БОСҚЫНДАРҒА ЕУРОПАДА ТОСҚЫН ҚОЙЫЛА МА?
Буырқанған араб елдері басқаларға да проблемалар тудырып отыр. Атыс-шабыстан шаршаған халық өздерінің диктаторлары құтырған елдерінде қалғысы жоқ, шамасы келгендер Еуропаға барып паналағысы келеді және барған жерлерінде қиындықтар тудырады.
Бір үйге қонақ келсе, әсіресе, ол шақырылмай келсе, біршама проблема туады. Ішетін тамақ керек, жататын орын керек. Бар болса жақсы-ау, жоқ болса ше? Ал бір елді мекен, аймақ, тұтастай ел сондай жағдайға ұшыраса ше? Проблема ауқымдала түседі. Еуропа елдері сондай проблемаларға кезігіп отыр. Солтүстік Африкадан ағылған иммигранттар біраз елдердің бас ауруына айналды.
Алдымен бұл проблемаға Солтүстік Африкаға, алғаш бүлінген Туниске жақын жатқан Италия кезікті. Тунистің мәңгіліктей саналған басшысы Бен Али Сауд Арабиясына қашса да, одан құтылған халық бұл жерде жағдай бұдан кейін де оңала қоймасын аңғарып, Еуропаға қарай қозғалуды ойлады. Нысана – Италияның ең жақын жатқан Лампедуза аралы. Одан әрі құрлыққа жету қиын емес. Соғыс болып жатқан жақтан келгендерге, босқын халыққа есік ашық. Халықаралық талап солай. Италия оларды қабылдауға мәжбүр. Әп-сәтте шағын аралдың халқы бес-алты есеге өсті.
Осылайша басқаларға проблема туады. Шенген виза аймағы туралы заң бойынша, Италияға келген адам, иммигранттар бүкіл Еуропаға ортақ, яғни олар Еуропаның қай еліне барамын десе де құқығы бар. Бұл тәртіп 1985 жылдан бері қолданылады.
Алайда Еуропаның Франция, Германия, Ұлыбритания сияқты елдері аңсап келген арабтарды қабылдағысы жоқ. Ал олардың басқа елдерге, әсіресе, Шығыс Еуропадағы қоңыртөбел тіршілігі бар елдерге барғысы келмейді. Көбінесе Францияға аңсары ауады. Онда бұрынырақ барып орныққан туыстары бар, ең бастысы – африкалықтардың көпшілігі француз тілін өз ана тіліндей меңгерген. Ал Франция оларды ел ішіне кіргізбейді, Италия шекарасында пойыздан түсіріп тастайды.
Алда не болмақ? Дөп басып айту қиын. Босқындар тек Африкадан ғана емес, Азиядан да есік қағып тұр. Әсіресе, Ауғанстан, Пәкстан, Үндістан, тіпті дағдарысқа ұшырамаған деген Қытайдан да, сондай-ақ кешегі кеңестік аймақтан босқындардың қарасы көптеу. Дамыған Еуропа ғана емес, Ресейден Польшаға, Өзбекстан мен Түркіменстаннан сонау солтүстіктегі Швеция мен Норвегияға барғысы келетіндер көптігі таңдандырады.
Әлемде босқын көп. Өз елдерінде жайы болмаған соң босады да жұрт. Бірақ өз елдерінде жағдай жасалмағандарға өзге елдер неге жағдай жасауы керек деген де сұрақ туындайды. Екіншіден, отансүйгіштік дегенді қайда қалдырамыз?
* * *
ЫНТЫМАҚ ЖОҚ ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БОЛМАЙДЫ
Әлем ақпарат құралдары Иран Ислам Республикасы басшылығы арасында соңғы кезде айтарлықтай қайшылық барлығын хабарлап жатыр. Сондай бір хабарға қарағанда, елдің рухани басшысы аятолла Хаменеи президент Махмұд Ахмадинежадқа қызметтен кетуді ұсынған көрінеді.
Әсіресе араб телеарналары бұл тақырыпқа көбірек барады. Олардың хабарларын шындыққа да балау қиын. Сондай-ақ жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамасы да белгілі. Қалай болғанда да, бұл елдің жетекші екі басшысы арасында келіспеушілік барлығы шындыққа жақын. Ол әркез аңғарылып қалады, әртүрлі тұрғыда көрініс табады.
Елдегі үлкен биліктік шешімдерді президент әдетте рухани басшымен келісе отырып жасауға тиіс. Келіспесе, жүзеге аспайтыны бар. Жақында президент Ахмадинежад барлау істері жөніндегі министр Гейдар Мослехиді орнынан алмақ болған екен, оған аятолла Хаменеи жол бермепті. Мұның өзі олардың арасында ынтымақтың жоқтығын, бір-бірінің беделін түсіруге құштарлығын аңғартады.
Бұлардың арасындағы қарама-қайшылық Ахмадинежадтың президент болып сайлануынан бері жалғасып келеді. Саясатшылардың пайымдауынша, президенттің беделі біршама артып, рухани басшының ықпалы төмендегенге ұқсайды. Мұның өзі аятолла тарапынан батыл әрекет жасауға мәжбүрлеген көрінеді. Оның салдары – Ахмадинежадтың жақын адамы, оның құдасы және президенттіктен үміткер Исфандияр Рахим Машаидің тұтқындалуы.
Тұтқындауға себеп те, азаматтық қағидат тұрғысынан алып қарағанда, оншалықты дәлелді емес, сиқырлық, дуагерлік жасады дейді. Оны дәлелдеу, негіздеу қиын. Содан да бұл айыптаудың ақыры бейберекет әрекеттерге соқтыруы мүмкін.
Иран – исламға негізделген мемлекет. Оның басшыларының барынша діндар болуы да ықтималды. Президент Ахмадинежад Исламның шииттік бағытын ұстанғандықтан, имам Магдидің (қазақша Мәді) қайта шығатынына сенуі де таңдандырмайды. Бірақ бұған дейінгі билік үшін күресте нақты саяси құралдарды пайдаланып келген адамдардың сиқырлау, дуалау жөнінде бірін-бірі айыптап жатуын қисынға сыйдыра алмайсың.
Бұл елде билік үшін күрестің жаңа кезеңі басталды. Екі жылдан кейін – президенттік сайлау. Ахмадинежад өз орнына құдасы Исфандияр Машаиді сайлату үшін күресін бастап кетті. Машаи – белгілі ұлтшыл қайраткер, аятолла Хаменеимен күні қарсы адам. Атқарушы билікке ол келетін болса, аятолла Хаменеиге, бәлкім, бүкіл діни билік негізіне соққы болуы мүмкін. Аятолланың оған жол бергісі жоқ.
Иран – мұсылман әлеміндегі үлкен ел, аймаққа ықпалы бар ел. Сол ел өзінің беделінен айырылмай, күш-қуатын ортайтпас үшін, берекесін арттыру үшін оның басшылығы бір-бірімен ынтымақта болса екен дейсің.
Мамадияр ЖАҚЫП.