13 Мамыр, 2011

Сан тағдырды тоғыстырған

384 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жарық дүниеге келгеннен бас­тап тастанды бала атанып, маң­дайға жазылғанға көніп, же­тім­діктің қасіретін көріп жетіл­ген­дер­дің обалы әке-шешелеріне десек, қартайғанда бала-шаға қызы­ғын көретін тұста терезе түбінде тысқа телмірген тағ­дырлардың ұя­ты кімге деген сұрақ туындайды. Құдірет шикі өкпеге зар қылған соң барар жері, басар тауы болмай, жан тыныштығын осы жерден тапқандарға баға беруден аулақпыз. Әркімнің жа­быр­қаулы жанары өз тағды­ры­нан сыр шертеді. Әрқай­с­ы­сы­ның өзіне, өткен өміріне есеп беретіні осы тұс секілді. Көкейде жүрген  осы ой Қапшағайдағы «Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат» үйіне атбасын бұрғызды. – Осында директор болып келгеніме алты жылдың жүзі болды, – деп бастады әңгімесін Қапшағайдағы «Қарттар мен мүгедектерге арналған  интернат үйі» мемлекеттік мекемесінің директоры Зина Ержанова. Интернат үйі Алматы облы­сының жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және  әлеуметтік бағдар­лама­лар басқармасының  қара­ма­ғын­да. Қазіргі уақытта  оны 227 адам мекен-тұраққа айнал­ды­рып­ты. Ин­тернат қарттар мен мүге­дек­тер үйі деп аталған­дық­тан, осында тұра­тындардың жас мөл­шер­лері 27 жастан жоғары.  Атап айтқанда түрлі ұлт  өкіл­дері  орыс, қазақ, белорусь, ингуш, кә­ріс, башқұрт, неміс, тіпті лит­ва­лық пен қытай өкілдері де бар. Солардың ішінен  үлес сал­мағы бойынша  орыстар, одан кейін қа­зақтар басым екендігін айтпасқа болмайды. Мұндағылардың  тағдырлары  әртүрлі. Кейбірінің шын мәнінде  бала-шағасы жоқ болса да, бала­лары шет елдерге көшіп кетіп, өздері осы жақта қалып қо­йып, жалғызбасты, асыраушысы жоқ  деп есептелгендер. Балалары көп қазақ отбасыларында қартайған  әке-шешесін қарау  міндетінен қа­шып, бір-біріне итеріп тастай­тындарды да көрдік. Кездескен қария өзін «Нұрах­мет Анықбайұлымын» деп таныс­тырды. 1931 жылы  туылған ол бұ­рын Қазақстанның азаматы бол­ған әкесімен ілесіп, Қытайдан 1962 жылы елге келген көрінеді. Алғашқыда қой баққан, кейін, зейнет жасына жеткенше  Қарға­лыдағы шұға комбинатында еңбек етіпті. Жолдасы ертерек қайтыс болған соң, жалғыз ұлын жетектеп жүріп, жетілдірген оның ал­дынан тағы да тағдырдың ауыр салмағы күтіп тұрған. Әскерге жіберген жалғыз ұлының қайтыс болғаны жөніндегі  «қаралы хабар»  қара шалдың қабырғасын одан сайын күйретіп жіберген. Барар жері, басар тауы қал­мағандай, мына кең дүниенің ол үшін тар болуы немере бауы­ры­ның  үйінен  кетуіне себеп бо­лып­ты. – Ешкімге салмағымды сал­майын, деп осында келдім, – дейді ақсақал. Өткен екі жарым жыл ішінде  Нұрахмет ақсақалдың  өмірін­дегі  елеулі  оқиға – бір басы екеу болыпты. Тағдыр айдап, кездескен жандар қартайған шағында  бір-біріне демеу, сүйеу болайық  деген. Сан тағдырлар тоғысқан үйдегі тірлік осылай жалғасуда. Қарттар үйіндегі адамдар мұн­­да барлық жағдайдың бар екендігін айтады. Оны біз  де байқадық. Көңілді алаңдатқаны адамдардың маңдайына, пешенесіне жазылған  бетбақ тағдыры. Жағдай болып жатса, бала-шағасының ортасын­да, солардың қызығына тоймай, адами ғұмыр кешкенге не жетсін. Жатар орны, ішер тамағы, киер киімі бол­ғанмен  адами бақыт бұ­лардың маңдайына бұйырмауы олар­дың өздерінің өзектерін өр­те­се,  өзге­ні де мазалайды. Айтуға оңай. Алайда, «құдай басқа бермесін» дейтін тағдыр дегеніміз, бәлкім, осы шығар... Күмісжан БАЙЖАН. ___________________ Суретте: қарттар үйіндегі жарасымды бір сәттен.