Алты ай қысы арқырап тұратын Арқамен Бетпақдала арқылы жалғасып жатқан Созақтың құдай қосқан көршісі Бәйдібек ауданы да табиғаты қатал өңірлердің қатарына жатады. Сарыағаштағыдай үй басы жылыжай салу шаруа үшін қып-қызыл шығын.
Әйтсе де ауданның ортасынан кесіп өтетін, бір ұлып соқса өкпесі өшкенше өршеленетін атақты Арыстанды Қарабастың желінің пайдасы да бар екен. Аудан әкімі Райымбек Жолдас пайда-зиянын есеп-шотқа салып қойған, миықтан күледі.
Айтқандай, зияны аздау, пайдасы көптеу. Облыс әкімдігі “Нью Смари Тнезджи” серіктестігі және “KEGOC” АҚ арқылы үш жақты меморандумға сай Жамбыл ауыл округінің жер көлемінен 700 га жайылым жер телімдерін жел электр стансасын салу мақсатында ресімдеп беріпті. Осындай құрылыс республика бойынша бес жерде ғана салынған екен. Ол пайдалануға берілген жағдайда тәулігіне 42 мегаВатт электр энергиясын өндіреді. Ал, аудан әкімі ауданға керегі 3,5 мегаВатт дейді.
Сонда бүгінге дейін елдің жүрегін май ішкендей кілкітіп келген Арыстанды Қарабастың желінің пайдасы мықтап тигені ғой. Құдай қос көрсе, осы электр энергиясы Бәйдібек ауданы сияқты оншақты ауданға жетеді екен.
Ауданнан бес шақырым қашықтықта жатқан Жамбыл ауылына бардық. Әу бастағы мақсатымыз мал бордақылап жатқан “Рысбек-Нұр” ЖШС-інің жағдайымен танысу еді. Жолсерігіміз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Әлімжан Бекболатұлы зерделі, іскер жігітке ұқсайды. Ауданнан шығаберісте мақсары майын сығатын шағын зауыт бар екен. Бастығы монополистеу. Өйткені, жалғыз зауыт болғандықтан, аудан диқандары мақсарысын осында әкеліп өткізеді. Монополистеу бастық мақсарыны бір сығып алған соң облыс орталығындағы ірі май зауытына апарады екен. Шыны құтыға құюға, жәшікке салып сатуға шығаруға.
“Мақсарыны аудан бойынша мен ғана қабылдай алам, бәсекелес жоқ деп жүрсің-ау. Бір күні осы ауданнан шыққан, ірі шәрде тұратын бір байшыкеш бір май зауытын ауданнан ашса, сен далада қаласың ғой. Несие алып, өзің неге цех ашпайсың”. Монополистеу бастық Біләлов Бейбіт сөздің астарын түсініп шошып кетіпті. Қазір несие алам, цех ашам деп шапқылап жүргенге ұқсайды.
Осындай әңгіме айтқан Әлімжанның өзі де қаражаяу емес. Мектеп бітіргенде отыз жасыма дейін бизнеспен айналысамын, отбасымды толық қамтамасыз еткеннен кейін мемлекеттік қызметке келемін деп өзіне берген уәдесі бар екен. Орындапты. Отыз бір жасында мемлекеттік қызметке келген. Алдына мақсат қоя алатын, ойындағысын орындайтын жігіттің осы қызметке келгені бізге де ұнады. Әкесі Ысқақов Бекболат ақсақал Ленинградтағы мал шаруашылығы академиясының түлегі. Кеудесін ұрмайтын жан ауданнан ұзамай, мал дәрігері қызметін атқарып, зейнетке шыққан. Мал жағдайын жақсы білетін, ауру-сырқауынан тез жазатын маманды кәсіпкерлер қоя ма. Мың бас асыл тұқымды өгізді бордақылауға қойған “Отырар өнімдері” ЖШС жұмысқа алған.
Мал бордақылап жатқан “Рысбек-Нұр” ЖШС-іне келдік. Шаруашылықты жүргізуші Әбдірайымов Серікжан жап-жас жігіт. Екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген, ішкі істер бөлімі мен журналистік қызметті де көрген жігіт бір күні таңғы ұйқыдан тұрғаннан кейін бірауық ойланыпты. Қарап отырса жүрісі көптеу, тындырғаны аздау. “Мұным болмайды” деп қаламен қош айтысып, туған ауылына келген. Ауыл сыртынан жер алып, қора салған. Бір жақ бетінде 80 бас ірі қара, бір жағында 50 бас жылқы байлайды. Уақ малға бөлек қора салынған. Бір жылда 200 бас сиыр, 100 бас жылқыны бордақылауға қояды. Шаруашылық жанынан шопанға, күзетшіге үй, өздеріне кеңсе салған. Мал сою цехы бар. Оның сыртында жемқойма, гараж сияқты қосалқы шаруашылықтары бар. Малды ауылдан сатып алады. Бұрындары бір жылқы 150 мыңдай болса, қазір 230-250 мың теңгенің үстіне шығып кеткен. Жылқы бағымда екі ай, өгіз тоқсан күн тұрады. Қорегі – бидай, құрама жем. Ірі қара жоңышқаға байланады. Сайрам ауданындағы өзбек ағайындардың мал бордақылаумен даңқы шыққан. Бордақыларының жонынан маса тайып жығылғандай. Бір ет, бір май. Бірақ, олар ірі қараны шрот, күнжара, мақтаның қауызы, кебек сияқты арзандау қалдықтардан быламық жасап азықтандырады. Ал Серікжанның бағымындағы малдардың қорегі балауса шөп, құрамажем болғандықтан тойға, сойысқа мал іздегендер көрші аудандардан арнайы келеді екен.
Жамбыл ауылының жері жаңбыр жаумаса жұтаңданып қалады. Сондықтан, жемшөп көбіне сатып алынады. Әр бордақыдағы малдан екі айда 30-50 мың теңге аралығында таза пайда алады. Бұған да қанағат. Негізі шаруашылықтың басшысы – Шардарбекова Іңкәр ханым. Қожалықтың қырда өз малы бар. “Бәйдібек несие” серіктестігінен 20 млн. теңгедей қаржы алған. Жылдық өсімі 7 пайызбен. Онсыз құлашты кеңге сермей алмайсың. Ауыл жағдайында бір малмен шектелуге болмайды. Пайданың түрлі көзін іздеп көру керек. Серікжан мырза сөйтіпті. Шаруашылығының бір жағына жеміс ағаштарын еккен. Алма, нәк (алмұрт), шабдалы сияқты. Енді жылыжай салу әрекетінде.
Әңгімеге ауыл әкімі Ахметов Күмісбек араласқан. “Мұнда келген адам бір қолына ет, бір қолына помидор ұстап шығады” дейді. Айтып тұрғаны дұрыс. Бұрын табиғаты қаталдау Бәйдібек ауылында қияр, помидор өседі десе ел сенбес еді. Ынта, жігер болса бәрі де мүмкін екен.
Тек Серікжан сияқты жігіттерге серік болатын азаматтар ауылға көп керек.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы.