Алматы 2011 жылғы 11 мамыр
«Қаршыға реңді жапалақ» ескерткіш монеталарын айналысқа шығару туралы
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2011 жылғы 11 мамырда «Қазақстанның қызыл кітабы» монеталар сериясынан «proof» сапасымен күмістен жасалған, номиналы 500 теңгелік және нейзильбер қоспасынан жасалған номиналы 50 теңгелік «Қаршыға реңді жапалақ» ескерткіш монеталарын айналысқа шығарады.
«Қаршыға реңді жапалақ» ескерткіш монеталарының сипаттамасы:
Күміс монетаның және нейзильбер қоспасынан жасалған монетаның бет және сырт жақтарындағы суреттері бірдей. Күміс монетадағы бейне айна тәрізді бетке орналастырылған.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) сол жақ бөлігінде монетаның номиналы («50 ТЕҢГЕ» нейзильбер қоспасынан жасалған монетада), («500 ТЕҢГЕ» және «Ag 925 31,1 gr.» монета дайындалған металды және күмістен жасалған монетада оның сынамын және массасын білдіретін жазу), Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі, ағаш бұтақтары және ұшып келе жатқан жапалақ бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазу. Оң жақ бөлігінде жапалақтың стильдендірілген бейнесі.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде қаршыға реңді жапалақтың бейнесі орналасқан. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАРШЫҒА РЕҢДІ ЖАПАЛАҚ» деген жазу, латын тілінде «SURNIA ULULA» түрдің зоологиялық атауы және соғылған жылын білдіретін «2011» деген сан. Жазулар және сандар нүктелермен бөлінген.
Монетаның бет жағындағы және сырт жағындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген.
Монеталар:
1) 925 сынамды күмістен дайындалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, қыры (гурты) бедерлі, дайындау сапасы – «proof», таралымы - 5 мың дана;
2) нейзильбер қоспасынан дайындалған, массасы – 11,17 грамм, диаметрі – 31 мм, қыры (гурты) бедерлі, таралымы – 50 мың дана.
Номиналы 500 теңгелік ескерткіш күміс монеталар және номиналы 50 теңгелік монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ шоттарға, салымдарға, аккредитивтерге есептеу және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы ресми хабарға түсіндірмесі
«Қаршыға реңді жапалақ» ескерткіш күміс монетасы Қазақстанның жануарлар әлемінің сирек және жойылып бара жатқан түрлеріне арналған сериясының он екінші күміс монетасы болып табылады. Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монета – осы серияның алтыншы монетасы.
Қаршыға реңді жапалақ (Surnia ulula) – дене бітімі орташа ұзын құйрықты жапалақ, жоны ақ теңбілдері бар күрең қоңыр түсті, бауыры түгел дерлік ақ түсті, көлденең жіңішке айқын жолақтары бар. Оның қанаттары ұшуға барынша қысқа, құйрығы ұзын, баяу қозғалатын даусы бәсең орман жапалағына қарағанда оның жылдам әрі қарқынды қозғалысы қаршығаға көбірек ұқсайды.
Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
«Proof» сапасымен жасалған ескерткіш күміс монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монеталардың әрқайсысынан бір мың данадан арнайы пластикалық термовакуумды ораумен сатуға арнап шығарылды.
Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында сатып алуға болады. Алматы қаласында мына мекен-жай бойынша : Панфилов көшесі, 98. Анықтама үшін телефоны (727) 273-83-98.