Талдықорған – жасыл желек жамылған әсем қала. Көгілдір көктемнен оның сән-салтанатын шаһарға кірер тұстан басталатын ақшаңқан алты, сегіз қанат ою-өрнекпен безендірілген қымызханалар толықтырады. Биыл да солай болды. Бұл бір жағынан ұлттық дәстүр-салттың жарасымдылығы десек, екіншіден, жаз айларында шөл басып, дертке дауа болатындығы.
Жақсы бастаманың одан әрі жалғасуын құп көрген облыс әкімі Аңзар Мұсаханов ағымдағы жылы тұтынушыға қызмет көрсететін қымызхана жұмысын көріп, оның жабдықталуы мен ұлттық дастарқан мәзіріндегі тағам түрлерінің сапалылығына мән беру қажеттігін ортаға салды.
Осы күні Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Райымбек, Сарқан, Алакөл, Іле және тағы басқа аудандардың қымызханалары мен шұбатханаларындағы бай дастарқан келушілердің талғамынан шықты. Ас атасы – нан, жаңа ғана пісірілген ыстық бауырсақ пен сары қымыз, құрт-ірімшік, жал-жая әр шаңырақтан табылды. Үкілі бөрік, зер кәжекей киген қыз-келіншектердің ілтипатымен ұсынылған сусын мен тағам дәмі қандай десеңізші! Бәрі де үйлесім тапқан. Бір-бірімен бәсекеге түскен ақ отауларға таңқалыс танытып, талғап, шөл басқандар өз бағаларын беріп жатты.
Қымызхана да табыс көзі болып отыр. Өйткені, шаруа қожалықтарының қолымен өндірілген қымыз, шұбат, жылқы мен қой еттері шаһарлықтардың талғамынан шыққандықтан, осы жерде құда күту, шілдехана, қыз ұзату, тағы басқа ұлтымыздың салт-дәстүрі жарасым табатынын көріп те, куә болып та жүрміз. Өткен жылы қалада – 18, аудан орталықтары мен жол бойларында 91 «қымызхана» жұмыс істеді. Және 978,5 мың литр қымыз бен шұбат сатылған және 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Жыл аяғында «Қымызханалар» арасындағы байқау қорытындыланатындықтан алты ай жазда бәсеке биігінде болуға тырысатындар жұмыстарын жүйелей түседі. Биыл «Қымызхана-2011» сауда үйлерінің жұмысын ынталандыруға 1641 мың теңге бөлініп отыр. Мұның бәрі адам денсаулығын нығайту мен қорғауға бағытталған ұтымды шара екені даусыз.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.