Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыру барысында еліміздің оңтүстік өңіріндегі энергетикалық тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ететін ауқымды жобалардың бірі – Мойнақ су электр стансасы. Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде салынып жатқан бұл жоба 2006 жылы құрылыс жұмысын бастап, ел игілігіне биылғы жылдың желтоқсан айында беріледі деп күтілуде. Парламент Сенатының Экономикалық және өңірлік саясат бөлімінің бір топ депутаттары жуырда Мойнақ ГЭС-іне барып жобаның инфрақұрылымдық жұмыстары қалай жүргізіліп жатқандығын көріп, атқарылған шаруалардың жай-күйімен танысты. Алдағы күндері Парламентте «Қазақстан электрэнергетикасының ахуалы мен даму болашағы» атты дөңгелек үстел өткізілмек. Осы тақырып аясында Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрағасы Т.Абайділдин бастаған, құрамында Қ.Омаров, А.Савченко, М.Бортник, Н.Сүлейменов секілді бірқатар халық қалаулылары бар топты Мойнақ ГЭС құрылысының басында аталған әлеуетті жобаның жауапты тұлғалары О.Қантаев, Б.Жаңабаев, С.Белғожаев қарсы алды. Еліміздегі қуат көзі ең қымбат өңір осы Алматы облысы болып есептеледі. Жетісу өңіріндегі тұтынушыларға қажетті электр қуатының 50 пайызы Екібастұз, Жамбыл ГЭС-терінен және көршілес Қырғызстаннан алынатын болғандықтан, бағасы да қымбат. Мысал үшін, әлемде 1 мың киловатт электр қуатының бағасы 1 500 АҚШ доллары болса, ол өте арзан деп саналады. Бүгінгі әлемдік нарықтағы электр қуатының бағасы – 2,2 цент. Ал осы Мойнақ ГЭС-і іске қосылғаннан соң электр қуатының 1 мың киловаты 1 138 АҚШ долларынан босатылатын болады. Қысқартып айтқанда, су – тегін қуат көзі.
Мойнақ ГЭС-інің бас су торабы – Бестөбе су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Еңбек майданында 800 адам 10 бағытта тынбай жұмыс істеуде. Тауды дерривациялық әдіспен бұрғылап тесіп, ұзындығы 9 шақырымнан асатын 500 метрлік биіктіктен электр қуатын өндіретін генераторларға су жеткізетін қос құбыр бетондалып жатыр. Бұған дейін 20 млн. текше тас пен құмнан су тоқтататын алып бөгет тұрғызылған. Бұйыртса, 15 тамыздан бастап су жинау жұмысы жүргізіледі. Мамандар бұл тоғанға орта есеппен секундына 28 текше су жиналатындығын айтып отыр. Мұндай суы аз жиналатын жерге бөгет тұрғызылмайды. Алайда жиылған суды дерривациялық ұңғы арқылы биіктен төменге сорғалата отырып электр қуатын өндіруші генераторлар көмегімен 300 МВт қуат көзін жинақтау мүмкіндігіне қол жеткізуге болады. Жапсарлас жатқан екі таудың ортасындағы айдынның ұзындығы 16 шақырым, ені кей жерлерде 500 метр, кей жері бір шақырымды құрайды. Бөгетке таяу маңда арнайы қауіпсіздік су тасымалдау құрылғысы орнатылған. Бұл көктемгі тасқын кезінде көп мөлшерде жиналған судың ағысын реттеп отыру үшін, бөгет ернеуінен асып кету қаупінің алдын алу мақсатында тұрғызылған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, апат бола қалған жағдайда немесе негізгі ұңғы жөндеуге қойылғанда, жиналған су қосалқы ұңғымен төмендегі өзенге құйылып, үлкен селдің болмауын қамтамасыз етеді. Бөгет құрылысы 9-10 баллдық жер сілкінісіне төтеп беретін беріктікпен есептеліп соғылған. Төтенше жағдай болса, төрт бірдей тұтқыр автоматты түрде іске қосылып, су жолы жабылады. Сонымен қатар, құрылысты салушы қытайлық мердігер компания да нысанның сенімділігіне 20 жылдық кепілдік беріп отыр. Әлемде ешбір құрылыс компаниясы мұндай кепілдікке тәуекел етпейді. Әу баста су шайып кететін елді мекен немесе стратегиялық нысан болмағандықтан да осы жер таңдап алынған. Есесіне судың төменге құлау биіктігі 500 метр. Судың ағысын тиімді пайдалана отырып 300 МВт электр қуатын өндіруге өте қолайлы. Бұдан өзге ГЭС ғимараты, стансалық алаң, қызметтік-тұрмыстық корпус және станса қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешенінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Күзге салым мектеп, балабақша, мешіт секілді тұрмысқа қажетті бірқатар нысандар пайдалануға беріледі екен. Кеңес өкіметі тұсында мұндай су электр стансасы тек Осетия мен Арменияда ғана болған көрінеді. Жалпы, Мойнақ ГЭС-і Қазақстандағы бірден-бір қайталанбас жоба. 1961 жылы осы құрылғыны қолға алу туралы ұсыныс көтеріліп, 1985 жылы Мосгидропроект мекемесі жобасын жасап шыққан соң, алғашқы қазығы қағылған еді. Бірақ тоқсаныншы жылдардың басындағы Кеңес Одағының ыдырауы кезінде құрылыс жұмысы тоқтап қалды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мақұлдауымен ел экономикасына пайдалы жоба қайта пысықталып, 2006 жылдан бері жүріп жатқан құрылыс жұмысы көп шаруаны тындырып тастағанын айту парыз. – Болашақта бұл жерде 127 адам жұмыс істейтін болады. Қазір солардың алаңсыз еңбек етулері үшін инфрақұрылымдық нысандар соғылып жатыр. Айта кету керек, бүгінгі жас мамандармен мынадай алып жобаны бірден игеріп кету мүмкін емес. Сол себепті Шардарадан, Шығыс Қазақстаннан тиісті мамандарды отбасымен жұмысқа шақырып отырмыз. Келешекте бір ғана Жетісу аймағының халқы емес, еліміздің барлық өңірінен энергетика саласында тәжірибесі бар мамандар жұмысқа тартылады, дейді ГЭС-тің бас директоры Оразалы Қантаев. Бір күндік жұмыс сапарымен келіп Мойнақ ГЭС-інің құрылыс жұмысымен жан-жақты танысқан парламентшілер жобаның жүзеге асырылу барысында кездесіп жатқан кедергілер, шешілуі қиын мәселелер бар ма деген сұрау қойды. Станса құрылысына жауапты тұлғалар негізгі кедергі еліміздің кедендік қызметінен туындап отырғанын айтты. Халық қалаулылары кедендік заң жүйесінде «жасыл дәліз» секілді жеңілдіктердің бар екендігін, дегенмен оның жекелеген талаптарын, амал-шарттарын жауапты тұлғалардың қатысуымен бірлесе отырып қараған жөн екенін және Үкімет басшысына өз тараптарынан осы мәселелерге байланысты депутаттық сауал жолдайтындарын жеткізді. Сонымен, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойында Мойнақ су электр стансасының бірінші агрегаты іске қосылады. Ал екінші агрегат желтоқсан айының аяғында жұмыс істей бастайды деп жоспарланған. Келер жылдың мамыр айынан бастап Мойнақ ГЭС-і 300 МВт электр қуатын өндіру мүмкіндігіне толығымен қол жеткізеді. Болашақта ГЭС маңында шаңғы базасы соғылып, демалыс үйлері тұрғызыла бастайды. Тоғанда өмір сүруге бейімделген балықтар су қоймасына жіберіліп, бұл тек электр қуатын өндіретін экономикалық маңызды нысан ғана емес, ел тынығатын кішігірім туристік аймақ та болады. Осындай әлеуетті жобалар нәтижесінде энергетикалық тәуелсіздікке толықтай қол жеткізетін күн де жақындай түсетіні анық.
Қанат ЕСКЕНДІР, журналист. Алматы облысы. ------------------------------------- Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.