Үстіміздегі жылдың 8 мамырында Ташкенттегі Қазақ ұлттық орталығымен бірлесе отырып, осында тұратын қандастарымыздың арасынан Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге Қазақстан елшілігінде құрмет көрсетілді. Қабылдауда Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бөрібай Жексенбин сөз сөйлеп, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ерліктері мен еңбектері бүгінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болатынын атап өтті. Қабылдауда сөйлеген ардагерлер екі мемлекеттің арасындағы туыстық қатынастардың тереңдей түсуіне тілектестік білдірді. Келген ардагерлердің бәрі де Қазақстан елшілігі тарапынан сый-сияпаттарға ие болды.
Осы күні Ташкенттің Орталық мәдениет сарайында Жеңіс күні мен Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттері Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысы өткізілді. Оған Қазақстан мен Өзбекстан ғана емес, Моңғолиядан келген ақындар да қатысты. Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Б.Жексенбин мәдени шара Елбасы Н.Назарбаевтың 2010 жылы Ташкентке жасаған сапарында қол жеткізілген екі елдің арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамыту бағдарламасы аясында өтіп отырғанын атап өтті. Айтыста бас жүлдені тараздық ақын Айнұр Тұрсынбаева жеңіп алып, автокөліктің кілтін иеленді.
Ал Ұлы Жеңістің 66 жылдығы күні Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен «Мустакиллик» алаңында орналасқан Қайғылы ана ескерткіші мен Мәңгілік алауға және Ташкенттегі бауырластар зиратына гүл шоқтарын қою рәсімі болды. Бұл шараға Өзбекстан Республикасында тіркелген 40-қа жуық халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдер басшылары қатысты. Сол күні Қазақстан елшілігінде Б.Жексенбиннің атынан қабылдау болды. Онда Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлкен үлесі туралы ақпарат берілді. Шараға Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Б.Исламов және басқалар қатысты.
«Егемен-ақпарат».