Осы арада бірден мәлімдей кету қажет. Мұнан былайғы жерде Алатау Ақпараттық технологиялар паркінің негізінде Инновациялық технологиялар паркі құрылмақ екен. Байқағанға, бүгінде бүкіл әлемде ғылыми-өндірістік кешендер, ондағы ғылыми-зерттеу орталықтары, білім мекемелері, инновациялық компаниялар мен жоғары технологиялық өндірістер бір жерде шоғырланған. Мәселен, оны Ресей Сколковода құрып жатса, Украина да өзінің инноқаласының іргетасын қалауда. Бұлар мемлекеттердің «миы» сияқты кенттер болып табылады.
Қазақстан да бұл бағытта құралақан емес. Ендігі жерде еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетінің артуына алғашқы кезектегі кешендер қатарында Назарбаев Университеті мен осы Инновациялық технологиялар паркі ілінеді. Әу баста, Ақпараттық технологиялар паркі болып құрылған бұл кешеннің келешегіне мемлекетіміз аз иек артып отырған жоқ. Оның үстіне осы «Ақылды қалашықтың» құрылысына да айтарлықтай қаражат бөлінді. Сондықтан да, жаңа инновациялық саясаттағы серпілістер мен шамшыл мақсаттардың негізі осы жерде қалануы тиіс.
Сонымен, алдымен Елбасының назарына Алатау ақпараттық технологиялар паркі ашық экономикалық аймағындағы жобалар ұсынылды. Инновациялық жобалар көрмесіне барлығы 74 инновациялық жоба қойылған екен. Стендтер төрт бағытқа бөлінген: ғылыми-зерттеу институттары, ірі бизнес, ұлттық компаниялар мен мұнай өндірушілер, сонымен қатар, шағын және орта бизнес. Бірден бүркемелемей айта кеткен жөн, ұсынылған жобалардың бәрі бірден Елбасының көңілінен шықпады. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы жеке тоқталып, кейбір инновациялық жаңалықтар бұған дейін көрсетілгенін көлденең тартты.
– Инновациялық елдердің алғашқы тобына қосылу үшін бізге қазірден бастап отандық инновациялық даму базасын жасау керек. Бізге инноваторлар мен креативті ойлай білетін қызметкерлер қажет. Барлық категориядағы: жоғары, атқарушы орта және төменгі кәсіби-техникалық мамандарды дайындауымыз қажет. Елімізде 20 интеллектуалды мектеп ашылды. Соның түлектері халықаралық беделді оқу орындарының студенттері атанулары тиіс. Еліміздің жоғары оқу орындары да өз деңгейлерін көтереді деген ойдамын, – деді Мемлекет басшысы. – Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі және ақпараттық-технология бойынша Қазақстан – ТМД елдерінде көшбасшы. Бұл саладағы жұмыс әлі де жүйелендіруді және қолдауды қажет етеді. Бізде инновацияға бөлінген қаражат жоғары технологиялық дамыған елдермен салыстырғанда 10 есе төмен. Қазақстанда ғылым осы уақытқа дейін өзіне өзі жұмыс істеп келді. Мұны тоқтату керек. Таяу жылдары әлем инновация бойынша 3 топқа бөлінеді. Әрине, біз де бірінші топқа кіруді қалаймыз. Бұл істе аутсайдерлер аз болмайды. Егер біз қазірден бастап жақсы жұмыс істесек, бірінші топқа кіруге мүмкіндігіміз бар.
Елбасы бірінші топқа кіру үшін қазір бізге инновациялық дамуда өз базамызды жасау қажеттігін алға тарта келіп:
– Бұл салада ең алдымен инноваторларды дайындауымыз керек. Кәсіби маман дайындау біздің негізгі міндетіміз болуға тиіс. Инновация техника мен технология ғана емес, сонымен қатар, басқару да болып табылады, – деді.
Осы орайда, Президент Қазақстан «инновацияны мемлекеттік стратегиялық міндет деп белгілегенін» қаперге салды.Соңғы 2 жылда елімізде инновациялық қызметті дамытудың құқықтық-нормативтік базасы жасалды. «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылданды. Қазір инновациялық қызметті қолдауға деген көзқарас өзгеруде. Сәйкес инфрақұрылымдар құрылды. Мәселен, 9 технопарк, 5 ұлттық орталық зертхана, 15 аймақтық зертхана жұмыс істеп тұр. Қазір әр облыстық университеттің зертханасы бар. Осыған қарамай, заманға ілесудің тағы бір тетігі ретінде Елбасы әрбір ұлттық компанияда, әрбір кәсіпорын мен зауытта ғылыми-зерттеу институты болуы керектігін ұсынып отыр.
– Мемлекеттік ғылыми институттардың тиімділігін арттыруымыз қажет. Бізде 1500-2000 өнертабыстық жаңалыққа патент алуға өтініш түседі екен. Бұл сан біз үшін өте аз. Бүгін инновациялық көрмеде ұсынылған 74 жобаның жартысы нағыз инновация емес. Барлық салада жұмыс жасауымыз керек. Оған әлі уақыт бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, келешегі зор мамандарға қомақты және ұзақ мерзімдік грант беруді ойластыру керек. Ол үшін үздік инноваторларды анықтап, Президенттік абсолюттік инноваторлар клубын ынталандыру және қолдап отыру парыз. Оны қазір-ақ жасауға болады. Әрбір ұлттық компанияда, кәсіпорын, зауытта ғылыми-зерттеу институты болуы керек. Оған олар қаржы бөлуі тиіс. Шетел инвесторлары кеңесі жұмыс істеп келеді. Табиғатты пайдаланушылар мен ірі бизнес және ұлттық компанияларды инновацияны қаржыландыруға тарту керек. Ұлттық компаниялар өздерінің инновациялық даму жоспарларын жасап, Үкіметпен келісуі қажет. Инновацияны дамыту қазақстандық қамтуды ұлғайтуға ықпал етуі тиіс. Үкімет инновациялық қызметтің тәуекелдік сипатын ескере отырып, оңтайлы заңдық ұйымдастыру үлгісін жасағаны жөн. Сондықтан, инновациялық дамудың ұзақ мерзімді, мақсатты стратегиясы керек. Бұл жерде мүлт кетпеуге тиіспіз.
– Көздеген мақсатқа жету үшін, – деді Елбасы, – әлі талай шаруа істеу қажет. Себебі, біздің қазіргі орнымыз талайдан ілгері болғанмен, алдымызда да үлгі тұтып, бой түзер қаншама ел бар. Атқарушы билік ғылым мен өндірістің басын бір қазанға сыйғызып, өз өндірістеріміздің өз ғылымымызға беретін тапсырысын көбейтуге жұмыс істесін. Бұл ретте басымдық берілуі қажет инновациялық бағыттар нақтылануы тиіс. Қазір әлемде ақша мен инвестицияға талас екінші орынға сырғыды. Тартыс ақыл мен білім, технология үшін жүріп жатыр. Жыл сайын ғылыми-инженерлік салада Қытай 500 мың, Оңтүстік Корея 200 мың маман даярлап шығарады. Ал бізде осы саладан шығатын азды-көпті түлектеріміздің үштен бірі ғана сол мамандықтар бойынша кәсіпке бет бұрады. Сондықтан, қазақтың кәсіби мамандарын барынша қолдау керек. Баяғы Сингапурде болған «қасқа бастар» бағдарламасы секілді шетелдің білікті ғалымдары келемін десе, оларды да мейлінше қолдау керек. Бұл бағытта қозғалыс бар, тек сол тоқырап қалмасын.
Елбасы Экономикалық даму және сауда министрлігіне инновацияны ынталандыру мен қолдаудың халықаралық тәжірибесін мұқият зерттеуге тапсырма берді. Сондай-ақ, трансұлттық корпорацияларды шикізаттық емес секторға тартуды оңтайландыру жайын айтты. Қазір әлемде тіркелген патенттердің 80 пайызы трансұлттық корпорациялардың үлесіне тиеді. Жоғары ғылыми технологияларды қаржыландыруда да олардың үлесі 80 пайыздан асады. Сингапурда 7 мыңнан астам трансұлттық корпорация ішкі жалпы өнімнің 30 пайызын қамтамасыз етеді. Қазақстанда олардың үлесі жоқ.
Қазақстан әлемдік рынокта өзінің лайықты орнын алуы қажет. Оны іске асыру үшін Президент 4 бағыт ұсынып отыр. Біріншіден, ғылыми-зерттеу базалары мен инновацияларды басқару жүйесін модернизациялау. Екінші – жер қойнауын пайдаланушы ірі бизнес пен ұлттық компанияларды инновацияларды қаржыландыруға тарту. Келесі бағыт – шағын және орта бизнеске инновацияларды дамыту үшін жағдай жасау. Президент тиісті органдарға осы мәселені де жіті тапсырды. Төртінші – «болашақтың инновацияларын» дамыту. Енді жоғары технологиялардың дамуына Назарбаев Университеті мен Ақпараттық технологиялар паркі де атсалыспақ.
Кеше сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев аталған міндеттердің барлығы заман талабы екенін, оларды іске асыруда білікті инженерлердің де маңызы ерекше екенін атап өтті. Енді үш айдың ішінде Үкімет «Индустриялық-инновациялық іс-әрекетті мемлекеттік қолдау» туралы заң жобасын дайындауы тиіс. Президент сондай-ақ өз ісінің майталмандарына ұзақ мерзімді гранттар беруді қарастыру қажеттігін айтты. Жақында қолға алынған «100 инновация» секілді «100 жаңа дарын», яки «100 мықты инноватор» деген гранттар ойластырылса құба-құп.
Елбасы табиғат байлығын пайдаланушыларды, ірі бизнес өкілдері мен ұлттық компанияларды инновацияны қаржыландыруға жұмылдыру керектігін талап етіп отыр. Тіпті, оларды заңдық тұрғыдан жалпы пайдасының 1 пайызын ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлуге міндеттеуге де болады. Үшіншіден, шағын және орта бизнесте инновацияның жаппай дамуына жағдай жасаған жөн. Бұл саладағы әлемдік тәжірибе мұқият зерттелсін. Қазіргі таңда әлемдік инновацияның қайнар көзі – шикізаттық емес саладағы трансұлттық алпауыттар. Әлемдегі заманауи патент атаулының және ғылыми-зерттеулерге жұмсалатын бүкіл қаржының 80 пайызы осылардың еншісінде. Сондықтан, оларды елге неғұрлым тарту керек.
– Мен барлық кезде бізге дәл қазір инженерлік кадрлар даярлауға баса мән беру қажеттігін айтып келемін. Бәрі юриспруденция, бизнес, экономиканы оқуға ден қояды. Біз бүгінгі таңда жүргізіп жатқан Қазақстанды индустрияландыруда өткен жылы 152 кәсіпорынды іске қоссақ, биыл жаңадан іске қосылатын 190 кәсіпорынға да инженер мамандар қажет. Насихат та осы бағытта жүруі тиіс. Мемлекет қаражатынан білім алып жатқан адамдарды да сонда апару керек. Тіпті әлемнің ең үздік университеттерін тәмамдаған болашақтықтар да қажетке сай таңдап алынып отырған жоқ. Сонда біз оларды не үшін оқыттық? – деп сауал тастады Президент.
Қысқарта айтқанда, инновацияның дамуы кез келген елдің болашағы үшін аса маңызды болып табылады. Сондықтан қазіргі заман барлық елдерді инновациялық бәсекеге түсуге шақырады. Елбасының талап етіп отырғаны да осы. Инновациялық ізденістердің игілігін қарапайым халық өз тіршілігінен көргенде түсінсе, ел экономикасы да осы бағытпен тіктеле түспек. Дамушы, сонымен қатар, индустриялы дамыған мемлекеттер де даму мен инновацияны қолдаудың ұлттық бағдарламаларын іске қосуда.
Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 5 жылдық мемлекеттік бағдарламасы (ҮИИДБ) іске аса бастады. Бағдарлама аясында 2015 жылға дейінгі инновациялық саясат бойынша ауқымды деңгейде өнеркәсіпті жаңғырту мен өзіндік технологияны дамытуға біртіндеп өту көзделген болатын. Жақсы мақсат та – жарым ырыс. Осылайша Қазақстанда 2015 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,5 есеге, 2020 жылға қарай 2010 жылғы деңгейден 5 есеге артпақ. Ал 2020 жылға қарай Назарбаев Университетінің негізінде өзіндік ғылыми мектептің өсіп шығуы үшін негіз қаланатын болады. 2015 жылға қарай Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингінде Қазақстан инновация көрсеткіші бойынша 101 орыннан 65 орынға көтерілетін болса, 2020 жылға қарай 50 орында болады деп күтілуде. Және 2015 жылға қарай инновациялық кәсіпорындар саны 10 пайызға, 2020 жылға қарай 20 пайызға жететіні көзделген.
Тізбектелген мұндай кеудесі мақсаттарға Елбасының кешегі талаптарын, қатаң ескертпелері мен ұсыныстарын толықтай жүзеге асырғанда ғана қол жеткізуге болатынын ғылыми қауымдастық терең түсінеді.
Қорыта келгенде, бұл форум Қазақстанның инновациялық өрлеудің нақты әрекеттер кезеңіне өтуге дайын екендігін аңғартып өткенін айтуға тиіспіз.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.