13 Мамыр, 2011

Мұражай мұраларының мұраты

1533 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстан Үкіметінің 2010 жылғы 11 ақпандағы «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіп­орындарының кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғалымдар үйі» мен «Орталық ғылыми кітапхана» республи­калық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын­дарын біріктіру жолымен құрылған «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпор­ны Қазақстан ғылымын насихаттауды жүзеге асыратын өзіндік жаңа маңызы бар кәсіпорын болып табылады. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұ­мағұлов биылғы жылдың басында өткізіл­ген министрліктің кеңейтілген алқа мәжілі­сінде саладағы мұражайлар мен кітапханалар алдына да Елбасының Жолдауында айтылған индустриялық-инновациялық даму стратегия­сы­нан туындайтын бірнеше міндет қойған болатын. Қазіргі таңда кәсіпорнымыздың ал­дындағы келелі міндеттердің бірі – еліміз­дің ғылыми мұрасын зерделеу, сараптау және насихаттау, инновацияландыру. Осы міндетті жүзеге асыру барысында жүргізілген жұмыс­тар ғылымды, ғылыми-техникалық әзірлеме­лер­ді, өндіріс пен білімді интеграциялауға әдістемелік негіз болып табылады. Ғылыми еңбектерді, мерзімді және сериялы басылым­дарды шығару, ғылыми-техникалық деректер банкін қалыптастыру, ғылыми конференциялар және басқа да ғылыми іс-шаралар өткізуге жол ашады. Сонымен қатар, мемлекетаралық және халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламаларға қатысу, шетелдік ұйымдармен келісім-шарттар жасауға мүмкін­діктер тудырады. Бүгінгі таңда адамзат қоғамы дамудың жаңа сатысы – ақпараттық дәуірге қадам бас­ты. Бұл ретте ғылым мен білімнің қоғам да­муында алатын орны мен маңызы бұрын­ғыдан да арта түседі. Осыған орай ғылыми ақпараттық ресурстарға деген қажеттілік пен сұраныстың да артатыны белгілі. «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіп­орны жалпы қоғам мен ғылыми жұртшылықтың жоғарыда атал­ған ақпараттық қажеттіліктерін өтеуді көздейді. Мұндай серпінді жобаларды іске асыру ғылым мен білім жүйесін, ақпараттық инфрақұ­рылымдарды дамыту, ғылыми қауымдастықтың интеллек­туал­дық қуатын ортақ мақсатқа жұмылдыру және өскелең ұрпақты ғылыми ізденістерге тарту арқылы іске асады. Сонымен бірге, әлемдік ғылым дамуындағы жаңа бағыттарды анық­тау, Қазақстанның ғылыми әлеуетін саралау, ғылым мен техника жетістіктерін көпшілікке таныстыру, Қазақстанның халықаралық ғылы­ми ақпарат рыногына енуі мен одан өз орнын иеленуі бағытында атқаратын істер мол. «Ғылым ордасы» қызметінің басым бағытта­рының бірі осы міндеттерді атқарудан тұрады. Сондай-ақ, «Ғылым ордасы» өзінің ал­дына кәсіпорынды ХХІ ғасыр талаптарына сай заманауи ақпараттық, білім беру, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық істерді атқара­тын біртұтас кешен ретінде дамыта отырып, Қазақстан ғылымының тарихы мен жетістіктерін ғылым-білім және мәдени-ағарту қызметі арқылы халықаралық деңгейде насихаттау және көпшілікке кеңінен тарату секілді ауқымды мақсаттар қойып отыр. «Ғылым ордасы» Қазақстанның ғылым саласындағы саясатын ақпаратпен қамтама­сыз етуге, ақпараттық-білім кеңістігінің біртұ­тастығын қалыптастыруға, елдің ғылыми ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге, ұлттың мәдени-интеллектуалдық деңгейін өсіруге қызмет етеді. Қазіргі кезде әлемге танымал ғылым мұра­жайларының алдыңғы қатарында Мәскеудің политехникалық мұражайы, Голландияның, Финляндияның, Германияның, Италияның, АҚШ-тың ғылыми мұражайлары тұр. Аталған мұражайлардың әрқайсысы өзіндік даралығы­мен ерекшеленеді. Алайда олардың бәріне ортақ мақсат – адамға әлемді танудың құпия-сырларын паш ету, соны танудағы ғылымның қол жеткізген айрықша жетістіктерін насихаттау. Қазақстан ғылымының мұражайы да осы үлгіні бойына сіңірген өзіндік тың ерекшеліктері басым ғылым орталығына айналуға тиіс. Әрине, ескі сүрлеуді шиырлай беру ұшпақ­қа шығармайды. Қандай салада болсын, тиімді, ұтымды жолдарды қарастыру, инновацияға иек арту – еліміз ұстанған басым бағыттардың біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында көрсетілге­нін­дей, экономика мен ғылымның барлық салаларында жоғары технологиялар мен ин­новацияларды қолданудың, кадрлар біліктілігін арттырудың маңызы зор. Ғылымды қаржы­ландыру көлемін 2012 жылға қарай 2003 жылға қарағанда 25 есеге көтеру жоспары да көңілге үміт ұялатады. Қазіргі таңда Қазақстан ғылымының тари­хы әр түрлі мұражайларда жеке-жеке бөліктер арқылы көрсетілген. Ал еліміздің ғылымының даму тарихы әлі күнге тұтас күйінде көпшілік алдына тартылмай келеді. Сондықтан мұндай мұражай ұйымдастырудың қажеттілігін сөз етіп жату артық. Мұражай өскелең ұрпақты тәрбиелеу кезінде тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Ғылымды адамның табиғат пен қоғам жөніндегі білімін толықтырып қана қоймай, оны іс жүзінде пайдалануға мүмкіндік беретін күш. Құрылғалы отырған мұражайдың басты міндеті – балалар мен жасөспірімдерге, студенттер мен зиялы қауым өкілдеріне, жалпы Қазақстанның қалың жұртшылығына ғылым жетістіктерін, ғылымға негізделген білім мен озық мәдениетті насихаттау. Мұражай құнды экспонаттармен тартымды етілуге, көптеген пайдалы әрі қызықты ақпараттармен толықтырылуға бағытталып отыр. Қазақстан ғылымы тарихының мұражайы дәуірлік кезең-кезеңге бөлінеді. Әрбір көрме залы белгілі бір тақырыпқа арналады және ондағы экспонаттар мағынасы мен сипаты тұрғысынан өзара тығыз байланыста болуы қажет. Тақырып таңдау барысындағы ең маңызды мәселе – мұражайдағы экспонат­тардың мектеп оқушылары мен студенттер үшін де, жалпы, барлық көрермендер үшін де өзектілігі мен қызықтылығында болуы тиіс. Мұндай ғылым тарихының мұражайы мектеп оқушыларын, студент жастарды, ұстаздар мен ғалымдарды бір-біріне жақындастырады. Сон­дай-ақ, мұражай тек тарихи-мәдени орта­лық болып қана қоймай, болашақта ғылыми-танымдық білім орталығына айналдыруды көздеп отырмыз. Осылайша Қазақстан ғылы­мы тарихының мұражайын құру келушілердің ғылыми-кәсіби мамандықтарға деген қызы­ғушылығын тудырып, еліміздің экономикалық және әлеуметтік ырғақты өсуіне оң әсерін тигізуге тиіс деп есептейміз. Ресми мәліметтерге қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанда тарихи, өлкетану, мемо­риалдық және тағы басқа мұражайлар саны 150-ден асады. Мұндай мұражай республи­камызда бұрын болған емес. Алғаш рет құрылғалы отырған Қазақстан ғылымы тари­хының мұражайы еліміздегі ғылымның даму тарихын айшықты түрде және инновациялық тұрғыда халыққа паш етуге тиіс. Осы мақ­саттарды көздеген бұл мұражайды барынша соңғы технологиялық-инновациялық жетістіктермен толықтыру маңызды міндет болып отыр. Қазақстан ғылымының тарихы мен қазіргі жағдайын көрсету мақсатында ұйымдас­тыры­латын ғылым мұражайының қоры келісім бойынша салалық ғылыми-зерттеу институт­тары есебінен және кәсіпорынның өз маман­дары жүргізетін экспедициялар арқылы жыл сайын толықтырылып отырады. Әсіресе, қазақ жазуының түп бастауы – көне түркі жазба ескерткіші – Орхон-Енисей бойындағы Күлтегін мен Тоныкөк бітігенің көшірмесін әзірлеп, «Ғылым ордасы» ғимаратына қоюдың маңызы зор. Қазақтың ғылым-білімінің та­мыры тереңде жатқанын көрсететін бұл жә­дігердің мұражайдан орын алуы бір жағынан, жастардың рухын көтеріп, отаншылдық сезімдерінің артуына ықпал етсе, екінші жағынан, «Ғылым ордасына» келетін шетелдік делегаттардың қазақ ғылымының тарихы­мен терең танысуына мүмкіндік береді. Бұл ретте мұражай экспозициясын дайын­даудың дәстүрлі тәсілдерін қолданумен бірге, келушілердің мол мағлұмат алып шығуы үшін жаңа ақпараттық технологиялар жетістіктеріне де баса мән беру көзделген. Осыған орай ғылым мұражайы аясына топтасқан әрбір мұражайдың өзіне арнап жеке мультиме­диялық залдарын да қоса жабдықтау қолға алынуда. Бұл келушілердің толыққанды ақ­парат алуын қамтамасыз етумен бірге, мұра­жайдың қамту ауқымын барынша кеңейтуге де мүмкіндік береді. Сонымен бірге «Ғылым ордасының» ғимаратында орналасатын «Ғылым мұра­жайының» құрамына «Археология мұра­жайы», «Табиғат мұражайы», «Геология мұражайы», «Академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы», «Сирек кездесетін кітаптар мұражайы», «Қазақстан ғылымы тарихының мұражайы» кіреді. Оның ішінде соңғы 2 мұражай алғаш рет құрылып отыр. Барлық мұражайлар жәдігерлерінің қоры бүгінгі күні 400 000 данаға жуық. Сондай-ақ, «Ғылым ордасының» құрамына «Орталық ғылыми кітапхана» кіреді. Кітапхана қорының саны – 5,5 млн. кітап. Осылайша, ғылыми-ақпараттық ресурс­тарды бір орталыққа шоғырландыра отырып, «Ғылым ордасы» еліміздің ғылыми жетістіктерін лайықты деңгейде жұртшылыққа кеңінен таратуды көздейді. Бораш ШЕНСІЗБАЕВ, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры.