Британ соты қазақстандық БТА банктің оның бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзовтің атына жазған талап арызының саяси астары бар деп мойындаудан бас тартты және банктің бұрынғы басшыға таққан кінәларының заңдылығын растады. РИА Новости агенттігіне келіп түскен Корольдік соттың коммерциялық бөлімінің судьясы Найджел Тирдің шешімінде осылай деп атап көрсетілген.
Ол жауап беруші жақтың Лондонда тұрып жатқан Әбіләзовке қарсы талап арыздың саяси астары бар және оның артында Қазақстанның қазіргі басшылығы тұр деп көрсетілген апелляциясын қараған болатын. 2009 жылы БТА банктің қазақстандық «Самұрық-Қазына» егеменді қорының бақылауына көшкені белгілі.
«Мен талап арыздың әділ еместігі және сот процесін бұрмалау туралы айтылғандар бірқатар себептерге байланысты шындыққа сәйкеспейді деген қорытындыға келдім», деп атап көрсетілген судья шешімінде.
Британ соты, біріншіден, БТА банктің, өзінің бас акционеріне («Самұрық-Қазына») және Қазақстан Президентіне тәуелсіз, дербес заңды бірлік ретінде қалып отырғанын мойындады. Екіншіден, банктің ол «Самұрық-Қазына» қорының бақылауына көшпей тұрып-ақ Әбіләзовке қарсы талап арыз беруге өз себептері болған.
Әбіләзовке қатысты қылмыстық іс 2009 жылы, мемлекет БТА банктің капиталына енгеннен кейін қозғалды. Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Әбіләзов елден қашып кетті, өзін қудалаудың саяси астары бар деген желеумен ол бүгінде Ұлыбританияда тұрып жатыр.
Осылайша БТА банктің бұрынғы басшысына қарсы сомасы 4 миллиард доллардан асатын істі одан әрі жалғастыра беретін болады. Осы орайда, аталмыш банктің бүкіл активінің қазіргі күні сот белгілеген KPMG компаниясының басқаруында тұрғанын айта кету қажет.
Әбіләзовтің заңсыз жымқырған қаржысының сомасы шамамен 7 миллиард долларды құрайды. Қазақстандық бизнесменге жеті рет соттың талап арызы берілді, бірақ кәсіпкердің өзі олардың бәрінің де саяси астары бар деген сөзін қайталаудан танбай келеді.
Сөз соңында осы келтірілген ақпаратты РИА Новости агенттігімен бір мезгілде Ресей құқықтық және сот ақпараттары агенттігінің, «Диапазон» он-лайн газетінің, Kazakhstan Today агенттігінің хабарлағанын айта кету керек.