Биылғы жылы Семейдегі ғана емес, бүкіл еліміз бойынша ең байырғы білім ошақтарының бірі де бірегейі М.Әуезов атындағы педагогика колледжінің құрылып, жұмыс істей бастағанына 110 жыл толады. Алғашқыда педтехникум болып ашылған бұл оқу орнында заманында Мұхаңның үзеңгілес достары Жүсіпбек Аймауытов пен Әлкей Марғұлан, одан бергіде Шәкен Айманов пен Әзілхан Нұршайықов, кешегі кеңес заманында республикамыздың Ішкі істер және Оқу министрлері болған Қабылбек Шырақбаев пен Әбдіхамит Сембаев сынды және басқа көптеген көрнекті тұлғалар оқып, білім алған.
Міне, сол байырғы оқу орнының заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов есімімен аталғанына біраз жыл болып қалды. Киелі оқу орнын бүгінде филология ғылымдарының кандидаты Шаған Жанаева біліктілікпен басқарып келеді десек, жуырда колледждің алдағы мерейтойына орай «Әуезов талантына тағзым» деген атпен игі іс-шара өтті. Қалалық мәдениет сарайында өткен бұл ауқымды жиынға Астанадан Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті жанындағы Отырар кітапханасының директоры, әуезовтанушы ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай арнайы шақырылды. Педколледж оқушылары ғалым-жазушының Әуезов мұрасын зерттеудегі зор еңбегін ашып көрсете білсе, Тұрсын мырза әуезовтану, алаштану тақырыбына қалай келгенін ерекше толғаныспен баяндап берді.
Әсерлі жиын соңында Тұрсын Жұртбай педколледждің енді ғана шығарылған Әуезов төсбелгісімен марапатталды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.