13 Мамыр, 2011

Биыл ҰБТ қалай өтеді?

2258 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Онда тестегі баллға емес, білім сапасына басымдық беріледі Қазір білім санмен емес, сапамен өлшенетін уақыт. Сапалы білім саналы ұрпақты қалып­тас­тырып қана қоймайды, кейінгілерге үлгі-өнеге болады. Оқу сапасын бағалау ісі елімізде соңғы жылдары өзгерді. Ескі сүр­леуден шығып, заман талабына сай мектеп бітірушілердің 11 жылғы оқу үлгерімін тест тара­зысында өлшеу өз нәтижесін беріп келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) елімізде 2004 жылдан бері бір ереже бойынша өткізіліп келеді. Биылғы жылы өткізілетін ҰБТ-ға дайындық қызу жүргізілу үстінде. Осы әзірлік барысында өткен жылдар тәжірибесі сарап­тал­ды. Кемшіліктерді жою жол­дары қарастырылып, тәртіп бұзу­шылықтың алдын алу шаралары ойластырылып жатыр. Биылғы жылы 128 мыңнан астам мектеп бітірушілер ҰБТ-ға қатысуға тілек білдіріп отыр. Бұл жалпы мектеп бітірушілердің 80 пайызы деуге болады. «Білім туралы» Заң­ның 28-ші бабына сәйкес талапкер жоғары оқу орнына мектеп бітіретін жылы түсуге тілек білдірген жағдайда ҰБТ-ға қаты­суға міндетті. Осы арада көңіл бөлініп отыр­ған мына бір мәселені айта кетсем деймін. Ол Елбасының Жар­лығы­мен бекітілген 2011-2020 жылдар­ға арналған Қазақ­стан Республи­касында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ла­масы жөнін­де түсіндіру жұ­мыс­тары жүйе­лі жүргізіліп жат­қан еді. Әрбір облыс әкімі мен Білім және ғылым министрлігі ара­сында бағдарлама­ның мақсат­ты индика­торлары мен көрсет­кіш­теріне жету жөнінде  келісім жа­са­лып, оған қол қо­йылуда.  Бұл келісімге 5 индикатор және 20-дан артық көрсет­кіштер енгізілген. Олардың ара­сында біз жо­ғарыда айтқан Бір­ың­ғай ұлттық тестілеу де бар. Бірақ онда «ҰБТ орташа балы» деген көрсеткіш жоқ. Біз әрқашан Президент бекіткен бағдарламаға сай жұмыс істеумен қатар, білім беру сапа­сын көтеруді басшы­лық­­қа ала­мыз. Бұл елдің келешегі санала­тын жас ұрпақтың өр­кениет кө­шінен қал­май, білім білігімен оқ бойы алда жүруіне мүмкіндік береді. Енді ҰБТ-ның басты ұйым­дас­­тырушылары кімдер дегенге жауап беретін болсақ, ол мемлекеттік комиссия, министрлік өкіл­дері, Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) филиалдарының қызмет­кер­лері болып табылады. Осы арада қадап айтар бір мәселе, өткен жылы заңдылықтан аттап, негізгі технологияны бұзып, жо­ғары балл алу мақсатында талапкерлерге көмек көрсетуге әрекет еткендер байқалған еді. Көбінесе мұндай жағдайлар – ҰБТ нәти­жесі арқылы мұғалім­нің, мектеп­тің, білім саласын басқару орган­дарының, аудан және облыс дең­гейіндегі қызметкерлердің абы­­рой-беделін көтеруге ұмтыл­ған­дардың ісінен туындағаны жа­сырын емес. Тіпті «ҰБТ кезінде алынған орташа балл» көрсет­кіші барлық мүмкін болатын рейтингтер үшін бағалау тәсіліне ай­налғанын да жоққа шығара ал­маймыз. Мұндай жат қылық­тар­ға ендігі жерде орын берілмейді. Сондықтан да биыл тестілеуді ұйымдастыру мен өткізуге тікелей қатысы бар азаматтарға осы жағын қатаң тапсырып, ақпарат­тық-түсіндірме жұмыс­тарын жүр­­гі­зу­ді жүктеп отырмыз. Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 17 сәуірінде, Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөй­ле­ген сөзінде ҰБТ кезіндегі орташа балмен білім сапасын баға­лауға болмайтынын және ол ерекше көрсеткіш емес екендігін  айтты. ҰБТ-ға қатысы бар әр азамат осы тапсырманы бұлжытпай орындауы тиіс. Жалпы, мектеп бітіруші тү­лектер мен олардың ата-ана­лары биылғы тестілеу кезінде қандай өзгерістер, нендей жеңілдіктер болады дегенді асыға күтіп отырғаны анық. Иә, ағымдағы жылы тестілеуді өткізудің реттеуші нормативті құжаттарына азда­ған өзгерістер енгізілгенін де айта кетуді парыз санаймыз. Атап айтқанда, мемлекеттік комиссия мен министрлік өкілдерінің функ­­цияларына түзетулер енгізілді: бірінші, мемлекеттік комис­сияға ҰБТ-ны өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті, сондай-ақ тестілеуге оқушыларды әкелуді та­лапқа сай ұйымдастыру, сынақ тапсыратын орынға кіргізу бары­сында металіздегіштерді қол­дану функция­сын беру, екінші сынақ тапсыру кезінде тәртіп бұзған бітірушілерді аудиториядан шыға­ру функция­сын мемлекеттік комиссиядан министрлік өкіліне беру, тағы басқа. Бірыңғай ұлттық тестіні ұй­ым­дастыру жұмыстары қазір талапқа сай жүргізілуде. Елімізде ҰБТ тапсыруға арнайы жабдық­талған 154 пункт бар десек, олар­дың 49-ы жоғары оқу орында­рының ғимаратында, 105-і ауыл мектептерінде орналастырылған. Қазіргі кезде барлық ҰБТ өткізу пункттерінің (ҰБТӨП) тестілеуге дайындықтары тексерілуде. Осы тексеру барысында сынақты ұйым­­дастыру мен өткізу жұмыс­тарының жүйелі жүріп жатқан­дығы, аудиториялық қорлардың қанағаттанарлық жағдайда екендігі, бітірушілер мен олардың ата-аналарының және мұғалімдер арасында ҰБТ жөнінде ақпа­раттық-түсіндірме жұмыста­ры­ның өткізіліп жатқандығы, ақпа­раттық тақталар мен бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялана бастағаны анықталды. Барлық ҰТО (ұлттық тест орта­лықтары) филиалдары қажетті техникалармен жабдықталған. Кем­шіліктер анықталған жерлерде оны тез арада жою шаралары жан-жақты қарастырылуда.  Жо­ға­рыда айтқан, ақпараттық-түсін­дірме жұмыстары кезінде жергілікті жерлердегі басқару орган­дарының өкілдерімен, мемлекеттік комиссия мүшелерімен, білім бөлімдерінің қызметкерлерімен және мектеп мұғалімдерімен тия­нақты пікір алысулар болды. Ондай семинарға әр облыстан 100-500 тыңдаушы қатысты. Мұн­дай басқосулар кей облыстардың аудандарында да өтті. Үлкен сынаққа қатысы бар министрлік өкілдері үшін де арнайы семинар ұйымдастырыл­ды. Семинарларға 600-ге жуық адам қатысты. Онда ҰБТ-ның ерекшеліктері, емтихан кезінде туындайтын мәселелерге басты назар аударылды. Семинар со­ңында олар алған ақпараттары  бойынша тест тапсырды. Мектеп бітірушілерді ҰБТ технологиясымен таныстыру жұ­мыс­тары да, байқау сынақтары да өз деңгейінде жүргізілді деуге негіз бар. Олар ҰТО филиалдары арқылы бірінші тоқсанда 306705 дана байқау сынағының кітап­шалары, одан кейінгі кезеңде 176256 оқу әдістемелік құрал­дары арқылы тест тапсырудың талаптарымен танысты. Өткізіл­ген байқау сынақтары оқушы­лар­дың сұранысына қарай болады. Байқау сынақтары өткізіліп келе жатқанмен оның кейбір тұс­тарында ойласатын жерлер бар­шы­лық. Әсіресе, сынақ тапсыру­дың әдістемесі әлі қалыптасып болған жоқ. Жақсы әдістеме болған жағдайда ҰБТ-ға дайын­дықты сапалы жүргізуге болады. Қазіргі кезде тест тапсыруға талпынып жүргендердің дұрыс жауап осы деген үмітпен кейбір жауаптарды жинауға әуестеніп алғанын байқауға болады.  Шын­дығына келгенде, бұл сенімді ақтамайтын тірлік екенін бірден айта кетсем деймін. Кейбір мектептерде тестілеу апта сайын өтеді. Бірақ оның бәрі дайындық сапасын жоғарылата бермейтіні де рас. Сондықтан, осы мәселе­лерді мүдделі ұйымдар, тәжіри­белі ұстаздар, мұғалімдер білімін жетілдіру институттары бірлесіп, байқау сынағын өткізудің әдісте­месін жасап, оның тиімді жол­дарын ұсынса, оқушыларға жеңіл болар еді. Мұны айтудағы себеп, мектептерде өткен тестіден жо­ғары балл алып жүрген кейбір түлектердің ҰБТ-дағы көрсеткіші әлдеқайда төмен шығып, бұл қалай деген күдікті ойда қалып жүретінін білеміз. Бір сөзбен айтқанда, сынақ тапсырудың әдіс­темесі арқылы білім сапасын көтеруге болады десек, оның тиімді жол-жобасын алдағы уа­қытта талапкерлерге ұсынғаны­мыз лә­зім. Осы арада ҰБТ-да пайда­ланылатын тест тапсырмаларын кімдер әзірлейді деген сұраққа да жауап бере кеткеніміз жөн секілді. Сұрақтарды негізінен мектепте оқушыларға тәрбие беріп, білім үйретіп жүрген білікті ұс­таздар қауымы жасайды. Қазір сондай іріктелген мамандар саны 300-ге жуықтады. Олар әр жылы тест сұрақтарын жетілдіріп оты­рады. Тек қана жетілдіріп қой­майды, бірнеше рет сараптаудан өткізеді. Әсіресе, сұрақтардың мектеп бағдарламасына сай бо­луын қадағалайды. Тест сұрақтары мемлекеттік құпия болып саналады. Оны бұз­ғандар заң талабы бойынша жауапқа тартылады.  Сондықтан да барлық атқарылатын жұмыс­тар мемлекеттік құпияларды сақ­тау ережесіне сәйкес жүргі­зіледі. Емтихан материалдарын құпия ұстау және оның шашау шық­пауын қамтамасыз ету бірінші кезекте тұр. Емтихан мате­риал­дарын тест өткізілетін пункттерге жөнелту жұмыстарымен тек қана рұқсаты бар адамдар ғана айналысуға құқылы. Тестке қа­жет дүниелер қойылған кабинеттер үздіксіз жазып отыратын бейнебақылағыштармен жабдық­тал­ған. Сервер, компьютерлік техникалар орналасқан бөлмелер де дабыл қаққыш құралдармен жарақталған. Осындай жұмыстардың бәрі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бағдарламада бола­шақта тестілеу жүйесінің даму бағыттары көрсетілген. Оқушы­лардың білім алуын сырттай бағалау жүйесі дүниежүзілік тә­жірибені есепке ала отырып да­мытылуда. Ұлттық тестілеу бас­тауыш, негізгі және бейіндік мектептерді бітіргеннен соң өткізі­леді: бірінші, бастауыш мектептерде – таңдау арқылы, оқу­шы­лардың білім деңгейін анық­тау, екінші, негізгі мектептерде (10 сыныптан кейін) – әрі қарай оқу бағытын белгілеу, үшінші, бейіндік мектептерде – алған білімі мен іскерлігін дәйектеу көзделген. Талапкерлер қандай сабақтар­дан тест тапсырамыз дегенді асыға күтіп отырғаны сөзсіз. Биыл 5 пәннен сынақ өтеді. Ол – ана тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, мемлекеттік тілде оқытпайтын мектептер үшін – қазақ тілі, қазақ тілінде оқы­татын мектептер үшін – орыс тілі және жоғары оқу орнына түсу кезінде таңдаған болашақ маман­дығына байланысты таңдау пәні. «Білім туралы» Заңның 9-бабының 4-тармағына сәйкес орта білім туралы аттестат алу үшін мемлекеттік тіл мен орыс тілі ҰБТ бағдарламасына енгізілген міндетті пәндер болып табылады. Сынақ нәтижелері 125 балдық жүйе, жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін бес балдық көрсеткіш бағамен баға­ланады. Балдарды бағаға ауыс­тыруды министрлік белгілеген кестеге сәй­кес мемлекеттік комиссия  жүргізеді. Емтихан тапсырған бітірушілерге: ҰБТ-ның 3 міндетті (оқыту тілі, Қазақстан тарихы, математика) және 1 таңдау пәндері бо­йынша сертификат, жалпы орта білім туралы аттестат беріледі. Мектеп бітірушілер үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республикамыздың жоғары оқу орындарына  ақылы негізде оқуға түсудің шекті деңгейі 50 балл («Жалпы медицина»  маман­дығы үшін – 55 балл). Бірден айта кетелік, ҰБТ-ны қайта тап­сыруға рұқсат берілмейді. Тестілеудің өту мерзіміне келетін болсақ, ол 4 маусымнан басталады. Егер мектеп бітіру­­шілер  тест тапсыру пунктінен алыста тұратын болса, оны тиісті орындар дер кезінде жеткізуге міндетті. Оқушыларға қолайлы жағдай жасап, тамақтандыру жұ­мысы да соларға жүктелген. Сол секілді, балалардың қауіпсіздігін сақтау, ішкі орган қызметкер­лерінің міндеті болып саналады. Мектеп бітіруші ҰБТ-ға өзі­мен бірге жеке басын куәлан­дыру куәлігін, рұқсаттамасын, қара немесе қара көк пастасы бар қалам­сап және қарындаш, ал «Химия» пәнін таңдаған жағдай­да Менделеев және тұздардың ерітіндісі кестесін алып келуге болады. Мектеп бітіруші тестілеу кезінде өзін тәртіпті ұстауы және ҰБТ-ны ұйымдастыру және өт­кізу жөніндегі нұсқаулықты сақ­тауы қажет. Мектеп бітірушіге бір орыннан екінші орынға ауы­сып отыруға, емтихан материал­дарын басқа бітірушімен ауыс­тыруға, көшіріп жазуға, шпаргал­каларды, оқулықтарды және басқа да әдістемелік әдебиет­терді, ұт­қыр байланыс құрал­дарын (ұялы телефондар) аудито­рияға кіргізуге және қолдануға рұқсат етілмейді. Мектеп бітіруші тестілеу кезінде өзін-өзі ұстау ережесін бұзған жағдайда министрлік өкілі оны аудиториядан шығарып жіберуге, тест нәти­желерін жарамсыз деп табуға құқылы. «Мемлекеттік құпиялар тура­лы» Қазақстан Республикасы­ның Заңына сәйкес дұрыс жауаптар коды мемлекеттік құпиялар қа­тарына жатқызылатынын жоға­ры­­да айттым. Тест тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақ­тау және даулы мәселелерді шешу, ҰБТ-ға қатысушылардың құ­қық­тарын қорғау мақсатында апелляциялық комиссия жұмыс істейді. Бітірушілердің талабына орай соңғы шешімді республи­калық дәрежедегі сол комиссия қабылдайтын болады. ҰБТ-ның өткізілу барысын бақылауды қамтамасыз ету үшін әрбір облыс, Астана және Ал­маты қалаларында штабтар құры­лады. Олардың  жұмысын үйлес­тіру үшін Білім және ғылым министр­лігінің жанынан рес­публи­калық штаб жұмыс істейтін болады. Сөз түйініне қарай, ҰБТ-дан кейін өтетін кешенді тестілеу туралы да аз-кем айта кеткеніміз жөн болар. Кешенді тестілеуге бұрын мектеп бітіргендер, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы халықаралық олимпиадалардың қатысушы­ла­ры, ҰБТ-ға қатыспаған, шетелде оқушылардың халықаралық алмасу желісі бойынша білім алушы­лар, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде жалпы орта білім беретін оқу орындарының бітірушілері, рес­публи­калық музыка мектеп-ин­тер­наттарының түлек­тері, бас­тауыш және орта кәсіптік білім беру ұйымдарын аяқта­ғандар қатысады. Өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы білім беретін мектеп­тердің бітірушілері өз қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде сынақ тапсыруы мүмкін. Биылғы тестілеудің басты ерек­шелігі не дегенге келетін болсақ, білім көрсеткіші балмен емес, сапамен өлшенетін болады. Мақтағали БЕКТЕМЕСОВ, Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төраға міндетін атқарушы.