«Ана тілі», «Экономика», «Уйғур авази» газеттері мен «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдары бар «Қазақ газеттері» ЖШС басшылығы, сондай-ақ «Үркер» журналының ұжымы өткен жылы «Үркер – Үміт» бәйгесін жариялаған еді. Жақында сол бәйгенің қорытындысы шығарылды.
Бір жыл ішінде журнал редакциясына 50-ге жуық үміткердің туындылары түскен екен. Қазылар алқасының тиянақты сараптауынан кейін проза жанры бойынша бірінші орынға – астаналық Эльмира Ерікқызы, екінші жүлдеге талдықорғандық Асхат Өмірбай ие болса, үшінші орын маңғыстаулық Аллаберген Қонарбайдың еншісіне тиіпті. Ал поэзия жанры бойынша бірінші жүлдені – астаналық Динара Мәлік, екінші орынды – атыраулық Гүлмира Сүйекенова, үшінші орынды – алматылық Ерғали Бақаш қанжығасына байлапты. Сол секілді екі жанр бойынша ынталандыру сыйлықтарын Нәрлібек Қанағатов пен алматылық Қайырбек Шағыр алған екен.
Жүлде алған шығармалар «Үркер» журналында жариялануымен қатар, «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің қолдауымен жеке кітап болып жарық көретінін де назарға сала кетсек дейміз. Жеңімпаздарға диплом мен заттай сыйлықтарды «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай, өзге де азаматтар ыстық ықыласпен тапсырып, шығармашылық табыс тіледі.
Сүлеймен МӘМЕТ.