14 Мамыр, 2011

Жылжымалы медициналық кешен – Аягөзде

417 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасының Қазақстан хал­қы­на Жолдауында адамдардың ден­саулығын жақсартуға, меди­ци­на­лық көмек көрсетудің тиімді әдістерін қолданып, іске сергек  қарау керектігіне ерекше назар ау­да­рылған. Шы­ғыс Қазақстан облы­сында бұл бағытта қандай істер атқарылып жатыр дегенге келсек, ауыл адамдарына меди­ци­налық көмек көрсету мақса­тын­да биыл төрт бірдей жыл­жы­малы кешендер сатып алынды. Жыл басынан бері бұл кешендер облыстың бірнеше аудандарында болып, адам­дарға тегін қызмет көрсетті. Атап айтқанда, жуырда Аягөз ауданына жылжымалы ме­ди­ци­налық қызмет көрсететін ке­шен келіп жетті. Ақшатау, бас­қа да ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Алғашқы күні жылжы­ма­лы кешеннің қызметін отыздан астам тұрғын пайдаланды. Жылжымалы дәрігерлік қыз­мет көрсететін кешен жеті бағыт бойынша жұмыс жасауда. Атап айтқанда, жалпы қабылдау бөлі­мінде адамдар денсаулықтарын дәрігерге тексертіп, гинекология және хирургия кабинеттерінде қажетті кеңес алуда. Лаборатория диагностикасы кабинеттері адам ағзасындағы глюкозаның мөл­шері, холестерин, био­хи­мия­лық қан мөлшерін анықтады. Сондай-ақ, тіс дәрігеріне қаралу­шылар қатары көп болды. – Ағзадағы қан құрамындағы қанттың мөлшерін кім анықтап көрген? Аягөз облыс орталы­ғы­нан шалғайда, сондықтан мүм­кін­дік аз. Абырой болғанда, қан­дағы қант сәл көтерілгені болмаса, қауіп шамалы екен. Демек, нан, тоқаш, тәтті тағамнан бас тартуға тура келеді, – дейді жергілікті тұр­ғын А.Сәбитова деген кейуана. – Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарына да жылжымалы ме­дициналық кешендер қызмет көр­сететін күн алыс емес. Об­лыс­тық бюджеттен биыл да дәрі­герлік қыз­метті жақсартуға жүз­де­ген мил­лион теңге қаржы бөлі­ніп отыр. Катонқарағайда жаңа аурухана пай­далануға берілді. Семей, Өскемен қалалары мен аудан орталық­та­рында да тұр­ғын­дарға сапалы қыз­мет көрсе­тетін орындар бар, – дейді об­лыс­тық денсаулық сақтау бас­қар­масының бастығы Е.Масалимов бізбен хабарласқанда. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.