Тәу етер Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына қадам басқан тұста Елбасымыз кемелді кезеңнің қорытындысын шығара отырып, еліміздің жаңа басталған онжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын айқындап берді.
Биылғы Жолдаудың мұның алдындағылармен салыстырғанда айтарлықтай өзгешелігі бар. Біріншіден, ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған. Мұнымен бірге, қоғамымыздың ең басты байлығы – адамның мақсат-мүддесіне, оның игілігіне құрылған. Ондағы үдемелі инновациялық индустрияландыруды дамыту, шағын бизнес пен ауыл шаруашылығын қолдау, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын өркендету, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жалақы, шәкіртақы мен жәрдемақыны өсіру мәселелерінің алға тартылуы, шынтуайттап келгенде, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Халық қалаулысы ретіндегі өз басымды да Президентіміздің биылғы Жолдауының жаңа әлеуметтік саясатқа құрылғандығы жігерлендіреді. Қалай десек те үдемелі инновациялық экономиканы қалыптастыруға адамның қуатты қолымен және күш-жігерімен ғана қол жетеді. Сондықтан оның ертеңгі күнге сеніммен қарауы, әлеуметтік жағынан қорғалуы, рухани тұрғыдан бай болуы – басты ұстанымның бірі. Әлемдік қаржы дағдарысының қиындығын кейінге қалдырған еліміздің жарқын болашағының асқаралы міндеттері айқындалды.
Айталық, биылғы Жолдауда мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 2020 жылға қарай 100 пайыз болады, ал 2015 жылға дейін кем дегенде 400 мектеп салынады. Ал денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, 2015 жылға қарай қазақстандықтардың өмір жасының ұзақтығын 70 жасқа жеткізу, ал 2020 жылға қарай 72 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Мұнымен бірге, 2015 жылға қарай 350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емханалар салынады. Еңбекпен қамту, жұмыссыздықты жою, адамның қоғамдағы рөлін арттыру, кадр саясатын жетілдіре түсу жағы да назардан тыс қалмаған.
Ауыл – халқымыздың алтын діңгегі болды, бола береді де. Аталған Жолдауда еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетуге де айрықша мән берілген. Ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігі 2011 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өседі. Мемлекеттің таяудағы жылдары мал шаруашылығын дамытуға 130 миллиард теңге несие ресурстарын бөлу есебінен ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, 100 мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналатындығы аталып көрсетілген.
Президентіміздің Қазақстан халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауы, жоғарыда айтқанымыздай, барша халықтың, әрбір отбасы мен әрбір адамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Демек, оны жемісті іс жүзіне асыру үшін баршамыз атсалысуымыз қажет. Әсіресе, жергілікті өзін өзі басқару органын құрайтын депутаттар тобына жүктелетін міндет үлкен. Елбасымыз Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде және «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде мәслихаттар мен «Нұр Отан» партиясының жергілікті жерде тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндіктің мол екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ пәрменді түрдегі жергілкті өзін-өзі басқару органына айналуы және жергілікті жердегі мәселелерді шешудегі мәслихаттың іс-қызметін жандандыра түсу қажеттілігін айтты. Біздің ауданымыздың да депутаттары өзінің халық қалаулысы өкілеттігін негізгі іс қызметінен қол үзбей жүріп атқарады. Депутаттар халықтың қалың ортасында жүреді, еңбек ұжымының мүшесі болып табылады, сайлаушылармен жиі жолығады, тұрғындар жиыны мен жиналысына қатысады. Осы себепті халық қалаулылары әрбір сайлау округіндегі қалыптасқан жағдайды, қордаланған экономикалық және әлеуметтік жағдайды бір адамдай жетік біледі. Бұған қоса кейбір депутаттарымыз басшылық қызметтер атқарады, енді бірі кәсіпкер, қоғамдық жұмысқа белсене қатысушылар. Олар осындай мүмкіндікті шебер пайдалана және атқарушы органдармен бірлесе отырып азаматтардың тілектері мен өтініштерін орындауға ұмтылады. Жұмыла көтерген жүктің қашан да жеңіл болары белгілі ғой.
Қаратал аудандық мәслихатында білікті басшылар жетекшілік ететін тұрақты депутаттық комиссиялар жұмыс істейді. Күн тәртібіндегі кезекті мәселені қарау үшін комиссия мүшелері – депутаттар әрбір тоқсан сайын бас қосады. Ал оған дейін оның дайындығы жүргізіледі, қажетті материалдар жинақталады, жергілікті жерге, белгілі нысанға барып жағдаймен, ондағы құжаттармен танысады. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік танытады. Мәселен, бір ғана 2010 жылы тұрақты комиссияның мәжілісінде аудан спортын дамыту, Елтай ауылдық округі аумағындағы шағын және орта бизнесті өркендету мәселесі қаралды. Аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен баланы қорғау жөніндегі аудандық бағдарламаның орындалу барысы турасындағы есебі тыңдалды. Әсіресе, комиссияның туберкулезге қарсы күрес жөніндегі шаралар және балаларды мектепке тасымалдау ісінің жай-күйі туралы мәселені қараған отырысы өте қызу әрі тартысты өтті. Бұл екі мәселені қарардың алдында депутаттар ауылдық округтерге барып, істің жай-жапсарымен жіті танысты, біршама олқылықтардың бетін ашты.
Аудандық мәслихаттың сессиясында аудан әкімінің ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалуы жайлы есебі және жекелеген бөлімдер мен құрылым басшыларының хабарламасы тыңдалады.
Президент Н.Назарбаев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Саяси кеңесінің 2008 жылғы 17 қаңтарда өткен кеңейтілген мәжілісінде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары алдында жергілікті шынайы өзін-өзі басқару органына айналуы және жергілікті мәселелерді шеше білу үшін мәслихаттардың жұмысын жандандыру қажет деген мәселе қойған еді. Мәселен, ауданымызда сайланған 13 депутаттың барлығы да «Нұр Отан» партиясының мүшелері болып табылады. Елбасымыз алға қойған міндеттерді бірлесіп шешу үшін аталған партияның аудандық филиалымен ынтымақтаса жұмыс істейміз. Мысалы, партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Әміреновті тарта отырып, партиялық бақылау бекеттері құрылды. Депутаттарымыздың көмегімен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы барысына тұрақты бақылау орнатылды.
Өзге әріптестерім сияқты мен де депутаттық іс-қызметтің басты бағыты тұрғындармен арадағы байланысты нығайту деп білемін. Аудандық депутаттардың барлығы дерлік азаматтарды жеке мәселесімен қабылдайды, жиындарда сөз сөйлейді, сайлаушылар алдында кестеге сай есеп береді. Олардың көпшілігі аудандық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері. Әдеттегідей сайлаушылар бізге жиі келеді, көкейіндегі ойларын айтады, хат жазады, телефон шалады. Олардың көтеретін мәселесі де сан алуан.
Жергілікті халық қалаулылары өздерінің сан-салалы іс-қызметінде Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары: Н.Сүлейменов, Н.Нұрманбетов, Ү.Медеуов, У.Қалижан, Д.Нөкетаевамен тығыз байланыс орнатып, олардың да жанды жәрдеміне жүгінеді. Түйіндей айтқанда, біздер атқарушы органдармен бірлесе отырып, Елбасымыздың Жолдауында көрсетілгендей тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты мәселелерді бірізділікпен шешуге белсене атсалысып келеміз.
Қорыта айтқанда, миллиондаған қазақстандық өздерінің бүгінгі тағдыры мен ұрпағының болашағын әлемдік деңгейдегі саяси көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырып отыр. Мұндай жоғары сенімнің елі сенген ерге ғана көрсетілетіні белгілі.
Мақсат РАҚЫМБАЕВ, Қаратал аудандық мәслихатының хатшысы.
Алматы облысы.