І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының сахнасында әлемдік драматургияның шыңы саналатын У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы қойылды. Қазақтың кең тынысты ақыны Хамит Ерғалиев ақөлең түрінде аударған шығарманы театрдың бас режиссері, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлебай сахналаған кезде ықшамдап, қазақы ұғымға ыңғайлай түсіпті. Режиссердің бұл шеберлігінен терең философияға құрылған оқиға желісіне ешқандай нұқсан келіп тұрған жоқ. Ғұмырын театрға арнап келе жатқан кәнігі маманның айтуынша, драматургияның әлемдік інжу-маржаны саналатын шығарманы қоймай, ешқандай театр биік деңгейге шықтық деп айта алмайды. Қостанай театры мұндай биікке он жылдың ішінде көтерілді. «Ән түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деген емес пе Абай! Қазақ театры «Гамлетті» қояды дегеннен зал көрерменге лық толды. Оның арасында қариядан жастарға дейінгі жас ерекшелігін былай қойғанда, орыс театрының көрермендері де жүр. Спектакль аяқталып, сахна жабылғанда оны бір деммен отырып көрген жұртшылық дуылдап орнынан тұрып кетті. Расын айту керек, режиссердің де, актерлердің де, көрермендердің де мұндай алақай қуанышы әр сәт бола бермейді. Бұл ұлы шығарманың бояуын бұзбай, көрерменге жеткізе білуден болар. Актерлердің ондағы әр кейіпкердің бейнесін әрлеп шығара білуінің арқасында ақ пен қараның, адалдық пен арамдықтың, махаббат пен ғауадаттың мәңгі күресін ойып алып көрсеткен шығарма қырланып, жұтына түскен. Әкесінің інісі Клавдийдің опасыздығы үшін одан кек алуды ойлаған Гамлет – Нұрлан Кенжеахметовтің әр қимылын зал кірпік қақпай күтіп отырды. Бойын кек кернеген Гамлеттен батылдықты да, батырлықты да, әділдікті де, тіпті ең жақын адамдарын жоғалтқан шарасыз жанның да күйін ұғуға болатын еді. Ақырында оның өзі де осы күрестің құрбанына айналады.
Өнердің құдіреті емес пе, көрермен де ой жетегінде кетеді. Екі жүзді Полоний, өзінің тоғышарлығы жолында туған ағасын құрбандыққа шалған Клавдий, адалдықты ұстап тұра алмаған Гамлеттің анасы Гертруда болмаса адалдық, адамгершілік үшін өмірде күрес те болмас еді. Гамлетті сүйген Офелияның шынайылығын жас актриса Мөлдір Тағаева мөлдіретіп көрсете білді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров қандай рөл болса да шиыршық аттырып жіберетін шеберлігін бұл жолы да көпке дәлелдеді. Оның Полонийі бойындағы жағымпаздықтың, бақайесептіктің түбі жақсылықпен аяқталмайтындығы көрерменін сендіреді. Сонымен қатар актерлер Берікқан Төкеновтің Клавдийі мен Гүлмира Уәлиеваның Гертрудасы да көрермен көңілінен шықты.
Өткен жылы он жылдығын тойлаған театр осы күнге дейін 52 шығарма сахналапты. Актерлер, режиссерлер маңдайтерін сыпырған сол қойылымдардың көрерменге бергені де аз болған жоқ. Соңғы жылдары қостанайлықтар Ыбырай Алтынсариннің, Міржақыптың, Сұлтан Баймағамбетовтің бейнесін театр сахнасынан көрді. Алда қазақтың біртуар азаматы, қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың жүз жылдық мерейтойы келе жатыр. Театр атын алып отырған әрі Қостанай топырағының перзенті осынау ірі тұлғаны да театр ұжымы көрерменге сахнадан көрсеткісі келеді. Бас режиссер Ерсайын Төлебайдың айтуына қарағанда, оның жүзеге асарына театр ұжымы сенімді.
Басқасын айтпағанда, қазақ театр өнерінің пайғамбарлары Серке, Елубай, Қапанды берген Қостанай өңірі тіліміз бен дініміз, дәстүріміз ешкімге керек болмаған заманда рухани жұтаңдықты да бастан кешті. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін облыста қазақ театры есігін ашты. Енді міне, қазір қазақ драма театрының сәнді де сәулетті ғимараты бой көтеруде. Үстіміздегі жылғы күзге салым ол пайдалануға берілмек.
– Театрдың өзі адамның рухани азығы үшін жұмыс істейтін орын. Театрдың іші де, сырты да бәрі де сұлу болуы керек. Қостанайда салынып жатқан театрдай ғимарат Қазақстанның өзге өңірінде әзірге жоқ. Бізде бұрын кадр жетіспейді дегенді көп айтатын едік. Қазір Қостанай театрында кәсіби төрт режиссер бар. Бұл үлкен жетістігіміз. Әртістер құрамы да білікті, жас жағы да толымды. Театр жанынан ашылған студия балалар тәрбиелеп, мамандарды өзіміз дайындауға мүмкіндік берді, дейді Ерсайын Төлебай.
Театр тек өсу, өрлеу үстінде. Білікті режиссер біз әңгімелеген «Гамлет» спектакліне кәнігі актерлермен қатар, жастарды тартты. Олар да режиссер сенімінен шыға білді. Дайындық шеберлігін шыңдаудан жалықпайтын театрдың әр актері Шекспирдің әлемдік деңгейдегі шығармасын «Ассалаумағалайкүм, «Гамлет!» деп қуана қарсы алды. Өйткені, олар өздерінің ішкі қуатына, дайындығына сенімді еді. Көрерменнің де көңілінде осы сөз тұрғандай, өйткені олар театр өнерінің әлемдік қазынасынан қанып ішкісі келеді де.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.