Астанада шағын-футболдан балалар және жасөспірімдер арасында «ҚазМұнайГаз» кубогы үшін қалалық турнир басталды.
Жексенбі күні Астана қаласындағы № 28 орта мектептің спорт алаңында басталып, еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізіліп отырған турнирдің ұйымдастырушылары – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Қазақстан Футбол федерациясы, Астана қаласы білім басқармасы мен «Шығыс» балалар мен жасөспірімдер орталығы.
Турнир елімізде бұқаралық спортты дамыту және балалар мен жасөспірімдер футболын көпшілікке дәріптеу мақсатында өткізілуде. Шараға 2000-2001 жылдары туған Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 80 оқушысы қатысуда. Турнирдің ашылу салтанатында командаларды «Қаз МұнайГаз» АҚ бизнесті қолдау жөніндегі басшы менеджері Серікбек Елшібеков, Қазақстан Футбол федерациясының атқарушы директоры Әлия Дүйсекеева және басқалар құттықтады.
Биылғы жылы мұндай турнирлер ҚМГ еншілес компаниялары «ҚазТрансГаз» АҚ және «Қаз- ТрансОйл» АҚ қолдауымен Шымкент және Павлодар қалалары мектеп оқушыларының арасында да өткізіледі. Қалалық жарыстарда бірінші және екінші орын алған командаларға республикалық финалға жолдама беріледі. Бұл турнирлерді «ҚазМұнайГаз» ҰК көп қызметті спорт алаңдарында өткізу жоспарлануда. Құрылыс бағдарламасына сәйкес 2010 жылы ҚМГ және оның еншілес компаниялары – 29, Астана қаласында – 10, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында – 10, Шымкентте – 3, Павлодарда 5 спорт алаңының құрылысын аяқтады. Биылғы жылы Алматы қаласында – 5, еліміздің басқа да аймақтарында 15 спорт алаңын салу жоспарланып отыр. Спорт алаңының құрылысына қолданылатын материалдар мен технологиялар экологиялық, санитарлық-гигиеналық, өртке қарсы және басқа да ережелер мен талаптарға сай келеді және спорттық жамылғыны кәсіби түрде орнату көзделуде. Футбол алаңындағы жасанды көгал FIFA және UEFA-да сертификатталып, аттестациялаудан өткен.
Қалалық турнирде жеңімпаз атанған, екінші және үшінші орын алған командалар «ҚазМұнайГаз» кубогымен, дипломдармен және тиісті дәрежедегі медальдар және естелік сыйлықтармен марапатталады.