14 Мамыр, 2011

Бар жақсылық отбасынан басталады

667 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордадағы «Ramada Plaza» қона­қ­үйінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен халықаралық отбасы күніне арналған «Берік отбасы – қоғамның тірегі» атты республикалық конференция өтті. Естеріңізге сала кетелік, халықаралық от­басы күні 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен 15 мамыр күніне бекітілген еді. Бұл күнді белгілеу әлем­дік қауымдастықта отбасының қазіргі жағ­дайы мен оның қоғам өміріндегі орнына, өске­лең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдау­шы­лық туғызуына орай жүзеге асқан болатын. Қазақстан Республикасының Президенті жа­нындағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстанның іскер әйелдер қауымдас­тығы­мен бірлесіп, Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткізілген конференцияның жұмысы да қоғамдағы отбасы рөліне арналды. Президент жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөнін­дегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбді­халықова конференцияның маңызы жай­лы айта келіп: «Бүгінгі күні мемлекеттік дең­гейде ірі бағдарламалар қолға алынуда. Оның ішінде денсаулық, білім сияқты әлеуметтік салалар да қамтылған. Ол жоспар­ларды жүзеге асыру ісі отбасынан бастау ала­тыны ақиқат. От­басының әрбір мүшесі осыған ерекше ықы­лас білдірсе жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Сондық­тан, конференцияны өткізудегі міндетіміз – еліміздегі отбасы құндылықтарын көтеру. Әсіресе, еңбекке деген сүйіспеншілікті дамы­тып, оны одан әрі жетілдіру», – деді. Конференция барысында «2006-2016 жыл­дарға арналған Қазақстан Республикасының ген­дерлік теңдігі» стратегиялық жоспары ая­сында атқарылып жатқан жұмыстар танысты­ры­лып, отбасы жағдайындағы мәселелер сарапқа салынды. Конференцияда ұлттық комиссия мүшелерінің ұсыныстары тыңдалып, отбасын­дағы құндылықтар жайы да назардан тыс қалмады. Толық отбасылар көп болатын болса, бақытты аналар мен бақытты балалардың саны арта түсетіндігі, әрбір ана баласын үш жасқа дейін үйінде отырып тәрбиелесе, бала­бақша жайы сияқты шешімін таппай жүрген мәселелердің  азая түсетіндігі айтылды. Аталған конференцияға дейін еліміздің бар­лық өңірлеріндегі «Ана мен бала» орталық­та­рында 20-ға жуық саябаққа гүл отырғызылып, ағаш егу ісі қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде перзентханалар маңайына 7000 түп ағаш пен 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, оған 3000 адам жұмылдырылған екен. Конфе­рен­цияға қатысушылар бұл күні  де «Ана мен балаға 20 сая­жол мен саябақ» атты акция шең­берінде Астана қаласындағы №3 перзент­хана­ның ауласына ағаш отырғызды. Шара соңында республикалық әлеуметтік маңыздағы «Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына «Ана мен балаға 20 саяжол мен саябақ» атты акцияның қорытындысы шығары­лып, жоба фотокөр­месінің тұсауы кесілді. Жұлдыз БАЙДІЛДА.