен жақын күндері іске қо­сылмақшы. Жылу оқшаулау тақ­тай­шаларын өндіретін «Пеноплекс» зауытының екінші кезеңін іске қосу жоспарланса, электр қо­салқы стансаларын шығаратын «Электрқалқан» зауытының құ­ры­лы­сы бітудің алдында. Қапшағайдың әлеуметтік-эко­но­микалық дамуын жақсарту мақ­сатында Алматы қоршау құры­лымдары зауытының жанынан базальт талшықтарын өндіретін кә­сіпорын құрылысын жүргізу жос­парланған. Мұның бәрі айналып келгенде жаңа кәсіпорындарды іске қосу нәтижесінде өнеркәсіп көлемінің артуына мүмкіндік туа­тынын көрсетеді. Құрылыс саласында қырықтан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оларға жаңа құрылыстарды, ескі нысандарды қайта салу мен жөн­деу, сейсмокүшейту жұмыстарын жүргізу жүктелген. Аймақта мыңдай шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істесе, қала бюджетіне 639,1 млн. теңге қаржы түсті. Онда 10 456 адам еңбек етеді. Жыл басынан бері 3195,3 мың теңгенің өнімі тұтынушыға жол тартты. Аталған саланың дамуына өзіндік үлес­те­рін қосқан кәсіпкерлер қатары то­лығып, өнім сапасы да жоғарылай түскен. Соңғы жылдары Қапша­ғай қаласы тұрғындар мен туристерге ыңғайлы, көрікті де жасыл қалаға айналып келеді. Мұндай жұмыстармен «Қапшағай Көркей­ту», «Қапшағай Жылу», «Қапша­ғай су құбыры», «Қамқор» ком­муналдық кәсіпорындары айна­лы­сып, шаһардағы экологиялық ахуалды жақсартуға үлестерін қосып отыр. Ауыл шаруашылығын дамыту, гектар берекелілігін арттыруда 275 өндірістік кооператив пен шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ізденіс та­нытып отыр. Осылайша 73,9 мың гектар жер тиімді пай­да­ла­нылуда. Қаламызда өткен жылы жүр­гізілген «Жол картасы» бағдар­ла­масы тиімділігімен ерекшеленді. Оны жүзеге асыру негізінен әлеу­меттік және тұрғын үй-комму­нал­дық салалардан бас­талды. Әлеу­меттік жағынан жа­ңа жұмыс орындарын ашу және маман­ды­ғы бойынша қазіргі уақытта жұ­мысқа орналаса ал­ма­ған кадр­ларды қайта даярлау өте тиімді болды. Қапша­ғай­лық­тар үшін «Жол картасы» жаңа маман­дық алудың мүмкіндігіне жол аш­ты және жүздеген адам өз кәсіп­терінен нәсіптерін тауып отыр. Уақыт өткен сайын қаланың кескін-келбеті өзгеріп, сәулет­те­не түскен. Бағдарлама аясында қала жедел көгалдандырылып, жасыл желекпен көмкеру, безендіру мақсатында жол бойы, базарлар, мәдениет және демалыс нысандарына саялы ағаш кө­шеттері отырғызылып, эколо­гия­лық ахуалдың өзгертуге негіз қалануда. Қапшағай жағалауында туризм индустриясының қарқын­ды дамуына мүмкіндік мол. Жа­ңа демалыс аймақтары са­лын­ды. Ақылы туристік-экскурссиялық қызмет көлемі шамамен үш жүз миллион теңгені құрады. Жаға­лауда 250 база орналасса, олар­дың көбі тұтынушы мен демалу­шыларға кеңейтілген қызмет түрлерін көрсетіп келеді. Ойын бизнесі – қала бюджетін толтырудың бір көзі десек, асыра айтқандық емес. Жаға­лауда ойын-сауық орталығы жұ­мыс істейді. Қапшағайда 23 казино салынады деп болжанса, бүгінгі күні онға жуығы жұмыс істеп тұр. Тарихын жетпісінші жылдар­дан бастаған қала талай уақыт белестерінен осылай асты. Бір кезде комсомолдық жолдамамен келген жиырмалардағы ұл-қыз­дар бүгіндері қаланың құрметті ардагерлері атанған. Тәуелсіз­дігіміздің 20 жылдығы қарса­ңын­дағы еңбек үрдісі жаңа екпінмен жалғасуда. Жас ұрпақ тәрбиесі, халықтың рухани-мә­дени дамуына жол ашылғанын да айтқан абзал. Елжандылық бағыттағы бастамалар да өмір­шең­дігімен айқындалуда. Шаһар тарихы – әкелеріміз бен ана­ларымыздың, онда тұратын әр­қай­сымыздың тарихымыз. Осы алтын арқауды жалғастыру бү­гін­гі ұрпақтың міндеті. Кешегісіз келешектің бол­майтынын ескерсек, өткенімізді саралап, таразыдан өткізіп, келешекке үлкен үмітпен қадам жасайтынымыз ақиқат. Демек, қаланың келешегі кемел, халық­тың ертеңі нұрлы деуге болады. Наурызбай ТАУБАЕВ, Қапшағай қаласының әкімі.