Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев Литва Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Рокас Бернотаспен кездесті.
Мейманды Парламент қабырғасында қарсы алған В.Рогалев елшінің Қазақстандағы қызметіне табыс тіледі. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағалығының тізгінін алған Литва еліміздің Балтық аймағындағы саяси серіктесі болып, экономикалық байланыс өріс алған. Екіжақты келісімдер жүзеге асырылуда.
Литва Сеймі мен Парламент Мәжілісі арасында жоғары деңгейде достық пен ынтымақтастық байланыстарға тоқталған комитет хатшысы В.Рогалев екі ел жемісті жұмыстар атқарып отырғанынан хабардар етті. «Литва 2014-2015 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынып отырғанына Қазақстан қолдау білдіреді. Алдағы жылдарда тарих екі елді халықаралық беделді ұйымдарға қатарласа төрағалық жасауды жазған екен, сол жолда өзара демеу танытайық», – деді.
Соңғы экономикалық әлемдік дағдарысқа қарсы отандық экономиканы тұрақтандыру жолында Литваның жасап отырған шараларын Қазақстан жоғары бағалайтынын да мәлімдеді.
140 ұлт пен ұлыстан тұратын мемлекеттегі ел бірлігі мен ынтымағы және Қазақстан халқы Ассамблеясы жайына тоқталды.
Елші әңгімені өзіне Алматыдан Астанаға Литва Республикасының елшілігін көшіру жауапкершілігі жүктелгенінен бастады. Екі ел Мемлекет басшылары Астана Саммитінде кездескені, ЕҚЫҰ-ға төрағалық тізгіні өздеріне өткені, алдағы күзде де осындай кездесулер күтіп тұрғаны жөнінде айтып өтті. «Орталық Азиядағы ең негізгі серіктесіміз болып табылатын Қазақстан мен Литва арасындағы экономикалық қарым-қатынас қарыштап дамып келеді», – деген елші өздері Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуропаға жол бағдарламасын» қолдайтындықтарын жеткізді.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.