Өткен жылы Жаркент – Арасан шипажайына барғанбыз. Бұрындары мұндай шипажайдың бар екенін ара-тұра құлағымыз шалғанымен, бұл жерге жол түспеген. Жасыратын несі бар, алғашында сонау бір түпкірде жатқан шипажайдың жағдайы қай бір мәз дейсің, емі шипалы болса болды ғой деп жол жөнекей өзімізді-өзіміз жұбатып барғанбыз. Алайда барған беттен-ақ көңіліміз көтеріліп сала берген. Иә, шипажай өте бір көркем жерде орналасқан екен. Айнала қоршаған тау, сарқыраған өзен. Сол араның көз тоймайтын сұлулығынан ба, шипажайда тынығып жатқандар түннің бір уағына дейін ішке кіргісі келмейді. Тіпті бәрі дерлік бозала таңнан тұрып, сыртта қыдырыстап жүргендері.
Осылайша ертелі-кеш серуендеп жүргенде бір жігітке үлкен-кішінің бәрі жік-жапар болып сәлемдесіп жататынын байқағанбыз. «Оу, шалдың баласы да келіпті» деп сыртынан көрсе де бір риза сезіммен бір-бірін хабардар етіп қоятынын қайтерсің. Бір айта кететін жайт, Одақ тұсында Жаркент шекара аймағына жақын жатқан өңір болғандықтан, ол жаққа кімді болса да арнайы рұқсатпен ғана жіберетін. Содан да бұл шипажайға жұрттың бәрінің аяғы жете бермейтін. Ал Арасанның қызығын жергілікті, яғни осы өңірді мекендейтін жұрт қана көретін. Шекара ашылғанымен қазіргі кезде де мұнда демалатындардың дені тағы да осы өңірдің адамдары сияқты. Олай дейтініміз, сыртта қыдырыстап жүрген жұрттың бір-бірімен хал-жағдай сұрасып, шүйіркелесе кететіні осыны байқатқан десем, әсіресе әлгі жігітті көрсе болды, бәрі оған үйіріле қалатыны қайран қалдырған. Осыдан ба екен, әлгі бейтаныс жігітке біз де назар аударатын болдық. Бұл осы өңірдегі бір қалталының баласы шығар дейміз біз іштей, «Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» дейтін пиғылға бейім тұратын қазақы мінезбен. Әйтпесе біздің ағайын бүйтіп әркімге бір елпілдей қоймаушы еді ғой дейміз. Алайда байқаймыз, әлгі жігіт біз ойлағандай біреудің еркетотайы емес сияқты. Өте сыпайы. Жүріс-тұрысы да, мінез-құлқы да шаруа адамы екенін айғақтап тұр. Жасы үлкендерді көрсе танысын-танымасын қауқылдап қос қолын ала жүгіретін осы азаматқа сол жерде демалып жатқан қатарластары да үйір-ақ.
– Әй, шалдың баласы, бері кел бізге бір көмегің керек болып тұр, – деп марқаның қуырдағын аңсаған қайсыбір ағаларының да меселін қайырмайтын оны жақынырақ білуге ынтазар адамдар біз ғана емес екен. Әне, біреулер әңгіме орайында сондағы ағайынның бірінен әлгі жігіт жайында сыр тартып жатыр. Әрине, әңгімеге біз де құлақ түргенбіз.
– О, оның әкесі өте бір мықты адам. Осы өңірдегі дәулеттілердің бірі, – деді әлгі адам.
– Е, қайдан бай болсын. Одан да еңбекқор де. Мына заман бәрін де өзгертті ғой. Өзгелердей емес, нарыққа ақсақал тез бейімделді. Сол кісінің арқасында әулеті тез ширап, бүгінгі тірліктің қыр-сырын игеріп алды. Мына шипажайда күн сайын өзіміз ішетін, дәмі тіл үйірген қымыз бен айран сол кісінің үйінен келген. Жұрттың өзінен артылғаны іріп-шіріп жатыр. Ал әлгі ақсақал оның обал-сауабын балаларына ұғындырып, соларға жөн көрсетіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, еңбегі жанған адам, – дейді екіншісі.
– Ол кісі өзін үлкен-кішіге сыйлата білетін қария. Қайсы бір шал-шауқан сияқты тәлтіректеп жүрген кезін ешкім көрмесе, біреуге бөтен сөз айтып көңілін қалдырмаса, кейінгі бала-шағаны қарағым-шырағымдап тұрса, мұндай адамды кез-келген кісі құрметтемей ме. Ың-шыңсыз өз шаруасын құнттап, бала-шағасын сүттей ұйытып отырған адам. Бәтіш шешеміз екеуі осыдан бірер жыл бұрын алтын тойын өткізгені де бар. Шіркін, балаларын айтсаңшы, шетінен тәрбиелі, өнегелі азаматтар. Оларды көргенде бала болса осындай болсын дейсің еріксіз. Текті адам ғой, – дейді үшінші біреу.
– Дұрыс айтасың, жұрттың бәрі Нұрбопадай болса, жастар тәрбиесіне еш алаңдамай-ақ қоюға болар еді. Жасыратын не бар, үйдегі екі-үш жаман тілімізді алмай қиқаңдай бастаса, осы кісі еске түседі. Өйткені, ол бір баласын қия бастырмай, ешқайсысын жаман жолға ұрындырмай, бәрін еңбекке баулып, екі аяғына нық тұрғызған әке ғой. Иә, осы заманда өзінің туған баласына, келін-кепшігіне сөзін өткізе алмай отырғандар аз ба? Арақ ішіп, есірткі шегіп, ләйліп, әке-шешесінің зейнетақысына жабысып жүрген кейбір жүгірмектер де жерден шыққан жоқ. Олар да күні кеше өз бауырымызда өскен балалар емес пе?! Бар гәп – солардың тәрбиесінің тіні босаңдығында ғой. Ал Нұрбопаның бала-шағасының бірде-бірі тізгінді ала қашқан жоқ. Жұрттан естуімше, балаларының отбасылары бөлек-бөлек болғанымен, бас-басына би болмай, әулетке қатысты бар шаруаға билікті әкесі айтады екен. Міне, көрдің бе, Нұрбопаның мықтылығын. Оны айтасың, жұрттың қалада тұратын немере-шөберелері жазда ауылға келсе, тап бір қыс бойы тас көтеріп шыққандай «дем алам, суға түсемін» деп келеді ғой. Ал Нұрбопаның қалада тұратын немере-шөберелері жаз бойы бел жазбай еңбек етуге, көмектесуге келеді. Сөйтіп, бау-бақшадағы, үйдегі бар тірлікті өздері-ақ еңсеріп тастайды. Ұлдары да әкенің тәрбиесін сүйекке сіңіре білгенінен шығар, келіндер де бұра тартпайтын көрінеді. Ауылдағы келіндер қымыз пісіп, сиыр сауып, қолдары тимей жатса, қаладан келген келін-кепшік те қарап тұрмай, балалармен бірге бау-бақшаның арам шөбін жұлып немесе тамақ дайындап тыным таппайды. Бәтіш бәйбіше де бипаздап отырып-ақ келіндеріне айтқанын істетеді. Келін-кепшіктерімен қарым-қатынасын көргенде, мына кісінің жанында нағыз жалқаудың өзі де ширап сала беретін шығар деп ойлаймын. Өзі де тынымсыз кейуана ғой, қолындағы бейнетін алып отырған келіндерімен қосылып шаруаға қатар жегілетінін қайтерсің. Үйлеріне барсаң, қайнап жатқан бір тірлік. Тіпті солардың уақытын алып отырмын-ау деп өзің де ұяласың, – дейді әңгімеге төтеннен киліккен адамның бірі.
Ау, расында да бұл Нұрбопа дегеніңіз бір қазына қарт болды ғой. Шіркін, бүкіл бала-шағасын еңбекке баулып, елге үлгі-өнеге болып отырған осындай қарттарымыз көп болса, онда еліміз аяғына тез тұрып кетер еді-ау дейміз біз өзімізге өзіміз. Тіпті ол кісімен жөні келсе, кездесіп, әңгімелесуді, өз көзімізбен көріп қайтуды да ойластыра бастадық. Ол үшін жоғарыда айтып өткен қарияның осындағы баласымен жақынырақ танысуды көздегенбіз.
Әлгі жігіттің аты Жақсыгелді Дәуренбеков екен. Алайда айналасындағы жұрт Жангелді деп атайтын көрінеді.
– Шипажайға күн аралатып келетін қымызды сендер дайындайды дейді ғой жұрт, өте дәмді екен, – дедік біз бір ыңғайы келгенде оны әңгімеге тартып. Жақсыгелді де тосырқап тұрмады.
– О, рахмет. Біздің үйдегілер қымызды баптауды жақсы біледі. Ең бастысы, әлдекімдер құсап айран-су қосып, көз алдамайды. Үйдегі қариялар бізге нендей істі болса да адалынан атқаруды бала кезімізден үйреткен. Осында келген үлкен-кішінің сүйсіне ішіп «бәрекелді, міне, қымыз деп осыны айт» деп жатқанын естіп, өзім де қуанып жүрмін, – деді ол жайдары жүзбен.
– Шипажайда демалып жатқан осыншама адамды қымызбен қамтамасыз ету оңай емес қой. Шамасы үйір-үйір жылқың бар сияқты, – дейміз біз оны одан әрі сөйлетпек болып.
– Шүкір, үйір-үйір бомағанымен, қолда біраз мал бар. Рас, әне бір жылдары жұрт сияқты біз де аңырып қалдық қой. Өзіміз ата-анадан онбыз. Бес қыз, бес ұлмыз. Бұрындары қалада, далада дегендей, кесімді айлық алып, жұмыс істеп жүретін аға-әпкелерім сол кезеңде едәуір қиналып-ақ қалды. Әрі сол тұста, яки 1994 жылы ең үлкен ағамыз, алты баланың әкесі Қызайбек қайтыс болып кетті. Біздің әкеміз бұрыннан-ақ шаруаға ықтиятты адам еді. Содан да шығар, ел ішерге тамақ таппай қалған кезеңде де біздің үй аса жүдей қойған жоқ. Дегенмен қолда бар малынан түгел айырылған ағайынды көргенде не ойларымызды білмедік. Міне, осы тұста әкеміз бәрімізді жиып, ортаға ой тастады. «Шаруа қожалығын құрыңдар, жер алайық, егін егейік, мал өсірейік, ешкімге алақан жайып жалтақтамай, тірлік істейік» деді. Сөйтіп, 1995 жылы Қызайбек атты шаруа қожалығын құрдық. Бұл кезде қолымызда екі жылқы, үш сиыр, жиырма шақты қойымыз ғана бар еді. Содан іске сәт деп шаруаға кірісіп кеттік. Ата-анамыз жастайымыздан тірлікке бейімдеп өсірген соң ба, шаруаның қыр-сырын біршама біледі екенбіз. Оның үстіне өмірлік тәжірибесі мол әкеміз күнделікті ісімізге ақыл қосады. Ең бастысы, өздерің біліңдер деп ата-анамыз үйде отырып қалған жоқ. Әкеміз күндіз-түні бір шетімізде жүрсе, анамыз келіндерімен бірге бау-бақшаны күтіп, сүт өнімдерін өңдеп, ас суымызды даярлады. Бір сөзбен айтқанда, олар да тыным таппады. Сөйтіп, жүріп мал басын да құрап алдық. Бау-бақша өнімі де бүгінде жеткілікті. Осы күні дүкеннен азық-түлік мүлдем сатып алмаймыз десем де болады. Өйткені, бәрін өзіміз өндіреміз, өсіреміз. Ал артылғаны болса, сатамыз. Мысалы, биыл он екі бие байлап, он бес сиыр сауып отырмыз. Соның ішіп-жегенімізден артылғанын не істеген жөн? Оны қайда өткізуге болады? Базарға апарып сатуға үйде қолы бос адам жоқ. Әкем осы мәселенің мәнісін тап деді маған. Сөйтіп, интернеттен қарап жүріп, сүт өнімдерін осы шипажайға өткізуге келісім-шарт жасастық. Оған да екі-үш жылдың жүзі болды. Қажет болса бәрін де үйренеді екенсің. Қожалықтың есеп-қисабын жүргізу үшін күн сайын кімге жалынасың. Бір тәжірибелі бухгалтерге барып жүріп, бұл мәселені де егжей-тегжейлі үйреніп алғанмын. Компьютерді де меңгеріп алдым. Қолда қажетті техниканың бәрі бар. Онымен де өзіміз жұмыс істейміз. Ешкімге жалтақтамаймыз. Мен бұл арада мың сан тірліктің бір-екеуін ғана әңгімелеп отырмын деген Жангелді одан әрі ата-анасының 40-тан астам немере-шөбере сүйіп отырғанын, олардың бәрі жаз бойы жұмылып шаруа қожалығында жұмыс істейтінін, қалада тұратын аға-іні, әпке-қарындастарының бәрі де отбастарына қажетті азық-түлікті бір ортадан алатынын әңгімеледі. Қызайбек ағасының алты баласы да қамқорлықтан тыс қалмапты. Оның ең үлкені Бақытжан ақсақалдың бауырында өскен көрінеді.
– Өздерің отбасында он бала екенсіңдер. Қалай, келіндер сол жақсы дәстүрді жалғастырып жатыр ма? – дедік біз Жақсыгелдіге тағы да.
– Шүкір, жерге қарар жайымыз жоқ. Жоғарыда айттым ғой, ата-анамыз, қырықтан астам немере-шөбере сүйіп отыр деп. Осыдан-ақ өзіңіз шамалай беріңіз. Енді өзім туралы айтсам, келініңіз Гүлжанат екеуміздің әзірше төрт баламыз бар. Әзірше деп отырғаным, әлі де сәби сүйсек деген үміттеміз дегенім ғой, – деп жадырай күліп алған Жақсыгелді көп балалы үйде өскен жеткіншектердің ата-анаға, бір-біріне, айналаға мейірімді болатынын өз отбасы негізінде әңгімелеп кетті. Бала отбасының дәнекері екенін, сондықтан бір-екі бала ғана тауып, одан кейін бойын күтіп қақиып қалатын келіншектерге қайран қалатынын айтты. «Бұларың не десең, сан қумай саналы ұрпақ өсіру керек» дейді. Меніңше, саналы ұрпақ өсіру деген оны үлде мен бүлдеге бөлеу емес. Қайта, өмірдің сан сынына қарсы тұра білетін азамат өсіру ғой деймін мен оларға – деген Жақсыгелді одан әрі шаруа қожалығының негізгі тізгіні ағасы Мұхамедқали екеуінде екенін, оның кезінде Ауғанстанда әскери борышын өтегенін әңгімелей келіп, «Біз мына Лесновка ауылының Талды ауылдық округінде тұрамыз. Уақытыңыз болса, үйге қонақ боп қайтыңыз», – деп бізге ілтипат білдірген ол, міне, менің ата-анам осы кісілер деп қалтасынан бір суретті алып көрсеткен. Тіпті жөні келсе, өзі-ақ апарып қайтатынын айтқан. Алайда ол ауылға баруға, Нұрбопа қарттың отбасында болып, онымен әңгімелесуге бұл жолы бізді дәм тартпаған екен. Алайда жұрттан сол жолы естіген әңгімеміздің дәмі әлі таңдайымызда тұр. Оны айтудағы мақсат сол, өз ұрпағының келешегіне селқос қарамайтын ата-ана ой түйсе деген ниет қана.
Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.
______________________________
Суретте: Нұрбопа мен Бәтіш Дәуренбековтер немерелерімен бірге.