13 Мамыр, 2011

Өзара ықпалдастықтың өзекті мәселелері сөз болды

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Қазақстан Республикасы  Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов НАТО Бас хатшысының Орталық Азия мен Кавказ бойынша Арнайы өкілі Джеймс Аппатурайды   қабылдады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың 2010 жылдың қазан айында НАТО-ның штаб-пәтеріне барған сапарымен НАТО-ның Бас хат­шысы Андерс Фог Расмуссенмен кездесуі Астана мен Брюс­сельдің өзара ықпалдасуының дамуына  ма­ңызды серпін бергені белгілі. Бұған сондай ақ өткен жыл­дың қараша айында Альянстың Лиссабонда болған Саммитінің де  айтарлықтай үлес қосқаны анық. Кездесудің қо­рытындысында екі жақты үнқа­ты­суды одан ары те­рең­детуге ұмты­лыс танытылды және екі жақты өзара іс-қимылды дамытудың нақ­ты жолдары нақтыланды. Нақ осы негізде К.Жигалов пен Дж. Аппатурай Қазақстан мен НАТО қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен даму перспектива­ларын және алдағы кезеңдегі ба­сымдықтар мен міндеттерді тал­қылады. Арнайы өкіл НАТО-ның Лиссабон Саммитінде қабылдан­ған жаңа Стра­те­гиялық тұжы­рым­дамасының іс жүзіне асырылу барысынан хабардар етті. Тараптар Қазақстан мен НАТО арасындағы әріптестіктің серпінді даму сипатына қанағат­та­натын­дықтарын білдіріп, бейбіт­ші­ліктің нығаюы, қауіпсіздік, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту тұр­ғысында пікір алмасты. Кездесуде тараптар Қазақстан Альянстың Орталық Азиядағы   ең өркенді әріптесі екендігін атап өтті. Бүгінде тараптар Қазақстан мен НАТО-ның 2012-2013 жыл­дар­ға арналған кезекті, Жеке әріп­тес­тік жоспарының үшінші айналымын жасауды бастады. Ал 2009-2011 жылдарға арналған екінші ай­налымын жүзеге асыру барысы ту­ралы келіссөздер мамыр айы­ның соңында Брюссельде  «НАТО-ның  28 мемлекеті + Қа­зақстан» пішініндегі кезекті мәжілісінде жал­ғастырылатын болады. Сонымен қатар, кездесуде  Ор­талық Азиядағы тұрақтылық және қауіпсіздік, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы жағ­дайлар барысы жайында толық­қан­ды пікір алмасу өтті. Әңгіме­ле­сушілер ауған проблемати­ка­сына да ерекше назар аударды. Қазақстан Үкіметі әуел бастан халықаралық қоғамдас­тық­тың Ауғанстандағы күш-жігерін бекем қолдап келді және қол­дау­ын жалғастыруда. Атап айтқанда, Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шеңберін­де­гі негізгі басымдықтарының бірі Ауғанстанда тұрақтылықты орнықтыру болғаны белгілі. Әңгіме барысында тараптар, сонымен қатар,  Қазақстанның ЕҚЫҰ-­ға төрағалығының нәти­желері, ШЫҰ-ға ағымдағы төр­ағалығы және алдағы ИКҰ-ға төрағалығы жайында ой бөлісті.