Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында адамдардың денсаулығын жақсартуға, медициналық көмек көрсетудің тиімді әдістерін қолданып, іске сергек қарау керектігіне ерекше назар аударылған. Шығыс Қазақстан облысында бұл бағытта қандай істер атқарылып жатыр дегенге келсек, ауыл адамдарына медициналық көмек көрсету мақсатында биыл төрт бірдей жылжымалы кешендер сатып алынды. Жыл басынан бері бұл кешендер облыстың бірнеше аудандарында болып, адамдарға тегін қызмет көрсетті. Атап айтқанда, жуырда Аягөз ауданына жылжымалы медициналық қызмет көрсететін кешен келіп жетті. Ақшатау, басқа да ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Алғашқы күні жылжымалы кешеннің қызметін отыздан астам тұрғын пайдаланды.
Жылжымалы дәрігерлік қызмет көрсететін кешен жеті бағыт бойынша жұмыс жасауда. Атап айтқанда, жалпы қабылдау бөлімінде адамдар денсаулықтарын дәрігерге тексертіп, гинекология және хирургия кабинеттерінде қажетті кеңес алуда. Лаборатория диагностикасы кабинеттері адам ағзасындағы глюкозаның мөлшері, холестерин, биохимиялық қан мөлшерін анықтады. Сондай-ақ, тіс дәрігеріне қаралушылар қатары көп болды.
– Ағзадағы қан құрамындағы қанттың мөлшерін кім анықтап көрген? Аягөз облыс орталығынан шалғайда, сондықтан мүмкіндік аз. Абырой болғанда, қандағы қант сәл көтерілгені болмаса, қауіп шамалы екен. Демек, нан, тоқаш, тәтті тағамнан бас тартуға тура келеді, – дейді жергілікті тұрғын А.Сәбитова деген кейуана.
– Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарына да жылжымалы медициналық кешендер қызмет көрсететін күн алыс емес. Облыстық бюджеттен биыл да дәрігерлік қызметті жақсартуға жүздеген миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Катонқарағайда жаңа аурухана пайдалануға берілді. Семей, Өскемен қалалары мен аудан орталықтарында да тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін орындар бар, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е.Масалимов бізбен хабарласқанда.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.